АЛАКӨЛ АЛАБЫНДА

18 Января 2017 0 462

АЛАКӨЛ АЛАБЫНДА

Алматы-2 темір жол вокзалы.

     Алматы қаласының темір жол вокзалы қашанда сапырылысып, тіршілігі қайнап жатады. Жаздың аптапты ыстығында кісі қарасы тіптен молаяды. Осы тұста көп кісі Алматы вокзалынан Алакөл шипажайларына бағыт түзеп, сапар шегеді. Бұл бағытта «Тұран Экспресс» жолаушылар тасымалдау компаниясына қарасты №452-ші пойызы ардайым сапалы қызметімен дараланады. Біз де  пойызға аяқ артып, Алакөлге беталдық. Жүрдек пойыздың жайлы орындары мен жолсеріктердің сапалы қызметінің арқасында көзді ашып-жұмғанша Жалаңашкөл бекетіне де келіп жеттік.

Жалаңашкөлден шипажайға дейін.

Шағын ғана он шақты үйден тұратын бекет. Бекетке ғана тән ғимараттар бой түзеген.  Көл жағасына жақын орналасқан бекетті алғаш көрген жан Алакөл осы екен деп те қалуы мүмкін. Пойыз шойын жолдарды дүбірлетіп сапарын ары қарай жалғай берді. Бізді жол талғамайтын көлігімен Серік Қарасаев күтіп алды. Діттеген жеріміз Үржар ауданы Қабанбай ауылында орналасқан «Алакөл-Әйгерім» шипажайы. Қарасаев Серік ағаның зулаған көлігімен тас жолдың шаңын шығарып келеміз. Туризмнің басты талаптарының бірі – жол сапасы. Дегенмен біз жүрген жолдардың талаптың қиясынан табыла бермейтіні өкінішті-ақ. «Бәрін айт та бірін айт дегендей» сапасы орта жол да таусылып, Қабанбай ауылына кіріп келдік. Хас батырдың ауылының орталық көшесін қақ жарып  өтіп, діттеген жеріміз – «Алакөл-Әйгерім» шипажайына мандай тіредік.

Алакөл-Әйгерім шипажайы.

Шипажай ауласы мұнтаздай таза. Қаз-қатар тізілген заманауи үлгіде салынған табиғи таза ағаш үйлері көз тартады. Шипажай көркі бізді бір көргеннен-ақ өзіне баурап алды. Табиғатқа барыңды арнап, бар болмысыңмен табиғатты аялау, қоршаған ортаға залал келтірмей, адамзат баласы мен табиғат арасында өзара байланыс орнату үлкен ыждағатты талап етеді. Дала заңы мен адами қағидаттарды бір арнаға тоғыстыра отырып тіршілік кешу екінің бірінің қолынан келмес. Аталмыш қос кеңістікті –  адамзат баласы мен табиғатты өзара ортақтастырып, адам мен қоғамға бірдей қамқор болған азаматтың бірі – Омаралинов Исағали Қалимұсаұлы болатын. 1963 жылы ШҚО Шар қаласында дүниеге келген  Исағали Қалимұсаұлы өз өмірін Алакөлге арнап, оның жандануына, демалушылардың көптеп келуіне жағдай жасауға бағыштаған. Ол осы өлкені ірі курорттық аймаққа айналдырып, ішкі туризмге өзіндік үлес қосқан. 1999 жылы жеке кәсіпкер ретінде Алакөл жағалауында «Айгерім» ойын-сауық кешенінің негізін қалап, осы саланы дамытады. Исағали Қалимұсаұлының біліктілігінің арқасында ең алғашқы негізі қаланғанда шипажайдың аумағы 1 га болса, қазіргі таңда оның аумағы 7 га жер көлемін алып жатыр. Міне, осылай өркендеп дамыған «Алакөл - Әйгерім» шипажайы бүгінгі таңда өзіндік демалыс орыны мен көл ортасындағы кіші аралымен, қаз-қатар қаланған ағаш үйлерімен көздің жауын ала жұртшылықты тамсандыруда. Мұның бәрі, төгілген тер мен етілген еңбектің жемісі.  

Исағали Қалимұсаұлы ҚР құрмет грамотасының иегері. Ардақты әке, аяулы жар, немерелеріне мейірімді  ата бола білген жан. Еңбектен нәсібін тапқан ардақты азамат Алакөлдің ажарын ашып, халыққа қызметтің көрігін қыздырған болатын. Өкінішке орай, ғұмыры қапыда үзілген аяулы азаматтың жарқын бейнесі жүректерде айдынды көлдің бетіндей мөлдіреп, толқынданып жататын болады.

Саны артық болса да, ұрпақ санасыз болса – қасіретке қамамақ. Бірақ Исағали Қалимұсаұлы бұл фәниден ондай арманды арқалап кетпеді. Өйткені бала күнінен әкесінің жұмысына араласып өскен қызы Әйгерім бастаған ісін соңына дейін апара алатынын дәлелдеп, әке мұрасын мұртын бұзбай ұстап отыр. Әйгерім Исағалиқызының шипажай ісін ұқыптылықпен жүргізіп отырған қажырлы еңбегінде әке өнегесінің өрнегі жатқанын тануға болады.

 

Алакөл.

Алакөлдің ұзындығы 104 шақырым, ал ені 52 шақырымды құрайды. Теңіз денгейінен 347 метір биіктікте орналасқан. Орташа тереңдігі 22 метр ал ең терең жерлері 54 метр шамасында. Көлдің жоғарғы жағының жылулығы 26 градус, ал жағалауға жақын жерлері 30 градусқа дейін жылы болады. Суының құрамында  Менделеев таблицасының барлық элементтері болғандығымен де адам ағзасына пайдасы көп тиеді. Емдік қасиеті жағынан ерекшеленетін Алакөлдің көптеген көршілес шет елдіктерді өзіне тартып тұратындығы да содан болар. «Алакөл-Әйгерім» шипажайындағы жағажайда кісі аяғы басылған емес. Олардың бәрі Алакөлдің суына шомылып, құмына аунап, балшығына шомып, деніне саулық, дертіне шипа іздейді. Тегін келіп, текке жатқандар жоқ. Бәрінің Алакөлден іздеп келген бір үміті бар. Алакөл жағалауына келген әрбір адам жандүниесіне бір сырды бүгіп, кеудесіне тұмардай тағынып кетеді. Алакөлдің сыры осында жатыр. Демалу аймағына бір келген адам бұл мекенге қайта айналып соғары анық. Адам баласын өзіне тартар бір тартылыс күші бар, ғажайып мекен. Жағажайда емін еркін демалып жатқан демалушылар. Беймаза тіршіліктен соңғы саябыр тапқан кез байқалады. Қайталанбас қуанышты сәттер. Тек жаз айының күн шауақты кезеңінде ғана қыз-қыз қайнайтын Алакөлге келу үшін маусым басталмай тұрып тапсырыс беру қажет екен. Өйткені, келіп демалушылар саны жылдан-жылға артып барады. Шипажайды ішкі туризм саласындағы туристік фирмаларға  жарнамалау үшін басшылық отандық туризм саласының мамандарын маусым  алдында тыныс-тіршілігімен таныстыруға арнайы күн белгілеп, шақыруды дәстүрге айналдырыпты.

 

Қолдаушы.

«Тұран-ТВ» телеарнасының Шығыс Қазақстандағы  «Алакөл-Әйгерім» шипажайына келіп, түсірілім жұмысын жасауға қолдау көрсеткен ішкі туризм саласында өзіндік орны бар Семей қаласындағы «География» туристік агенттігі болатын. Фарида Архамова ханым басшылық ететін агенттікке қолдау көрсеткені үшін осы орайда алғысымызды айтамыз.

 

Алакөлдің қызықтары.

         Алакөлде демалушылар тек жағажаймен шектеліп қоймай күндерін басқа да қызықты дүниелерге арнауларына болады.  Әсіресе, бала-шағасымен келген демалушылар үшін шатыр тігіп, қазан көтеріп, дастархан басында тынығу мүмкіндігі қарастырылған. Бала-шаға да мәз, ата-ана да қуанышты, жора-жолдас та риза. Шатыр аясына демалумен шектелмейтіндер үшін де ермек мол.  Қайықта жүзу, су мотоциклдарымен қыдыру, катамаран тебу, тіптен үлкендердің де қызығушылығын туғызатын бананға мініп те серуендеуге болады. Оның қызметін жергілікті тұрғындар ұсынып, шағын кәсіптерін дөнгелетіп жатқаны қуантады. Бананды сүйретіп, жағалауға жақындай кетсеңіз болғаны, демалушылар қаумалай кетеді. Бағасына келісіп, бананды тізгіндейсіз де көл бетінде заулатып кете барасыз. Бұл серуеннің нағыз қызық сәті – зулатып келіп, бананды кілт бұрған сәтте екпінмен суға күмп ете қаласыз. Қызығы мен сескенісі қатар келіп, көңілді күйді бастан кешесіз. Алакөл сондай қызықтарымен есте қалады. Кісі тәнін сергітіп, жанына қуаныш сыйлайтын табиғат ананы қорғап, алақанға салып мәпелеу мәселесін де ұмытпаған абзал. Алакөлдің қадіріне жетіп, оны осы байлығына айырмас үшін де қамқорлық қажеттігі көрініп тұрды. Уақыт өткен сайын көл суының толқыны жағалауды шаюда. Бұл өз кезегінде көлдің емдік қасиетінің кемуіне алып келеді дейді білікті басшы Әйгерім Исағалиқызы.

Аралтөбе.

Демалушылардың аңсары ауатын тағы бір дүние бар. Ол – Алакөлдің ортасындағы аралтөбе. Алыстан сағымданып көрініп, демалушыларды өзіне қол бұлғап шақыратындай. Сұлулығымен  ынтықтыратын сол аралтөбеге  барғысы келетіндер жетерлік. Табиғат  кереметінің бірі болған аралтөбе талай құпияны бойына жасырып жатқандай. Менмұндалап жатқан аралтөбеге Қабанбай ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ренат Бақтыбекұлының қайығымен біз де баруға бел будық. Аралға қарай моторлы қайықпен зырлап келеміз. Ренат Бақтыбекұлының өз жұмысын жетік меңгергені көрініп тұр. Қатты жүзе түссе толқынға соқтығысып аударылып қалардай қайық қалтақтайды. Тұлабойыңда бір үрей жүгіріп өтетіні де жасырын емес. Соққан желдің екпіні де адам құлатарлықтай. Бірақ, аралтөбені көруге деген құштарлық пен айдынды қақ жарып жүзген қайықтың екпіні барлығын ұмыттырады.  Ақ жал толқындарды тулатып, аралтөбеге де келіп жеттік. Жаңа ғана алыстан сағымданған аралтөбенің алдымызда айбынданып жатқаны мен жағалаудағы тастардың табанымызға батқаны әсерлендірді. Аралтөбеге табанымыз тигенде мұндағы сұлу көріністер көз арбайтынын түйсіндік. Фотоаппаратын арқалап, табиғатпен тілдесе жұмыс жасайтындардың көптеген тартымды суреттерді таспалай алатынын аңғардық. Судың да жағаға жетіп жығылып жатқан көрінісі өзгеше. Көл суына күмп беріп,  күнге қызып тұрған жартастың жалпақ жауырынына жантая кетуге болатын ыңғайлы жерлер баршылық. Бір қарағанда арал адам аяқ баспағандай әсер береді. Күн қақтаған тасқа көлден шыққан су перісі қонақтағандай мына бір көрініс. Аралтөбеде тұрып, шетсіз-шексіз теңіз ортасында жалғыз қалғандай күйге де бөленесің. Десе де, мұндағы сұлулыққа дүниенің ешбір жеріндегі аралдар тең келмейтінін парықтайсыз.  Мүлгіген тыныштық үстемдік құрған бұл жерде көл жағасындағы шуылдың жоқтығы көңіл жайландырады. Сол тыныштықты  кейде жартасқа келіп соғылған әлсіз толқындардың дыбысы  ғана бұзып, селт еткізеді.

 

Шет елге паш етілген Алакөл.

Шығыстағы ішкі туризм саласын дамытуға сүбелі үлес қосуды басты мақсат тұтқан Исағали аға шипажайдың тыныс-тіршілігін тек Қазақстан азаматтарына  ғана таныстырумен шектелмей, сонымен қатар алыс жақын шет елге де жарнама жасап насиахаттаған. Мұны елінің болашағын ойлаған текті жанның шет елдіктерді туған жерінің табиғатымен тамсандырып қана қоймай, әрі елінің экономикалық ахуалын көтеруге талпынғаны деп түсінген абзал. Жұмысын тыңғылықты білетін ұлтжанды азамат  туристер тарту арқылы жергілікті қазынаға  қаржы түсіріп, ел экономикасына  серпін беруді де ойластырады. Исағали ағаның шекара асып, Қытай жеріне баруы да осының бір дәлелі.  

 Кешкі ЗАГС.

Үржар аудынына қарасты Қабанбай ауылының жаңадан  шаңырақ көтерген  жастарының барлығы үйлену тойлары болатын күнгі серуенін, міне, осы «Алакөл – Әйгерім» шипажайының би алаңында өткізуді үрдіске айналдырған. Шипажай ашылғалы бері әр шаңырақта болған той-томалақтың естелік суреттерінде осы би алаңы бейнеленген. Сол себепті де шипажай ауласы жас шаңырақтың еңсе тіктеуіне ең алғаш негіз қалаған құт мекенге айналған. Бүгінгі жастар да қуанышты сәттерін осында өткеріп жатыр. Бұл жұптың да тағдырында шипажай шаңырағы мен би алаңы ерекше орын алатын болады. 

 

Коттедждер.

Алакөл – Әйгерім» шипажайында көлде жүзген қоңыр қаздардай ағаштан салынған демалыс үйлері мен  коттедждер бар. Бұлардың барлығы шипажайға келген қонақтарға арналған орындар. Мұндағының бәрі демалушылардың демалуына барынша қолайлылық тудыру үшін жасалған. Таңғы саф алтындай таза ауа, көлге бастар жолдар, жол жағалауына отырғызылған шырша ағаштары демалыс аумағының тыныштығын қорыған сақшылардай сап түзеп, көздің жауын алып сұлу көрінеді. Қонақжай үйлерде барлық жағдай бар. Қалтаңыздағы қаржыңызға қарай қалауыңыз табылады.  Замануи үлгіде жабдықталған жуынатын бөлмелер ыңғайлы жабдықталған. Туристердің мүмкіндігі мен талабына қарай қонақжайлардың соңғы үлгіде жабдықталған жоғары сапалы бөлмелері сіздің шипажайдан жақсы әсер алып, есте қаларлықтай демалып кетуіңізге қолайлылығы аңғарылады. Терезелері көлге қараған бұл демалыс үйлері жақсы естеліктер мен жақсы көңіл-күй тарту етері сөзсіз.

Балалар алаңы.

 «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада», -  дейді қазақ халқы. Баласына деген қамқорлықтан туындаған бұл сөз өміршеңдігімен өзгешеленеді. Иә расында да шипажайға келіп, су жағасынада тыныққан соң бала-шағаны қадағалаудың қамында боласың. Дегенмен, мұнда балалар үшін аса алаңдамауға болады. Олардың өз әлеміне сапар шегіп, алаңсыз ойнаулары үшін шипажай ауласында жақсы жағдай жасалған. Балаға аландамай жақсы тынығу үшін шипажай басшылығы барлық мүмкіндікті қарастырған.

Кедергілер.

 Қай елде болмасын ішкі туризмді дамыту үшін кедергілер кездесетіні анық. Әсіресе, жағажай туризмі енді ғана тәй-тәй басып дамып келе жатқандықтан Қазақстанда кедергілерге тап болуда. Ол кедергілердің алдын алу үшін мол қаржы қажет. Ал, туризмге салынған қаржы мемлекетке салық түсіру арқылы қайта қазынаға оралады. Сол салық түсімінің туризм саласынан көп болуын қаласақ, онда алдымен инфрақұрылымды дамыту керек. Ол дегеніміз, бірінші кезекте жолдарға келіп тіреледі. «Алакөл - Әйгерім» шипажайын да тығырыққа тіреп отырған осы жол мәселесі. Жаланашкөлден шипажайға дейінгі шаңы аспанға шыққан 60 шақырымдық тас жолдың куәгері болдық. Өзіміз түгілі өзгелердің де аңсары ауып жатқан Алакөлге күн өткен сайын алыс жақын шет елден келетіндердің қарасы молаюда. Ал енді олардың Алакөлге шалдықпай жетуіне жағдай жасалу қажет. Ол үшін тек жолдарды ғана жөндеп қоймай, әуе қатынасын да ретке келтіріп, еліміздің әр облысынан Алакөлге  маусым мезетінде кез-келген сағатта ұшып жетуге мүмкіндік жасаған дұрыс, дейді жас басшы Әйгерім Исағалиқызы тәжірибесінен түйгендерін ортаға салып.

Ас адамның арқауы.

Алакөл айдынымен тартымды болса, шипажайдың асханасы тәл үйіретін дәмді тағамдарымен тартымды болуда. Таң атысы, күн бастысы  демалушылардың көңілдерінен шығу үшін тынымсыз еңбек еткен аспазшылардыңда еңбегі адал. Үш мезгіл тамақтанар кезде алдыңыздан түрлі тағамдар дер кезінде жеткізіліп жатқаны. Қаладағы мейрамханалардан кем түспейтін ас мәзірі көңіліңізден шығары анық. Ұлттық тағамдардан бөлек Қытай мен Еуропалық тағамдарда дайындалады. Демалушылардың тапсыры бойынша кауапта пісіріледі дейді өндіріс меңгерушісі-Өмірханова Қадиша Байғалиқызы. Шипажай асханасындағы даяшылардың сапалы қызметінің куәсі болдық. Үш мезгіл тамақтануға келген демалушыларға дер кезінде ыстық тағамдарын жеткізіп, көңілдерінен шыға білу жеңіл жүк емес. Үлкен жауапкершілікті талап ететін тағам шеберлері шаруаларын ширақ атқаруда. Сол жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған даяшылардың шипажайды өздерінің екінші үйіндей көріп, әрдайым тату-тәті тұрып, бір ата-ананың баласындай жұмыла жұмыс жасап жатқандықтары жайлы даяшы Ажар Сағатбекова жеткізді.

Қауіпсіздік.

 Шипажай ауласы мұнтаздай таза, әрі қаншама адам келіп-кетіп жатса да тәртіп пен тыныштық бар. Сол тыныштықты адам көп келетін жерде сақтау оңай шаруа емес. Өз істеріне бекем, тәжірибесі мол қауіпсіздік қызметкерлері барда қамсыз болу заңдылық. Алакөл-Әйгерім шипажайында қауіпсіздік шараларын құрамында 12 адамы бар топ қамтамасыз етеді. Мұнда демалуға елімізден бөлек әлемнің түкпір-түкпірінен келушілер бар. Атап айтар болсақ, Қытай, Ресей, Қырғызстан елінен келушілер өте көп болғандықтан  қауіпсіздік құрам әрқашан кез-келген жағдайға дайын тұрады. Көпшілік орын болғандықтан келеңсіздіктер болады. Бірақ қауіпсіздік қызметкерлерінің қырағы жұмыстарының арқасында ол келеңсіздіктер дерк езінде тоқталып, бәріде  демалыстарын жақсы өткізіп ренжімей елдеріне қайтып жатады деп қауіпсіздік басшысы Серікханұлы Ерлан ойымен бөлісті.

Қайту.  

«Алакөл-Әйгерім» шипажайындағы алған әсерден көпке дейін айыға алмайтынымызға көзіміз жетеді. Жағажай туризмін дөңгелетіп жатқан ұжымға айтар алғыс мол. Жанға жайлы жағдайы мен дәмді тағамдары тән сергітіп, көңілге қуаныш сыйлайтын шипажайға келер жылы қайта келу тілегімен қайтуға жиналдық.

 Қорытынды.

Су. Адам зат баласы сырын білуге құмартқан, тылсым әлем. Тылсым әлемнің бір паршасының болса да құпиясын білу адамзат баласының арманы. Арманды ақиқатқа айналдырар бір мекен ол – Алакөл. Жан сырын өзектіге аша қоймаған құпия мен сырға толы  сұлу – Алакөл. Суының тұнықтығы мен ағысының тыныштығымен, толқынының майдасымен адам жанына жылылық ұялатқан – сұлу Алакөл. Адамзат баласына бақыттың бір бөлшегін тарту етіп, жүрегіне қуаныш нұрын сепкен – Алакөл. Толқындарынан тыныштық тербелген – Алакөл. Жыл сайын мың сан демалушыларға өз үйлеріндегідей жылулық тарту еткен мейірімді де кеңпейіл – Алакөл. Қазақ ұғымындағы барлық мадаққа лайықты жылы сөздер тура осы Алакөлге арналғандай. Сол мадақтың иесі мен киесі Алакөлге келуді ұмытпайық ағайын!

Өлкетанушы: Ерлан Сыздық.

 



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

29 Июня 2017 08:10

Авантуризм

29 Июня 2017 08:45

Люди Х

29 Июня 2017 08:55

Рыбалка в водоемах Казахстана

29 Июня 2017 09:20

Экспедиция NOMAD EXPLORER:Тайны Устюрта 3 серия

29 Июня 2017 09:40

Беркутчи

29 Июня 2017 09:50

Морская рыбалка

29 Июня 2017 10:50

ГНПП: Қатонқарағай 2 бөлім

29 Июня 2017 11:30

Трофеи Авалона

29 Июня 2017 12:00

Простые радости

29 Июня 2017 12:30

Дневник федерации

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram