Өшпес із өнегелі мұра.

21 Октября 2016 0 608

Тарих бір күнде, бір сәтте тумайды. Тарих қолдан жасалмайды. Тарих адам зат баласының бүгіні мен өткенінің, кемелді келешегінің көне көз куәгері. Қарт уақыттың  құмсағатын қайта тірілтер, өлмес аңыздар баршылық. Сондай аңызға толы өлкенің бірі Қобда өңірі.

... Қобда өңірі туралы ақпар бүгінгі ұрпақ санасына батырлар жырларынан қалыптасып, жатталған. Бұл өлке  – батырларға ғана қорған емес, дін өкілдерінің де қалқаны болған құт мекен. Ел-жұртын имандылыққа ұйыта білген көптеген хазірет, имам, ишандар шыққан киелі топырақ. Олардың арасында Мышым Қойбақов, Әжігерей Ишан Әбдіров, Мұғанбет Көшек, Бірман Шебер, Дербісәлі, Бекпан, Бисен, Нәкеш, Әділ хазіреттер сынды дін қайраткерлерінің есімдері бүгінгі күнге жетіп отыр. Қобда өзені бойындағы Жаманкөл жайлауында ХХ ғасырдың бастапқы жылдарында салынған Бисен хазірет мешіті ( Ақтөбе газеті. 29 мамыр.2014ж.) егемен елдің бірден бір жәдігері. Тәуелсіздігіміз тұмарымызға айналған тұста,  алаштың ардақтылырын ұлық көріп, ұлылар жайлы аңыздарды ақиқат деп танитын сәтіміз келіп жетті. Соның бірі, Бисен хазірет ишан.  Бисен хазірет ишан жайлы деректі Бизен хазірет ишанның немересі Абдуллина Жібек  ханымнан алып отырамыз.

 «Руханият» музейі залында хазіретке арнап бұрыш берілген. Бұл өткенге деген тағзым мен ізет. Маусым айының шуақты күндерінің бірінде Жібек апай музей қызметкерлерін өткен тарихпен сусындандыру мақсатында Жаманкөл еліне алып барды. Жаманкөл жайлауындағы Бисен хазірет мешітінің қазіргі ахуалын көріп, қайран қалдық.

        Мешіттің көлемін өлшегенімізде шамамен: ені 8 м., ұзындығы 15 м., биіктігі 3 м., болды. Мешіт іргетасы табиғи тілім тастармен қаланып, қабырғалары саз балшықтан өрілген. 10 терезесі, 1 үлкен есігі бар. 2 бөлмеден: үлкен намаз оқитын залы және кіре беріс бөлмеден тұрады. Мешіт Қобда ауданы, Жарық елді мекенінде күні бүгінге дейін бой көтеріп тұр. Айналасы Табын руының қорымы. Кеңес заманында қабырғалары бүтін, төбесі биік, есіктері темір құрсаулы мешіт үйін Жарық совхозының астық, тұқып сақтайтын қоймасы есебінде пайдаланған, ірі қара да қамалған. Көнекөз қариялар ертеректе кеңсе болғандығын да айтады. Колхоз тараған кезде иесіз қалған мешіттің төбесін әлдекімдер құрылысқа пайдалануға алған. Мешіт үйі Жарық елді мекенінің бірінші фермасынан алыстан бұлдырап көрінеді. Алыстан қарауытқан көне мешіт Бисен хазірет жайында көп сыр бүгіп жатқаны анық.

      Бисен хазірет 1878 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы Жарық елді мекенінің Жаманкөл жайлауында дүниеге келген. Хазіреттің руы Жетіру–Табын. Әкесі Абдолла да Бисенді он бес жасында Бұхарадағы айтулы медреселердің біріне оқуға түсіреді. Табиғатынан зерек шәкірт медресені ойдағыдай тәмамдағаннан кейін, Түркияға Стамбул шаһарына оқуын жалғастыруға аттанады. Үш жыл Бұқарада, бес жыл Стамбулда оқып теология ілімін терең меңгерген Бисен хазірет елге үлкен оқымысты болып оралады. Стамбулдан оралған соң, Қобда өзенінің бойы Жаманкөл жайлауынан атағы Ойыл, Қобда бойына әбден танымал әйгілі шебер Бірманның көмегімен мешіт салдыртады. Ол мешіт-медреседе сол өңірдің балаларын оқытып, тіл сындырып, ағартушылық ілімге баулиды. Ол үлкен рухани орталыққа айналады. Онда ол 16 жыл дәріс оқып, араб тілдеріне, діни тәрбиеге шәкірттер тәрбиелеп, имандылыққа үйретеді. Қызыл империяның дінге қарсы әйгілі қаулыларына дейін атағы дүрілдеп, ел құрметтейтін орын, қасиетті мекен болады.

        1928 жылдар шамасында, елдегі колхоздастыру дәуірі келген кезде бай-молда есебінде конфескіге ілігеді. Ауылдық кеңестің хатшысы 25 жастағы Сұлтан Бимағанбетов түнде келіп: «Хазірет жезде, ертең мал-мүлкіңді конфескілеп, өзіңді жер аударады. Бұйрық келді, кетпесең болмайды» - деп, хабар береді. Сол түні шағын түйелі көшпен Башқұртстанның Сақмар өзенінің бойына барып қоныстанады.

         1951 жылы Орынбор облысы, Ақбұлақ ауданына қоныс аударған кезде, хазірет тағы да істі болып 58 статьямен, халық жауы деген атпен ұсталып, Сібірге Иркутскіге 20 жылға айдалған. 1956 жылы Сталин өлген соң ақталады.

        Орынбор қаласы Чкалов есімімен аталған уақытында, Ақбұлақ аймағына орналасқан шағын Бортау заводына мемлекет тарапынан басқа жұмысшы қолы алып келінді. Бес жылда әскери қалашықтар салынып, әскери бөлімдер әкелініп тегін жұмысшы қолы ретінде, ұзақ жылдарға бас бостандығынан айрылған қылмыскерлерді, әскери күзетпен ұстайтын Тұзтөбе қаласындағы зонаға көшірді. Жергілікті халық үрейленіп, жұмыссыздықтан бас сауғалауға мәжбүр болған. Әскери қалашық жабық зонаға айналып, қазақ мектептері жабылып, ел жағдайы қиындай түсті. Осындай заманда хазірет әулеті де тығырыққа ұшыраған. 1963 жылы Бисен хазірет қартайған шағында балаларымен туған өлкесі Қазақстанға көшеді. Келіп қоныстанған жері Қобда ауданы, Сабынды көл елді мекені.

         Аса білімді діндар ғұлама, 1969 жылы 91 жасында дүниеден озып, өз өсиеті бойынша Құмсай елді мекеніндегі Бірмағанбет Көшімқұлұлы әулиенің жанына жерленген.

        Бисен Абдоллаұлы Стамбул қаласында оқыған жылдары түрік Мәтіл пашаның үйінде жүріп оның қызы-Палумен көңіл жарастырады. Елден рұқсат сұрауға келгенде әке қазасының үстінен түсіп, уәдені орындауға мүмкіндік болмайды. Туыстардың ұйғаруымен Рахманқұл ишанның София атты қызына үйленеді. Сәбилері шетіней берген соң інісі Уәлидің ұлы Ғалиасқарды бауырына салған. Кейінгі перзенттері – Палу, Османғали, Бибісара.

        1923 жылы София ана немере сіңлісі Алтынды екінші әйел етіп алып береді. Ол соғыс жылдары еңбек армиясына алынғаннан оралмаған.  Одан Темірғали, Жақсығали және бірнеше қыз балалары дүниеге келген.

        1945 жылы Байлы руының  46 жастағы жесір Толқын атты әйелге үйленген. Толқыннан ұрпақ болмаған.

        Оның қайта-қайта қудалануы ұрпақтарына да әсерін тигізбей қоймады.

Абдолла қажының арманы орындалды немесе мұхит асқан ұрпақ.

     Нағашы атасының арманының бірін орындаған немересі Нұржан 2000-2005 жылы Түркия Стамбұл қаласындағы Босфор университетінде оқыды. Диплом алу салтанатына барып, осы сапарда Түрік еліне табанымыз тигеннен, атамыз жүрген жерлерді, ежелгі қалаларды, Стамбул, Анталия, Бурса, Ізмір қалаларын айға жуық араладық. Әрине атамыз туралы дерек табу, қиын еді. Өйткені сан ғасырлық тарихы бар Стамбұл қаласы 1 ғасыр ішінде су тасқыны, жер сілкіну, соғыс тәрізді апаттарды кешкендігін, бізді қонақ қылған Стамбұл қаласындағы түрік жігіті Мәулет-бей әңгімеледі. Әйтсе де, кездескен Ізмірлік жолаушылар да, бабамыз туралы деректерді растады.  Жерорта теңізі – бабамыздың рухы қалған жер. Осы жерде болып, Жерорта теңізінен бір уыс топырақ алдық. Міне, біздің әулетке, маған, менің ұлыма міндеттелген баба амаманатын орындадық деп түсінем.

        2005 жылы ата-бабаларға бағыштап үлкен ас беріліп, Бисен хазірет бейітінің басына әкесі Абдоллаға арналған ескерткіш тақта ілінген. Және Түркия елінен Анталья жерінен, Жерорта теңізінен әкелінген тастар қойылды.

Абдуллина Жібек

Бисен хазіреттің немересі.

 

Омаров Рысқали (Амандық) Қыдырбайұлы:

Бисен хазіреттің көршісі, елге белгілі молданың естелігінен:

    Бисен хазірет атамызбен таныс болдық. Ол кісі дін оқуына, емдеуге, медицинада өте күшті адам болған. Адамның алдындағы болжамының бәрін айтып, кітапқа қарап оны шешіп отыратын еді. 1960 жылдардың басында көтеріліп ауырып, әкем мені Бисен хазіретке алып келді.  Мен 2 жыл ауырғанымда, ол кісі мені емдеген еді. Сонда, балам бері келші, тамырыңды ұстайын деп тамырымды ұстап:«Түбі хайыр, кетеді»- деді. Бисен атамен ауылда көрші тұрдық. Талай емделетін кісілер келетін еді. Бір күні бір машина келіп, ішінен ер кісі түсті қасында келіншегі бар.Осында Бисен хазірет деген біреу бар деп еді, соған келіп едік, келіншегім күн батарда осындай ауруға тап болды, - деді. Мен апарайн деп, Ассалаумағалейкум деп үйіне кіріп бардық, үнемі ақ көйлек, ақ дамбалымен жүретін еді. Балалар жөндеріңді айтыңдар деді. Сосын көк кітапты ашып көп оқыды, оқығандарын аударып беріп жатты. Сосын бір уақытта қазір екі ішірткі жазып беремін, біреуін қазір ішесің, екіншісін үйге барған соң ішесің деді. Сонымен олар кетіп қалды. Жазылған шығар, себебі мен ол кісіге емделгенімде, ұлан-ғайыр айығып кеткенмін. Бисен атамыз сияқты дарынды, көреген кісілер қазір жоқ қой. Бұл  Ақтөбе өңірінің аты аңызға айналған, заманында рухани азықпен елді сусындатқан, бүгінгі күнде ұмыт бола бастаған тұлғасы жайлы азды-көпті айтылған бір ғана  дерек. Ал мұндай текті жандар ол өңірде қаншама, Әрқайсысының орны бөлек, еңбегі ерек екенін бүгінгі ұрпақ ұмытпаса дейміз.

 

"Руханият" Ақтөбе облыстық музейінің жанында құрылған "Руханият" танымдық клубының төрағасы Ж.О.Абдуллина.

Өлкетанушы. Ерлан Сыздық.



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Қатонқарағай-3 бөлім.

«Қатонқарағай» ұлттық мемлекеттік паркінің шығысында орналасқан «Өрел» орманшылығына да келіп жеттік. Орман өмірі – кім - кімді де бей жай қалдырмасы анық. Жаныңа қуаныш сыйлап бақытқа бөлейді

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

27 Апреля 2017 09:00

Москва- рыбацкие приключения

27 Апреля 2017 09:40

Тайны плато Устюрт. Мототур 1 часть

27 Апреля 2017 10:00

ГНПП Каратау

27 Апреля 2017 10:35

Трофеи Авалона

27 Апреля 2017 11:00

Өр Торғай- ерлік мекені 3 часть

27 Апреля 2017 11:20

Дела вкуса

27 Апреля 2017 11:45

Дневник федерации

27 Апреля 2017 11:45

Клевый берег

27 Апреля 2017 12:00

Дневник федерации

27 Апреля 2017 12:40

Дела клубные

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram