Қатонқарағай-4 бөлім.

09 Марта 2017 0 533

Бие сауып күбі піскен шаңырақ.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат. Жасыл желек майса шөпке көмкерілген жер ана, сәбиін бауырына алған жас анадай жазира кейіпке енуде.  Сұлу табиғат төсінде ата – баба жолын жалғап бие сауып, қымыз тасып Қатон жеріне табаны тиген жамағатқа жылы жұмсағын ұсынып, қымыздың қадірі мен қасиетін, емдік ерекшелігін насихаттап, бетегелері биік, қараған жанның белі талар аспан көгіне ұмтылып ұлыған қасқырдай көкке қарай телмірген тау сүлбесі мен тау баурайында үйір саумалы бие ұстап отырған Темірбек  ағаның жайлауына келіп түстік.  Бал қымыз болсын, сары қымыз болсын биенің иінін идіріп, бабына келтіріп сауғышқа саумайынша тәтті қымыздың дәмі тілді үйіріп, таңдайды таңырқатпасы анық. Осы мақсатта бие сауым сәтін көзбен көрмекке асықтық. Атам қазаққа көшсе көлік, еті ас, сүті сусын болған қамбар ата тектісі жайлы тіс жармау сөгеттік болар. Қатон қарағайдың көк шүйгінді шөбінен оттап, иіні жұмсап, емшегіне қымыз тола келген биелерді көзімізбен көріп, адам қолы тиісімен иіп кете барған биелер Қатон Қарағайдың таудан құлай аққан сарқырамаларындай сарқылмастан сауғышқа төгіліп жатты. Қымызды ашыту үдерісін көзімізбен көруге мүмкіндік алдық. Алдымызға келген қымыз адал еңбек, маңдай тердің жемісі. «Құмырсқа сойсада қасапшы сойсын», деген баба сөзі тегін айтылмаса керекті. Қымыз ашытудың қырымен сырын жетік меңгерген Бөленханов Темірбек аға мен Дана жеңгей қас қағым сәтте биенің желінінен жаңа шыққан көпіршігі тасып, ыстығы бұрқыраған қымызды, бабын жасап ашытпақ үшін күбіге пісуге әкетті. Темірбек аға мен Дана жеңгейдің бапталған балдай тәтті бал қымызын, ішуге асығып, тізе бүгіп дастарханға жайғаса кеттік.

 

Берел филиалы.

Өмірдің құла ағысындай өміршең өзен бұрала жол жағасында ағып жатты. Темір тұлпарды тебініп, биікке қарай өрлей  Берелге қарап жүріп отырдық. Жолымызда «мені көрдің бе, мен сұлулық көркі» деп өзара сұңғыла бой, сұлулығымен көзтартар ақ қайыңдар  тереземізден телміріп, тілекшіміздей  жол серігімізге айналды. Қиыршықты қара тастарды қари жүре отырып, Берелге де келіп жеттік.  Ағаштан өрнектеліп жазылған «Берел» деген тақтайшаны көре көңілімізді қуаныш кернеді. Орманға жанашыр болып, табиғат ананы қорғап, түздің тілін ұғынып, ат мініп,  елдің берекеті мен табиғаттың тынышын ойлаған орманшылар қызмет бабына сай өзара пікір алмасып, ақыл –кеңес сұрасып бір әкенің перзентіндей татулық пен сыйластықты ту қылып, көрер көзге құрыш қандырды. Бұл филалдың өзге филалдардан артықшылығы мен өзара ұқсастығы да бар. Табиғат ананың сақшысы болған Берел офисінің директоры Қоңырбаев Аян осы филиалдың тыныс – тіршілігін, аумақтық бөлінісін бізге жіті түсіндіріп берді. Әр таңды жекелеген тапсырмалар алу арқылы, нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізетін филиал қызметкерлері өздерінің алған жекелеген тапсырмаларына қатысты әріптестерінен ақылдасып, пікір алмасып жатты. Орманға төнер бірден – бір қауіп тілсіз жау өрт. Өртке қарсы Берел филалының бар құрал – сайманы сақадай сай. Тіптен әр таңда өрт сөндіргіш көліктердің техникалық ахуалы тексеріліп, өрт болған жағдайда дайын болу үшін алдын ала дайындықта жасалады. Орман ішін аралап, орман тіршілігін бақылар бақылаушылардың бәрінің дерлік рациялары бар. Бұл орталық пен тікелей байланыс, қандай да бір қиын жағдай туындаса оның жеделдетіп алдын алу үшін аса маңызды. Қатонқарағай ұлттық мемлекеттік паркінің директорыда Берел филалының қызметкерлерімен жиналыс өткізіп, қандай да бір қажеттілік пен кетіп жатқан кемшіл тұстарын айтып, филиал тіршілігіне қатысты пікірін ортаға салуда.

 

Арасан сарқырамасы.

Көзсіз суретші кім десе табиғат деріміз анық. Құдіретті қыл қалам шебері болсада, Қатон қарағай жеріндегі жер ана төсіндегі жәннат мекенді ақ қағаздың бетіне айна қатесіз қаттап, өрнектей алмасы анық. Арасанға барар жолда бетегелі биік шыңдар мен алыптың өзін әуреге салар алып қой тастарды көрдік. Мені қатты таң қалдырғаны жартасты жарып өскен ақ қайың. Өмірдің қиындығына мойымай тасты жарып, көгеріп, көктеп тұрған ақ қайың сөзсіз адам баласының өзіне үлкен үлгі. Жартас үстінен мен мұндалап, көрінген жалғыз қайың адамға үлкен күшпен жігер беріп, жол ауырлығын жадыңнан шығарып өмірге деген құлшыныс пен күш берердей қасқайып тұрғаны. Иіріліп аққан иіні жұмсақ Арасан сарқырамасы. Бір қарағанда жай ғана жер бауырлап ылди аққан бұлақ болып көрінгенімен екпіні тас құлатардай бес құлаш жерден құлай ағуда. Арасан сарқырамасының бір кездерде тас құлатар екпіні болғаны ма кім білсін, сарқырама сағасының барлығы дерлік Толағай көтерер қой тастармен көмкеріліп жатыр

 

Алыстан ағарған Мұзтау.

Мұзтау - Алтай тауларының ең биік шыңы. Мұзтау - «Алтайдың алтын таулары» бүкіл әлемдік мұрасының бір бөлігі. Мұзтау Ресей мен Қазақстан шекарасы бойымен көтерілетін екі шыңнан тұрады. Дәл осы қос шың Қытай мен Моңғолия шекарасын да бөле орналасқан. Екі шыңның шығыс жағындағысы батыстағы шыңнан биіктеу болып келеді. Міне, дәл осы аты аңызға айналған Мұз Тауға табанымыз тимесе де алыстан ағарандаған сұлбасын көруде біз үшін арман болатын. Шыңынан қар кетпеген, ұшар биігіне құс жетпеген қазақ даласындағы киелі таулардың бірі міне осы Мұзтау.

 

Рахман қайнары.

Аңыз бен ақиқаттан құралған Рахман қайнары. Бізге жеткен аңыз бойынша Рахман деген қарт аңшы маралды көзге атып құлатады. Жартастан құлаған марал осы қайнарға құлаған деседі. Қайнарға құлаған марал әлде бір тылсыммен су ішінен құлан таза айығып шығыпты. Сол сәттен бастап бұл қайнардың суының емдік қасиетінің бар екенін бар бұхара біліпті. Сонан бері аяқ, буын, бел т.б. дертіне дауа іздеген адамдар осы Рахман қайнарына келіп шомылып, дертінен айығып, аурудың азабынан азат болады екен. Қатон қарағай өлкесі тұмса табиғатымен ғана емес сан түрлі сарқырамаларымен де таңдай қақтыруда. Оның бірі Рахман қайнарына құлай аққан сарқырама дәлел. Рахман қайнары келушілерге өте қолайлы орын. Судың мөлдірлігі су табанына тасталған тастың өзі көзге көрінеді. Ал, су бетіне салған суреттей Рахман көлді қоршаған тау мен жайқалып өскен ағаштар көл бетінен көрінеді. Тұнықтық пен тазалығы жан құмартқан ғажап мекен.

 

Қос бұрымды орманшы.

Жәннатқа жаңылып тұскен жандай жан –жағымызға тамсана қарап, темір арбаның доңғалағы тиген тастардың әсерінен селт етіп жатқанымыз болмаса, бейне бір түсте жүргендейміз. Манаурай мүлгіген тау сілбесі мен тау етегінде орналасқан ауыл ғана ақиқаттан алыс кетпесіміздің дәлелді дәйегі болып көрініп тұр.  Кенет кішкене ғана ағаш үйдің маңынан жақын қалғанымызда жол кедергісіне тап болдық. Алдымызда біз таңдай қағып тамсанған, манат матадай көңіл ойын ұрлаған Қатон қарағай орманының сақшысы. Жаны нәзік, жолы жіңішке, жүрегі орман арашасы болған ару – орман сақшысы. Бұл күзетті қыз баласына сеніп тапсыруда орынды. Ақыл мен іс шешіп, қауіптің алдын алып отыратын жауаптылық жүгін арқалаған  жан. Бізді де тоқтатып, жолға шығуымыз бен рұхсат қағазымызды мұқият тексерді. Міне осыдан соң ғана сапарымызды жалғап, көзден ұзай бердік. Алдымыздан «Тропа Белая Берель» деген тақтайша шықты.  Бұл орманшылар мекені. Мұнда кім келіп, кім кеткенін журналға белгілеп, адамнан келер қауіптің алдын алып, туристерге де орман қауіпсіздігін түсіндіріп отырады. Орман қызметкерлері қызмет бабы бойынша өзара кеңесіп, ұжымдасқан тәртіпте қызмет көрсетіп жатты.

 

Қараайырық сарқырамасы.

Сайын даланы жаңғыртып, тауды қақ бөле екі айырып сатылай ағып жатқан Қараайырық сарқырамасы. Әлде кімнен алары бардай екпіндене құлап, қой тастарды құшағына ала тау беткейімен төмен ылдилап ағып барады. Жай бір ағын емес ат тұяғының дүбіріндей даланы жаңғыртуда. Жаңғырығы мен тау тербеткен асау саркырама қара тасты қақ жарардай қаһарланатынын қайтерсің? Қара тасқа еткен қастығы бардай, толқындарының өзі тепсініп келіп құлайды. Ұзатылып бара жатқан бойжеткендей таудан томен құлап, жылап агарын нетерсің? Қыз мінезді құбылмалы, сырылы Қатон қарағай орманы санамызда сақталып, алғашқы шықтай жанарымызды жауын алды.

 

Қаракөл көлі.

Қызарып батқан қызыл күн, ағарып атар алтын таңға өз ісін аманат ете, тау бөктеріне жасырынып жатты. Тұман басқан көл беті, көл бетіндегі ғажайып тау көрінісі. Мөлдір, тұнық табиғат. Мұқағали жырына себеп болған айдын көл құдіреті осы. Қасиетіңнен қазақ топырағы. Ертегі еліндей есімізді алды. Тұман арасынан тізбектелген, тау жоталары ұйқыдағы батырдай сілескен қалпында, алыстан сұс беріп тұр. Сілем таулар тұрғанда көл тыныштығын ешім бұза қоймас. Жаратқанның өзі жаратылысынан қорған қылып, тау берген Қара көл әсте қасиетті көл болуында деп түйдік. Атырапты тұмшалаған тұман бірте –бірте сейіле басталды. Жауға қарсы аттанардай сап түзеген ағаштар, жасыл желегімен өзгеше кейіптеле бастады. Алтын балықтың қабыршығындай көлбеті алтынданып, алты қат аспан үстінде жүргендей кейіпте болдық. Ғашығына ұрлана қараған бозбаладай бозарып таңда атып келеді. Көл бетінде жалғыз сақшы. Ағаштан жасалған үйшік. Көл бетінің ғаламаты мен сыйқырын кеудесіне сыйдырып тұрған жалғыз куәгер. Куәгерден кәулік алайық, көлдің бетін жадымыға сақтап қалайық деп катамаран теуіп, көл бетінен жүзіп өттік. Табиғатына адам түгілі, аспандағы ай мен көктегі күннің көзі сүйсінетін, сұлу мекеннің сұлулығын сақтап, орман өмірін айшықтап отырған аптал азаматтар әрине – орманшылар. Бір бәйтеректің бұтағындай, тамырлас тату қызметтестер өмірі мен тамсанған Қатонның қалың орманындай бірлік пен татулықты ту еткен жандар екен. Маңдай терін қара жерге сауып, бейнеті мен зейнетін көтеріп жүрген ерлерді естелік суретке түсірмеу қателік болар.

 

Ағаш көпір.

Ашуы қатты асау өзен. Өмір сынды тентектігі мен тектілігі, өжеттілігі мен өшпенділігі мына бір көпірдің өміршеңдігінің кепілі. Адамдарға қызмет ететін бұл маңдағы жалғы көпір. Тіршіліктің нышаны болып табылатын бір белгі. Бұл көпір өз тарихында қылышынан қан тамған кеңестік үкімет пен қой үстіне бозторғай ұя салған егемендіктің көзін көре өз тарихынан мағлұмат тарта үнсіз жатыр. Иіні ағаш болғанмен төзімі темір бұл көпір адамдар арасындағы қарым –қатынас көпірі.

 

Рафтинг.

Туризмнің дамып келе жатқан бір түрі рафтинг. Үрмелі қайықпен көл бетінде жүзе жүріп, сұлу табиғатты тамашалау. Салауатты өмір салтын ұстанып, табиғатты жақындасу. Туристерді тартудың, бір жолы. Спорттың осы бір түрін Қатон қарағай жерінде дамыту үлкен ерлік пен жаңашыл бастама. Осы бастаманың басы - қасында болып, игілікті іс жасап отырған нағыз азаматтар – орманшылар. Өз өмірімде қайықтың мұндай түріне отырып, көрмеген соң қайықты үрлеп жатқанда қайыққа отыруға құмартқанымен, көл бетіне ескегіміз тиіп, жүзе бастаған сәтімізде бойымды бір қорқыныш биледі. Толқынға қарсы жүзіп, ағысты бағындыру оңай еместігін өз тәжірибемнен аңғардым. «Кемедегінің жаны бір», - болғанымен ойы басқа. Қайық ішінде бірі қуанып, қазіргі тілмен «адреналин» алып жатса, енді бірі үрейін жасырмай айқайлапта жатты. Қайықтағының бәрінің күші ортақ. Ескекті есе, алға жылжи бастадық. Бұл қайықты жекелеп емес, өзара татулық арқылы ұжым болып есу керек. «Білектің күші – бірлікте», - деген сөз сыры міне осы

 

Берел қорғандары.

Тау бүккен сырды, жер анада бүгері анық. Жер көтерген шындықты, уақыт өте археологтар ашып, ақиқаттың ақтаңы ашылып, шындықтың шыңын көрсетіп, аңыз бен ақиқаттың аражігі айқындалып, қазақ тарихының жаңа бір беті, жаңа бір тарихы актарылды. Осы бір тарихи орынды, мың жылдықтықтартан сыр тартар оба жайлы баяндамасыма болмас. Естіген құлақта айып жоқ. Көрген көзде кінә жоқ. Естіп құлақ қандырғанша, бір көріп, жан тынышталғаны дұрыс. Бізде тау етегіндегі жазықта орын тепкен Берел обасына ат басын бұрдық. Бұл сақ дәуірінің бірден бір бізге жеткен жәдігері. Бұл өлкеде мұндай обалардың жиі кездесуі табиғаттың тым суық болып, қардың қалың болып жауғаны мұздықтардың әсерінен жерленген мазарлардың сол қалпында сақталуы яғни бізге бүтін болып келуінің сыры осында.

 

«Димаш» марал шаруашылығы.

 Сансыз жанның дертіне дауа болып жүрген пантамен емдеу әдісі. Медицинаның осы бір саласы марал мүйізінің кеуекті затынан алынған биологиялық белсенділігі жоғары табиғи өнім, дүниежүзіне танымал және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің халықтық медицинасында 2000 жылдан астам уақыт қолданылып келсе, күні бүгін қазақ даласында, қазақ медицинасында да буыны бекіп, қанат жайып өркендеп келеді. Пантамен емдеу мерзімінен бұрын қартаюдың алдын ала, иммундық жүйені нығайту, күйзелістен арылту, жүйке жүйесін қалпына келтіру, организмнен қождарды шығару ем-шараларын жүргізуде тиімділігі жоғары әдіс, сондай-ақ құяң, буын аурулары, атеросклероз, физикалық және жыныс әлсіздігі, жүрек ауруларымен күресуде қуатты табиғи құрал.  Пантамен емдеудің артықшылықтарын ескеріп дерті жанына батқан жандарға дерттеріне дауа тарту етіп отырған Димаш пантамен емдеу орталығы. Мұнда біз маралдың мүйізін кесу, онан қан алу үдерісі барысына куәгер болдық. Бұл кесіліп алынған мүйізді елімізде соны мен қатар шет елдерге экспорттайды. Бұл өз кезегінде ел экономикасын көтеруге, халықтың әл – ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.

 

 Бірлігі бекем берекелі ұжым.

«Бірлесе көтерген жүк жеңіл», -  деуге сай айтылған экологиялық  ағартаушылық қызмет пен табиғи – қорық қорларының обьектілерін ғылыми – зерттеу, қорғау жұмыстары бойынша бұл қорық Ресей, Германия, Голландия сынды т.б. мемлекеттерімен терезесі тең дәреже де өнімді еңбек етіп отырған үлкен мекеме. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтың – ұйымына мүше ұйымдар саны қазақстанда 5-еу болса, сонын бірі Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Жасыл табиғатты жайқалтып, табиғат ананың сәнін келтіріп отырған әрине өз ісінің мамандары. Жақсы  маман – жақсы нәтиже мен жетістіктер кепілі. Жас келсе іске деп жаста болса өз істерінің қыры мен сырын бүкпесіз білетін мамандар Қатон қарағай табиғи паркінің бірден бір жауһары. Мамандықтың жаманы жоқ. Бәрі қоғамға өзінше пайда әкеледі. Біріне – бірі себепкер. Орманшылардан өзге Қатон қарағай табиғи паркінің жекелеген офис бөлімдері бар. Орманды қорғау және өндіру бөлімі. Бұл бөлімде орманға залал келтірер өрт пен судан, адамдардан қорғау, ағаш егу, олардың өсіп жетілуін қаматамассыз ету. Өз ісіне берік маман таңдау, олардың білімі мен біліктілігін сараптау кадрлар бөлімінің негізгі міндеті. Орман тағдырына тікелей жауапты жандарды таңдау, орман тағдырын таңдау. Заң бөлімі Қатон қарағай паркіне қатысты туындаған мәселелерге заң тұрғысынан кеңес береді. Осы арқылы заңмен қорғап отырады.  Ал, ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөлімі парктің экологиялық жағдайына мән бере, зерттеу жұмыстарын жүргізуде ғылыми қырағылық пен ақпартпен қамтамассыз етуді көздейді.  Туризм бөлімі табиғи паркке ішкі және сыртқа туризм арқылы көптеп туристерді тарту. Бірақ, түйіннің бәрін шешер қаржы және ұйымдастыру бөлімі. Адам организімінің атқарар қызметі әр түрлі болғанымен бағынары жүрек пен ақыл. Осы мекеменің жүрегі болып, оның өсу мен өркендеуіне, әлемдік деңгейге шыға қазақ халқының емес ЮНЕСКО –ның мақтанышы болуы әрине басшылыққа тікелей байланысты. Айрандай ұйып, жұдырықтай жұмылып, арқандай өріліп бір ізділікпен жемісті жұмыс жасап отырған үлкен ұйым басшысы – Ерлан Қабылұлы Мұстафин. Ол кісінің күн тәртібі өзі басқарып отырған мекеменің абырой мен өркендеуі үшін атқарылар істердің көзін табу.  Ақтарылар шаруалар легін өз саласының мамандары мен кеңесіп, әріптестердің ой –пікірін ортаға салып, таразы басын тең ұстап әз билігін айтып өз ұжымын әділ басқарып отырған тұлға. Ерлан Қабылұлы Мұстафин – өз ұжымының ғана сый құрметіне бөленген жан емес, сонымен бірге шет елдер мен ел басшымыздың алғыс хатын алып, алғысқа бөленген жан. Әкімшілік жиналыс барысында кетіп жатқан кемшілікті ғана емес, жеткен жетістіктерді де мақтаныш пен айтып бөлімдердің барлығының артықшылығын ескертті. Жиналыстан соң өзара естелік суреттерге түсіп, бұл күннен бір тарих жасады. Өзен мен көлді, тау мен тасты, өсімдік пен жануарларды, ағаштарды туғанындай көріп, табиғат анаға сүйіспеншілікпен мейір төккен жандар мекені болған Қатон қарағай мемлекеттік қорығының ұжымымен қоштасып емес қайта келіп көрісуге серттесе қоштастық.

 

 

 

Қорытынды.

 Алты күн ішінде жердегі жұмақ һәм жұмбақ мекен Қатон қарағай жерімен танысу тым аздық етеріне көзіміз жетті. Сұлу табиғатқа сүйсініп, жүректен орын берген әзиз мекен табиғатты сүйер жан үшін таптырмасы анық. Жердің құнарлысын, күннің арайлысын, шөптің шүйгінін, судың мөлдірін, балықтың тұшымдысын, қымыздың балын, балдың падишасын, пантоның шипасын көрем десең Қатонқарағайға келу керек деп шештік. Мұнда бәрі табиғи. Бәрі шынайы. Қоспасыз алтын, көп қайнарлы, сарқырамасы сансыз өлке. Біздің табиғатпен қоштасуымыздың өзі табиғи қоштасу болды. Қатон қарағай жерінен паромға мініп қайттық. Айдын көлдің үстінде жүзген алып паром өзге бір мемлекетте жүргендей сезіндірді. Паромға мініп Өскемен қаласына жеттік. Өз өлкеміздегі құдіреттер мен қасиеттерді, құндылықтарды бағалау басты міндетіміз. Адамзаттың алтын жауһары, бағаланбас байлығы – табиғат. Табиғатымыз табиғи қалпынан ажырамасын.  Жер жұмағы – Қатон қарағай мекені.

Өлкетанушы:  Сыздық Ерлан



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-3 бөлім.

«Қатонқарағай» ұлттық мемлекеттік паркінің шығысында орналасқан «Өрел» орманшылығына да келіп жеттік. Орман өмірі – кім - кімді де бей жай қалдырмасы анық. Жаныңа қуаныш сыйлап бақытқа бөлейді

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

20 Августа 2017 20:00

Ото всюду обо всем: парк Гуэль

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram