Кенді Кентау қаласының құрылғанына 60 жыл!

08 Февраля 2016 0 1679

Адам тағдыры сықылды, қалалардың да тамырлы тарихы мен тағдыры бар. Негізі қаланғанына жарты ғасырдан асқан һәм тілімізге тиек болғалы тұрған Кентау қаласы да бай тарихқа иелік ететін байтақ мекен. Атына заты сай Кентау кенді қала. Қойнауында байлығы мол, қазынаға толы өңір. Ұлтымыздың ұлы перзенті, аса көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің: “Қаратау тәжі” деген тамсанысы тарихқа таңбаланып, көңілдерге берік ұя салды. Расында да, Кентау дәуірлеп тұрған тұсында Кеңестер Одағы көлеміндегі үлгілі қалалардың бірі болды.  1990-шы жылдардың басындағы қиын жылдарда Кентаудан жұрт үдере көшіп, қаланың тыныс-тіршілігі тұралаған қамкөңіл күндер де болды. Алайда, сол қиындықтарға мойымаған  қала бүгінде байыпты тіршілік тізгінін берік ұстап отыр. Шахар моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша еліміздегі 27 моноқаланың тізіміне енген Оңтүстік Қазақстандағы жалғыз мекен болуымен де ерекшеленеді.   

Тарихы:

      Кентау қаласы 1955 жылдың тамыз айында қарт Қаратаудың баурайында ірге теуіп, негіз қалады. Қала орнындағы алғашқы елді мекеннің атауы Мырғалымсай болатын. Мырғалымсай кен орны әлі де бар. Кентау қаласын құрудағы мақсат Ащысай полиметалл кенішін байыту жұмыстарын жүйелі жүргізу болатын. Кентау облыс орталығы  Шымкент қаласынан 260 шақырым жерде орналасқан. Киелі Түркістан қаласымен арадағы қашықтық 30 шақырымды құрайды.

Кеншілер аллеясы.

Сондай-ақ, Қала күні мерекесіне орай, қаладағы Абай даңғылында орналасқан «Кеншілер» аллеясы ашылды. Кезінде кен өндіруден рекорд орнатқан еңбек ерлерінің мүсіндері орналасқан бұл аллеяның жас ұрпаққа берер тағылымы мол. Жеті қабат жер астына түсіп, талай кенді қопарып, сыртқа шығарған алып күш иелері қандай құрметке болса да лайықты. Бабалар рухына тағзым еткен жастар да, ақ жаулықты аналар да, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен кеншілер де ұрпақтары атынан гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсуде. Шат-шадыман болып, қуанышқа бөленген мұндай мереке Кентаулықтардың көкейінде көпке дейін сақталатыны анық.

Мәдениет үйіндегі мерекелік концерт.

   Кеншілер аллеясынан шыққан қонақтар, мерекелік концерт өтетін мәдениет үйіне бет алды. Кентау қаласының 60 жылдығына арналған салтанатты жиын қала төріндегі  Ш.Қалдаяқов атындағы Мәдениет сарайында жалғасты. Мәдениет үйі көрермендер мен қала қонақтарына лық толы. Еліміздің бетке ұстар азаматтары мен зиялы қауым өкілдері жиынның көркін ашты. Концерт шымылдығы Кентау қаласының өткені мен бүгіні жайлы деректі фильммен түрілді. Фильм барысында өткен күннің бедерлі белгісіндей болған талай тарихи оқиғалардан сыр шертілді. Бүгінгі күннің балғындарына үлгі-өнеге боларлық тың деректер айтылды. Фильм бітісімен мерекелік концерт те басталды.   Қай мереке қазақтың күмбірлеген күйінсіз өтсін? Концерт шымылдығы түрілген сәттен соң, жан жадыратқан күй кезегі келді. Күй соңы ақындардың арнауына ұласты. Сахна төріне алғаш болып  Облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды көтеріліп, Облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың құттықтау сөзін жеткізді. Барша қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, облыс әкімінің алғыс хаттары мен облысқа сіңген еңбегі төс белгілерін табыстады.  Құттықтау сөзден соң, қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев мерекеге келген қала қонақтарына алғысын жеткізіп, Кентаудың келешегі кемел екенін тілге тиек етті. 60 жылдық мерейтойдың құрметті қонақтары қатарында Қазақстанның Бас мүфтиі  Ержан қажы Малғажыұлы, қоғам және мемлекет қайраткері Болат Жылқышиев, үлкен өнер қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов сынды аптал азаматтар болды. Қала әкімі қонақтарға «Кентауға 60 жыл» төсбелгілерін табыстап, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан біршама азаматтарға қаланың құрметті атағы берілсе, ардагер кеншілерге қаланың мерекелік төс белгісі табысталды. Мерекелік шара қаланың өнерпаз жастарының әсем әуендерімен жалғасып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй тарту етті. Әсіресе, жастардың Мырғалымсай кенішінің ашылуы жайлы қойған қойылымдары көпшілік көңілінен шықты.

Мерекелік көрме.

  Мәдениет үйінің кіре беріс залында құрылған Кентау тарихынан сыр шертер деректер мен тамыры тереңнен бастау алатын тарихи құнды жәдігерлерден тұратын мұражайлық көрме қонақтар мен қала тұрғындарының назарына ұсынылды. Кентау қаласының төңірегінде орналасқан көптеген көне қалашықтардан табылған археологиялық экспонаттар, Қаратау жынысында қалыптасқан кенді тастар, қаланың қалыптасуы туралы тарихи суреттер, барлық тарихи мұрағат, тіптен, қаланың болашағын көрсеткен бас жоспар да көрмеден орын алған.  Көрмедегі оқушылар жасаған макеттерді көрген қонақтар өздері оқыған мектептерін еске түсіріп, қызу әңгіме-дүкен құрысты.   Суреттерден бөлек, қаладағы нысандар оқушылар қолымен жасалған макеттерде көрме сәнін ашуда. Қала мерекесіне макет авторлары да өз үлестерін қосуды азаматтық парыз санаған. Кентауға қарасты Қарнақ аулындағы Шаммет Ишан мешіт-медресесі талай тарихи оқиғаның куәсі болған киелі орын.  Қарнақ ауылының тарихы тым тереңде жатыр.Балалық шақтан есте қалған нысандарды сарғыш тартқан суреттерден де тануға болады. Әсіресе, сол балалық балғын шаққа деген сағынышы үлкен адамдар ол кезеңдерді  жадында жиі жаңғыртады. Көлге шомылып, балық аулаған сәттер тіптен естен кетпес.

Балаби мешіті.

Мәдениет үйіндегі мерекелік концерт пен балалық шаққа сапарлатқан көрмеден соң, қала қонақтары қаладағы жаңадан ашылып жатқан мешітке ат басын бұрды. Кеншілер қаласының төл мерекесімен тұспа-тұс «Балаби қари» мешіті ашылуда. Бұрынғы балалар лагері болған орынға, міне, енді керемет зәулім мешіт бой түзеді. Алланың үйі заманауи үлгіде бой көтерген. Төрт бұрыштан көкке көтерілген мұнаралары алыстан менмұндалап тұр. Медресе-мешіттің ашылу салтанатына  жиылған үш мың адам  жұма намазын оқуда. Жиналған елде сан жоқ. Барлығы бүгінгі мерекені бір кісідей мерекелеп жатыр. Әсіресе, балалар жағы басымдау. Мешіт ауласына молынан ақ дастархан жайылған. Ақ шаңқаң қазақы киіз үйлер де бой түзеген. Елдің қуанышына ортақтасқан аузында Алласы, жүрегіне имандылық ұялаған, елінің елеулі, халқының қалаулы ел ағалары келер ұрпаққа өнегелі сөз қалдырып, өткен күндердің белесінен сыр ақтаруда.

Алтын ұя -мектебім.

    Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап, өмірінің соңғы күніне дейін талай қызығы мен шыжығына толы кезеңдерді бастан кешеді. Ол кезеңдердің әрқайсысының өзіндік қайталанбас тарихи сәті бар. Сондай  өмірдегі ең ұмытылмас сәттер деп мектепте өткізген уақытты айтуға болады. Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме. Мектепке тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың. Мектептен алған біліміңмен шыңдалып, үлкен өмірге қадам басып, талай тар жол, тайғақ кеше жүріп, өмір деген үлкен мұхитқа барып құйылған кішігірім өзендей араласып кете барасың. Мектепте өткен балалық шағың, ол – өміріңдегі шаттыққа толы кездер. Дәл сол кездер есімізде ең жарқын естеліктер болып қала бермек. Арада қанша жыл өтсе де, қанша жасқа келсек те, қандай мамандық иесі болсақ та, қай елде жүрсек те, сол бір естен кетпес балғын балалық шақтарымыз өткен алтын ұя – мектебіміз ардайым жүрегіміздің төрінде болатыны ақиқат. Қала қонақтарына да сол жүрек төрінен орын алған №23-Ә.Бөкейханов атындағы жалпы орта мектебінің есігін ашудың да сәтін салды. Мектеп директоры Манат Пазылбекқызы қуана-қуана қарсы алды. Осы сәттен бастап мектеп ішіне экскурссия басталды. Кентау қаласында туылып үлкен өмірге қадам басқан, бүгінгі 60 жылдық мерекені бөлісуге келген Роман Бейдалыұлы үшін бір үлкен қуаныш болды. Әр-бір сыныпта өткен балалық шақтың қайталанбас тәтті кезеңдерін еске түсіру кім-кімге болсада үлкен бақыт. Әр сыныптың сол бір кезеңдердегі тарихына сүңгіп, өткен күндердің елесіне айналған сәттерді еске алып сыныптарды аралап, отырған партанды, мұғалімдердің айтқан сабағын тыңдаған мезеттер бәрі-бәрі ыстық.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бар қазақта. Бабалар батасын, аналар аманатын арқалаған Роман Бейдалыұлы балалық шағының балғын өзеніне бір сүңгіп шықты. Туған жердің топырағы қашанда ыстық болады. Әсіресе, әкеден мал қалмай, тал қалған осы бір Кентау қаласы жүрекке жақын. Қала мерекесін Кентаулықтармен бірге бөлісіп қайтудағы басты мақсат алпыс екі тамырына қан бітіріп, үлкен жолға салған әкенің аманаттап кеткен сара жолымен бір жүріп өтіп, өткен күндермен қауышу болатын. 

          

Қорытынды:

  Бір замандарда Кентау шарықтады, биiкке самғады, тәуелсіздік жылдары құлдырап төменге де түстi. Бiрақ  қаншама қиын-қыстауды өткерсе де өзiнiң бейнесiн жоғалтқан жоқ. Бүгiнде егемендi елiмiзбен қатар алға басып, еңсесiн тіктеп келедi. Қажырлы да қайратты Кентаулықтардың ерен еңбегiнiң арқасында қала көркейе түсуде. Кентаудан  Республикаға танымал өнер қайраткерлері Райымбек Сейітметов, Сейдолла Бәйтереков, Әшірбек Сығай сынды еліміздің марқасқалары шыққан. Артында өшпес мұра қалдыра білген мұндай алып бәйтеректер тұрғанда Кентаудың аты қашанда шарықтап Қаратаудың тәжі тұғырынан түспек емес.

Сыздық Ерлан-Өлкетанушы.



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

17 Августа 2017 17:00

Инфотур город Туркестан

17 Августа 2017 17:40

Ясауи 850 жыл

17 Августа 2017 18:00

Живая книга

17 Августа 2017 18:20

Рыбалка в водоемах Казахстана

17 Августа 2017 18:30

Встречи в рыбацкой деревне

17 Августа 2017 19:10

Книга Абай. Оразалы Сабденов

17 Августа 2017 19:30

фильм о сайгаках

17 Августа 2017 20:00

2 международный турнир по футболу им.Каппарова

17 Августа 2017 20:30

Трофеи Авалона

17 Августа 2017 21:00

Ото всюду обо всем

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram