Қаратау қорғаны немесе Бимахан Оразбақұлы жайлы бір үзік сыр.

18 Января 2017 0 727

Қаратау қорғаны немесе Бимахан Оразбақұлы жайлы бір үзік сыр.

 

   Топырағын түртсең тарих сөйлейтін қасиетті шаһар Түркістанда таң арайлап атып келеді. Мейлінше төгілген күн сәулесінің қызуымен көне қалада бұғып жатқан шежірелі тарих тіл қатардай елеңдейсіз. Кенеттен баһадүр бабалар даланы дүбірлетіп өте шығатындай әсерге бөленіп, алабөтен күй кешесіз. Тоғыз жолдың торабында жатқан Түркістанның табалдырығын біздер осындай көңіл ауанымен аттадық. Түркістан – аңыз бен ақиқаты астасқан қастерлі мекен. Байтақ даламызда дүркіреп өткен даңқты бабаларымыздың бүгінге жеткен жанды мирасын осы аймақтан көре аласыз. Мұнда даналардың данасы Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз мәңгі тыныстап, ұрпағын рухани қуатпен азықтандырып жатыр. Бұл жер қабырғалы Қазақ хандығының астанасы ретінде елдің айбарын көтеріп тұрған шоқтығы биік өлке.  

Қаратау – Түркістан алқабының және бір қасиеттісі ретінде дәріптеледі.  Көне қаланың нақ бір жел жағына пана болайын дегендей кейіпте, шөккен түйедей жоталанып жатқан Қаратаудың қойнауы ежелден қазынаға толы. Туған жерге туын тігіп, алқапты нулы орманға айналдырған еңбек торысы – Бимахан Оразбақов  ақсақалдың өлке үшін жөні тым бөлек. Бала қорған мен Қыз қорғанын қорғаныш ете сыртын сүйеп, мүлгіп тұрған батырдың тұлғасындай Қаратаудың баурайына көрік беріп, тау алабына жасыл желек ағаш отырғызып, аңы мен құсын жат пиғылды жандардан қорғап, жел өтінде теңселе тербелген ақ қайыңы мен сәмбі, қара тал сынды сұлуларын тілсіз жаудан қорып, маңдайынан тамған тері тау жотасына сіңе тал-дараққа нәр берген дала дегдары туралы сыр шертеміз біз бүгін.  

Тасқа тіл бітіріп, қара жерден орман өрбітіп, Қаратауға қара талдан қорған жасаған жанның туып өскен өлкесі – Бабайқорған ауыл округіне қарасты Абай ауылы. «Жақсының жақсылығын айт – мерейі тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын», - деп қазақ халқы тегін айтпаса керек.

Хакім Абайдан: «Кім болса да сұраман, қазақтың бәрі маған дос, маған бауыр», - деген сөз қалған. Өз кезегінде Бимахан ақсақал да адамдарды алаламастан қолынан келгенше жәрдемін тигізіп, елінің қажетіне жарауға қашан да құмбыл болыпты.

«Ат тұяғын тай басар, уақыт  ілби алмасар» - деген.  Әке ізін жалғап, атқа мініп, қасиетті Қаратаудың тауы мен тасына, бауы мен бақшасына, қиялай ұшар қанаттысы мен жүгірген аңына дейін пана болып жүрген Бимахан қарияның ат ұстары Темірхан іке ісін жалғастыруда. «Әке – балаға сыншы» деген рас сөз. Әке тұлғасы балаға қашан да медет, қашан да қорғаныш.

  Дәстүр қуатының ұрпақтан ұрпаққа алмасатындығы өмірлік қағидаттардың бірі.  Қиын әрі қатал болса да өз заңдылық, қағидаларымен тіршілік жалғасып жатады. Атадан мирас жауһар жәдігерлерге көздің қарашығындай қарап, дәстүр сабақтастығын ұрпақтық борышпен жалғаған жан – Бимахан ақсақалдың ұлы Темірханның кіндігінен тараған Төреханда сол саланың тізгінін қолына алған.

Ұрпағың мақтаныш етер, өр тұлғалы азамат бола алсаң өшкеніңнің жанғаны, арманыңның ақиқатқа айналып, еткен еңбегің мен төгілген теріңнің текке кетпегені.

Еліне тұтқа, еріне кеңесші болып, кеңпейілдігімен ерекшеленетін Бимахан қарияның атағы Қаратау өңіріне аңыздай тараған. Бимахан ақсақал Қаратаудың өзегінен өрбіген бір перзенті ретінде бұл өлкенің шежіресіне есімін еншілетті. Ол кісіге туған топырағының қатпарлы тарихы қуат берді деп айта аламыз. Қаратауға ел тұтқасын ұстаған азаматтардың барлығы дерлік ат басын бұрып, ауасын жұтып, зәм-зәм суындай балбұлағынан сусындаған. Кейіпкеріміз «Қырықтың бірі – қыдыр», - деп, күндіз келген қырық кісіні разы етіп, түнде келген қырық кісіні жат көрмей шаңырағына кіргізіп, төрінен орын берген қонақжай болған деседі. Жүгінген кісінің түйінін тарқатар, қара қылды қақ жарар әділет иесі Бимахан ақсақалдың болмысы ел жадында жақсы сақталған. Бозбұтақ аймағындағы өсімдіктерді қорғау ісінде қырағы болған екен Биағамыз. Алқапқа рұхсатсыз кіріп, өсімдіктерге залал келтіргендерді айыппұлмен жазалай отырып, табиғатты қорғауға ұқыптылықпен қараған Бимахан ақсақалдың өнегесі бек сүйсіндіреді. Білгенін ел әжетіне жаратуға құмартатын.  Өмір алма кезек. Жайқалған ағаштың бәрі жеміс бермейді. Жамағатқа еткен жақсылық кейде нәтижесін беріп марқайтса, кейде сары уайымға салып сарғайтып жатар тұстары да бар. Бұл барлық адамзат баласының басынан өтер құбылыс. «Шын ұстаз – өмір. Өмір тәжірибең сендегі бар ең асыл құндылығың», - деп, қазақ халқының классик жазушысы Ғабит Мүсірепов тегін айтпаса керек-ті. Біле туғанша, көре ту. Ұрпағына деген айрықша қамқорлығы мен табиғат анаға деген ыстық ықыласы Бимахан ақсақалдың жанының тым нәзік және сыршыл болғандығын аңғартары сөзсіз. Тылсым қасиеті мол, даналығы мен даралығы өн бойынан аңқып тұратын аңыз адамның ақындық қасиеті де болатын. «Жаратылысынан табиғатқа жақын жан болды. Бұл бәлкім 13 жасынан орман өміріне қызығып, аң аулай бастауынан басталған болар. Балалық қызығушылық өмірлік кәсіпке айналып орманды бәрінен артық көріп, орман өмірін өз өмірім деп қабылдай білді.  Сондықтанда болар орманшылар жыл сайын аңдардың санын білу үшін тауға барғанда бірінші кезекте ақсақалдың тәжірбиесіне сүйенетін. Өйткені, көп жағдайда сол кісінің тәжірбиелері іске жарап, істері оңынан болып жататын.  Батыр аңғал деген бар. Құралайды көзге атқан мерген болса да, кей сәттерде аңғалдық танытып, аңшылық мәселесінде басын бәйгеге тігіп, ажалмен бетпе-бет келіп жататын тұстары да болады. Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ. Сондай оқиғаларының бірінде қақпанға түскен арлан қасқырға ойланбастан жақын бара қалғаны. Жаралы қасқыр қашанда бас салып атыла кететіні есінен шықса керек. Бірақ дер кезінде сақтық шарасын жасап оныда ауыздықтай білген. Міне осындай мінезі бар Биекең өмір мектебінен  мол тәлім алып Қаратау академиясын түгескен нағыз дала академигі деген атқа ие болды.  Өмір – қамшының сабындай қысқа. Сол келте дүниені кермек етпей, келісті етіп, мағыналы ғұмыр, мәнді өмір сүру әрбір пенденің ізгі арманы. Ақ өлім мен пәк ғұмыр тәңірдің таңдаулыларға бұйыртар сыйы. Мәуелі бәйтерек те сәті келгенде жантайып, діңгегін өмірін жалғар, қайта көктер көшетіне қорек ететіні аян. Бимахан ақсақал да өмір заңымен қарттық жетіп, жаратқанның жазуымен дүниеден көшіп кете барды. Артында әке ізін жалғар ұл мен қызы, Биекеңнің көзін көрген игі жақсылар мен алақанымен аялап өсірген қойнаудағы қара орманы, Тасбұлағы  қалды. Басталған істің жалғасы бар, ағысты өзеннің арнасы бар. «Әкеден ұл туса – бір бақыт, әке ізін жалғаса – мың бақыт». Бимахан қарт та бақытты әкенің бірі. Артында қалған атұстары Темірхан әке ізін жалғап, қарт Қаратаудың сай саласын, құзды даласын, атырап аумағын әке аманатындай қабылдап, қастерлеп отырған ұл. Аманатын көзінің қарашығындай қоритын пайымды перзент.

         Дала академигі Бимахан Оразбақовтың жасыл орманы өз өнегесіндей жайқалады. Ұрпағына аманаттаған өсиет-мұрасы Қаратаудың шыңдарын сүйген күн шуағындай таралып, байтақ даламен адымдап барады.  

 

Өлкетанушы: Ерлан Сыздық.



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

20 Августа 2017 20:00

Ото всюду обо всем: парк Гуэль

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram