Ақтаудың аңызды алқаптары.

18 Января 2017 0 352

Дастархан батасы.

 Киелі Маңғыстау жеріндегі сапарымыз Медеу Әбілұлының шаңырағында қонақта болудан басталды. Қонақты құт, құтты қызыр деп таныр қазақи болмыспен барын алдымызға тосып, дастарханға бар дәмдісін ұсынып жатты. Қызыл қою шәйден ішіп, дәмнен ауыз тидік. Сонан соң  жайылған дастарханға ас қайырып киелі топырақ Маңғыстаудың өркешті таулары мен қасиет қонған құтты жерлерін, тарихи орынға айналып, ұлттың мақтаны болған ұлылар мекенін аралап көрмек ниетпен жолға жиналдық. Барар жолдың ұзақтығын ескеріп, бар керек жарағымызды темір тұлпарға теліп, жол азабын жүргінші білер деп күні ертең қиналмас үшін «баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», - дегенді ескеріп, бата қайырып жолға шықтық.

 

Кенті баба.

Жүйіткіген көлік, жүк ауырлығын елеместен қара жолды қақ жарып бара жатты. Алғашқы ат басын бұрар жеріміз –Кенті – баба қорымы. Кенті – баба қорымы Түпқараған ауданы, Форт шевченко қаласынан 46 шм солтүстік бағытта орналасқан тарихи орын.

Аңыз бойынша, Кенті баба өз заманында Х.А.Яссауи сынды халықты мұсылмандыққа шақырып, елді дінге, арапша хат тануға үйреткен діндар, тақуа, әулие адам болған. Бүгінгі таңда Кенті –баба қорымын жергілікті халық киелі нысан санап, қадір тұтып қастерлейді. Тіптен, тәу етіп ардақ көреді. Ардақ көргенінен болар, кеңес үкіметінің үкімімен Кенті – баба қорымы 1982 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынды. Дәл осы тарихи мекенге бізде жол жүріп, темір тұлпармен жүйіткіп келеміз. Жолшыбай алдымызға жол үстіне бір топ ақкөгершіндер қона кетті. Біз мұны сапарымыздың сәттілігіне баладық. Қара топыраққа қабыса өскен шөптер күннің аптағына үйренгеннен болар күн ыстығы мен аңызықты желіне ілесіп әлсін тербеліп жатты.Табиғат ғажайыбы жолда тоқтап ерекше кейіптегі сайлы шатқалды тамашаладық. Қатпарланған жер жыныстары негізінде пайда болған орындар бізді таң қалдырды. Таңданысымызды жасыра алмай, жүріп алыс жолдың жақындығын аңғармадық.  Діттеген жерімізге келіп жеттік. Көзге ыстық әрі таңсық көрінген «Кенті баба» мазары. Кенті –баба қорымы деген жазбасы бар тақтайшаны бар ынта ықыласымызбен оқып, тәңірге тәу ете кесене қақпасына қарай беттедік. Жанарымызбен кесене аумағын шола, тас белгілер мен қорымды қоршаған темір қоршауларға да назар аудардық. Тарихи орынның бәрі де тарихи дүниелерге толы. Өз заманының куәгерлері, тірі тарих, тірі аңыз, тілін түсіне ұққанға шежіреші. Кенті – баба мазары көп мазардың қақ ортасында орналасқан. Өзгелерден болмысы бөтен кейіпте, мені білсең танысаң сенен жасырарым жоқ дейме? Әйтеуір сырын ішіне бүгіп, қабырғаларын самал жел желпи өтседе сол бір қалпында тұр. Бұл мазар да Арыстан Баб бабаның мазары сынды баба мазарынан бөлек көптеген бейіттер мен белгі тастар орналасқан үлкен аумақ. Аңыз дала, абыз дала өз сырын ішіне бүккен сыры мол жыры мол қобыз дала. Жел мен бірге күңіреніп, желмен бірге қуана өткенін есіне алып, ауыздан –ауызға таралып ақиқат аңыз, аңыз ақиқат болған дала. Кесенелердің қайсы бірін қарамайық өзгеше бір ою өрнектерімен, тастан қашалған көктастарымен ерекшеленіп тұрады. Кесене маңындағы шағын қорымшылықтар да  сағанатамдар, жәшік тәріздес сандықтастар, құлпытастар мен орнатылған қойтастар, тас плиталар көлденеңінен немесе тігінен тұрғызыла қаланған қоршаулар, әр түрлі пішіндегі қабір үсті құрылыстары мен өрнектер, суреттер  сақталған. Қабір қабырғаларындағы кірпіштерінің өрілгені сонша, сұлудың бұрымындай, қаздың балапанындай қаз – қатар тұр. Алған әсерімізді тілмен тиектей алмай, көңіл толқынысын, жүрек қылына жалғап, санамызға сан түрлі сырды қанжығалай байлап келесі бір қасиетті орын Сұлтан үпі мазарына қарай ат басын тарттық.

 

Сұлтан үпі 

 «Сұлтан-үпі жерасты мешіті, қорымы және сайы» Түпқараған ауданы, Таушық ауылынан 30 шақырым солтүстік-батыс бағытта, Сарытас шығанағына таяу, сай жиегінде орналасқан. Маңғыстау жерінде сақталған аңыздар бойынша, мұнда халық әулие санаған 360 сопы өмір сүрген және жерленген делінеді. Олардың есімдері негізінен Маңғыстаудың кең даласында жоғалып кеткенмен, халық жадында кең тараған Шопан-ата, Масат-ата, Сұлтан-үпі, Қараман-ата, Шақпақ-ата, Қошқар-ата, Бекет-ата т.б сынды әулие-әмбиелер есімдері сақталған. Жергілікті тұрғындар осы күнге дейін олардың аттарын құрмет тұтып, мыңдаған зияратшылар олардың әруақтарына бас июге асығатын киелі орны болып табылады. Міне осыған орай бізде Сұлтан үпі жерасты мешітін, қорымын және сайын көріп, тамашаламақ  ниетпен жолдың шалғайлығына шаршамай шырайымызға үміт пен арманды иектеп келеміз. Арман адастырмай, мақсат бір өткеліне жасырмай Сұлтан үпінің зияратшылар тоқтайтын үйінеде келіп жеттік. Шырақшы ағамыз Қуанышбай Ермекбайұлы амандық саулықтан соң үй ішімен таныстырып шыққан соң  Сұлтан – үпі мазарына   жол бастап келді. Бұл өңірдегі көптеген тарихи орындар 12 ғасырда өмір сүрген қазақ даласының ойшылы, ғұлама, поэзиядағы сопылық ілімнің насихатшысы Қожа Ахмет Ясауи атымен тікелей байланыстырады. Мүмкін, Қ.А.Ясауи сынды жер асты қылуетін ашып, өз ғұмырын ислам дініне арнағандығынан болар, әлде салынған кесенелердегі белгі тастарға ойылып салынған яки жазылған жазбалардан ба? Кім білсін. Алғаш тұрақтаған орнымыз ол Сұлтан үпінің жамбасы жерген тиген жері. Шырақшы ағамыз Қуанышбай Ермекбайұлы құран бағыштаған соң барып төңірекке көз салдық. Үлкен тастармен қоршалған аумақты қорым. Ортасында жеті ағашы қасқайып тұр. Мұны бір кездері теңізге балық аулаға шыққан балықшылар ауымыз балыққа толып, аман-есен үйімізге оралайық деген ниетпен көтеріпті деседі ел ішінде. Сұлтан үпі мазарынан соң шырақшы ағамыз Қуанышбай Ермекбайұлы бізді жерасты мешітін көруге асықтырды. Оның да өзіндік мәні бар екен. Күн сәске тұста жер асты мешітіне жарық жақсы түскендіктен көрінісі ерекше болады екен. Жар жағасына немесе шатқалдың етегінде орын тепкен құдығының өзі талайды тамсандырмай қоймасы анық. 11 метрлік құдық су мөлдір, суықтығы өз алдына ерекше. Сұлтан үпі құдығына қауға тастап, зәм-зәм суынан іштік.

Зиярат етіп келушілердің біріне су шығып, көңілін марқайтып жатса енді біріне су шықпай қоятындығыда бар. Бұлағы мен құдығының жалпы қасиетті орынның киесі жайында осы мешіттің шырақшысы Құрбанов Қуанышбай Ермекбайұлы бізге жіті түсіндірді. Судың тұнықтығы адам жанына қуаныш сыйлап жатты. Шөлімізді қандырып мешітке түскенше асықтық. Мазар маңында жәшік тәріздес сандықтастар, құлпытастар мен орнатылған қойтастар, тас плиталар көлденеңінен немесе тігінен тұрғызыла қаланған қоршаулар, әр түрлі пішіндегі қабір үсті құрылыстары сақталған.

 Біз барып куәгер болған жердің тастақ қабатынан ойып жасалған жерасты мешіт бірнеше камералық бөліктерден тұрады, оған көп сатылы жолдар арқылы түседі екенсің. Өзгеше бір әлем.  Мешіттің төбесінің мықтылығы үшін тас бағандармен бекітілген, бөлмелердің төбесінен жарық түсіру үшін ойықтар қалдырылған. Ескерткіштің рухани-діни бағыттағы сипаты Сұлтан-үпі жерасты мешітінде жатыр. Жекеленген бөлмелердің қайсы бірі болмасын белгілі бір маңызды орын болып табылған. Көзімізбен көріп, тұщынған жер асты мекені сопылық қауымның ханака-ғибадатханасы болған деген болжам түюуімізге мүмкіндік береді. Жерасты мешітін көріп, суынан дәм татып, ислам дінінің таралуына үлкен үлес қосқан, сопылық ілімнің діңгегін бекіткен Сұлтан – үпі әулие жайлы түсінігіміз кеңіп, туған елдің киесі мен иесі, тарихтың ақтаңдақ беттерінен көрініп, өз ұрпағымен қайта қауышып жатқаны қуантты. Мешіттен шығып жарды жағалай бір аяқ жолмен шатқалға түстік. Айнала үнсіз жатқан табиғат.  Бір аяқ жол таусылмайтындай көрінді. Төмен қарай ылдилап түсе бересің. Ақыры соңы бір аяқ жолда тамамдалып бұлаққа да жетесің. Мұнда Сұлтан үпі бұлағы ағып жатыр екен.  Қиындықтары артта қалып сырылдаған бұлақ суынан ішіп шаршағанды басуға болады. Бұл бұлақ суын осында келген зияратшы туристер пайдаланып, дертіне дауа табады екен. Тіпті бірі екі үш шелектен су құйып алып үстеріне де құятын кездері болады екен. Мұны ел жадында су шипасын берсін деген мағынада жасайтындығын шырақшы Қуанышбай Ермекбайұлы айтқан болатын. Тіпті бұлақ суын төңіректе жайылған Зенгі баба жануары да іздеп   келіп ішетініне куә болдық. Алыстан бақылап тұрған ірі қараны көргенде.Көргенімізге көңіл толып, бір аяқ жолды еңсеріп, алған әсерден қанат біткендей, бой сергіп қайта атқа қондық.

 

Шақпақ ата.

  Маңғыстау облысының басты көрікті жерлерінің бірі діни сәулет өнерінің бірегей ескерткіші «Шақпақ-Ата» жер асты мешіті. Мешіт Түпқараған түбегінде, Форт-Шевченко қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 20 астам шақырым жерде орналасқан және Батыс Қазақстандағы ең көне сәулет ескерткіштерінің бірі  болып саналады.

Шақпақ ата жер асты мешіті тау борлы жартаста салынған. Бор кемік тастардан қалана жасалған мешіт алып бір қамал сияқты көрінеді. Бор кемік алып тасты қабырғалардан ойыла, өріле салынған бұл ғимарат аңыз бен ақиқат жемісі. Ертегі әлемінің терезелеріндей бор тастарға терезе мен есіктер ойылып салынған.Қабырғаларын судың тамшы тамып суреттегендей. Қабырғаларында арабша жазбалар жазылған. Қабырға тіреуіші болып табылатын діңгектеріне дейін құтты ақ мәр-мәрдан жасалғандай. Бәрі бір түсте. 12-15 ғасырларда салынған ғимараттарға сай күмбез төбесінен күннің көзі көрініп, кесене ішіне жарық түсіріп тұр. Мешіт ішінде ғибадат ететін, жатын орындар бар. Кесене ішіне ойып жасалған сатылардың өзі ақ бор тастардан жасалған. Сатымен тһмен түсе жер асты мешітіне енуге болады, егер сатымен көтерілсек Маңғыстаудың жазық даласына шығамыз. Табиғат ананың құдіреттілігі мен кереметін көзбен көріп, қолмен ұстап тұщыну керек. Ол үшін турист болып, қазақ елінің мақтанышы болар ғажайып ғимараттарға арнайы келу керек.Сыртқы сұлулығы жартастарға салынған мешіттер туристер үшін ең керемет орын. Жалпы Маңғыстан өңірі тарихи орындарға бай өлке. Тарихи бай өлкенің мақтаны ғана емес тұмары болған бор тастар мекеніне қол бұлғап Шақпақ ата кесенесімен қоштасып, баба басына құран оқып сапарымызды жалғастырдық. Маңғаз мінезді Маңғыстау әулиелі мекен. Арнайы ат басын бұрған жандардың жандарына жылулық сыйлар ғажап мекен. Көліктің артқы терезесінен көмескілене көзімізденр алыстай берген ақтастарға қарап, өзгеше күйге ендік. Шақпақ атадан шығып, кесенесіне жолға шықтық.

 

 Адай ата кесенесі.

 Қыр басынан  үш тағанды көзіміз шалды. Діттеген жерімізге жеткенімізді Қыр басына жазылған Адай ата деген жазбадан байқадық. Алыстан ағараңдаған бұл үш таған Адай ата күмбезі. Алтын түстес күмбезі мен сап түзеген әскердей селт етпей сыр бүгіп тұрған үш мұнаралы – Адай ата мешіті. Баба тынышын қорып, айбатын шашып баба мазараның алдында көкжал қасқыр тұр. Аңыз деректердегі Адай атаның адуындылығы, ерлігі мен өрлігінің нышаны болып көрінді. Бұл жерде Адай атаның өрлігін білдіріп, көк бөрідей өз үйірі үшін жанын қияр қасиеті мен Адай ата да өз елі үшін аянбай тер төгіп, елеулі еңбек еткен. Адай ата мешітінің жанынан  тарихи этно – музейде бой көтерген. Бұл музейдің ішінде елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Маңғыстау жеріне алғаш табан тіреген сәттерінен естелік фото суреттермен Маңғыстау өңірінде туған қазақ халқының дара тұлғаларының фото суреттері сақталған. Музей қызметкері бізге өнер залын бізге жіті түсіндіріп берді. Ұлттың болмысы оның ұлттық киімінде. Музей ішінде 18 – 19 ғасырлардағы қазақтардың киім кию стилі көрсетілген. Адай ата мешітіне барған сәтімізде жол жүрген жолаушыға қазан көтеріп, үйіне құтты қонақ деп кіргізіп жылы жұмсағын алдымызға тосқан Дәуітов Бөкенбай аға мен жұбайы Шораева Жеміс апайға дән риза болдық. Бақыт пен береке тоғысқан үлгілі әулеттегі адамдар арасындағы сыйластық басты құндылық екендігін аңғардық. Ағай мен жеңгей арасындағы сыйластық бір сыныпта білім алып жүргенде басталып, күні бүгін от анасы мен отағасы болып немере сүйіп отырсада, сыйластықпен өзара құрметпен астасып жатыр. Қартын қазынам деп, анасын ардағым деп құрақ ұшатын иманның дәні себілген алтын діңгекті әулетке табан тірегенімізге қуандық. Қонақтың несібесі үй иесінде деген жолымыздың ақтығын тілеп, ақ батасын берді. Батамен ер, жауын мен жер деген қағидатпен алғысымызды жаудырып аға жеңгеймен қоштасып жолға шықтық. Барар жереміз Масат ата кесенесі.

 

Масат ата.

 Адай атадан шыға Масат атаға жол тарттық. Жолжөнекей Аманата бұлағынан су ішіп шөл бастық. Электр бағандарымен жарысып, көзімізбен көрген тарихи орындардың тамашаларына тамсанып жүйтки келеміз. Ақ борлы қырларды тауыса шөлді алқаптағы тігілген алты қанат киіз үйге ат басын бұрдық. Осы қара үйге қарап, ел мен өзіне жағдай жасап істің көзін тауып отырған Есқалиева Шырын апамыздың қолынан дәмі балдай тәтті қымыранмен тамақ жібітіп, бойға қуат алдық. Қара бала қамымен елге ұлттық сусынды ұсынып отырған бейнетшіл апамызға бейнет зейнет болсын деп ризашылықпен жол тарттық. Маңғыстаудық қымыраны қою әрі дәмді келеді екен. Бал қымыранды Маңғыстауға келіп, қана ішу керек сияқты.  Тарихи мекен екендігін өзінің сырт болмысы айғақтатқандай дөң үстінде орналасқан, жан –жағы жазық дала болып келетін Масат ата кесенесі. Тура дөң үстінен қазылған үңгір ішінде орналасқан. Үңгір іші ібр бөлмеден тұрады. Аңызды ақиқат етіп танытатын Масат атаның табанының іздері деп сипатталатын далада шынында табан іздерінің орындары кездеседі. Масат ата кесенесінің төбесінен жарық түсер кішкене ғана дөңгелекшелер ойылып жасалған. Жазық далада тым жиі қазылған құдықтар кездеседі. Мұның бәрі бір кездерде адамдар осы қазылған тас үңгірлер арқылы жауынның суын жиып, күні ертең ішуге қолайлы етіп жасаған. Табиғаттың кереметі сол шөл дала болып жатқан атырапта майда құдықтар ішінде шөліңді басар тұщы сулар молынан табылады. Масат ата аңызында Мешхед қаласынан келгендігі айтылады. Бойына ешбір қару дарымайтын батыр әрі молда кісі болыпты. Жаулары өлтіруге қанша талпынсада еш нәтиже шығара алмайды. Бір күні Масат ата таң намазына тұрғанда буындары босап, отырған орны бастапқы реңін өзгертіп, бойы балқыпғ әлсіздене бастайды. Осындай сәтті пайдаланған дұшпаны да келіп басын шапқан. Шабылған бас жайнамазға түседі. Масат ата басты ораған күйде сыртқа қаша жөнеледі, сонда үй іргесінде  тұрған құлынды биеде артынан еріп жүре беріпті. Айналадығы тасқа Масат атаның тамшылаған қаніы мен құлынды биенің тұяқ іздері таңба басқандай  көрініп жатыр. Құлынды бие сол жерде жан тәсілім етеді де ал Масат ата пырақ болыпұшып кетіпті деседі аңыз желісінде. Өзінің табиғи кереметімен Масат ата кесенесі келушілерін не дүр кереметтерімен таң қалдыратыны сөссіз.  Маңғыстау жеріндегі көрген дүниелеріміз көкейде тусырап жатты. Мұндай ғажайып тарихи-мәдени орындары бар мекеннің ішкі туризм саласы қашанда қарқынды дамитыны ақиқат. Атқарылып жатқан істе ауыз толтырып айтарлықтай болатынына көзіміз жетеді

 

  •  

Талайды тамсандырған Маңғыстау жері әлі де игі істердің атқарылуына серпін беретіні ақиқат. Қайталанбас табиғатымен ерекшеленетін құт мекенге уақыт өткен сайын миллиондар ат басын бұрады. Миллиондар келді дегенше өңір қоржынына миллиардтар түседі деген сөз. Демек тылсым дүниеге толы киелі мекендері, қайталанбас ерекше табиғаты,  жйылмайтын ақ дастарханы, кеңпейіл халқы барда, миллиардтарды алып келген миллиондардың көңілдері тоқ, жадыраған шат көңілде Маңғыстау жерінен алған әсерлерінен көпке дейін айыға алмастай болып қайтатынына шүбәсіз сенуге болады.

Өлкетанушы: Ерлан Сыздық.



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

25 Мая 2017 20:00

Дневник федерации

25 Мая 2017 20:50

Встречи в рыбацкой деревне

25 Мая 2017 21:30

Дело вкуса

25 Мая 2017 21:50

ГНПП

25 Мая 2017 22:05

Рыбалка в водоемах Казахстана

25 Мая 2017 22:20

NOMAD EXPLORER:Үстірт кұпиясы 1 серия (каз)

25 Мая 2017 23:20

Трофеи Авалона

25 Мая 2017 23:40

Клевый берег

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram