Рухани саяхат немесе шығыстағы 3 күн.

26 Октября 2015 0 2373

Ақ жаулықты ана.

Жазғы демалыстары  аптапты жаздың ыстығымен тұспа-тұс келген демалушылар бір сәтке болсада бос уақыттарын ел аралап, ағайын-туыстарына барып, ауа-райы салқын жерлерде тыныстағанды жақсы көретіні белгілі. Әріден соң студенттердің де оқу жылы аяқталысымен  ауылға асығатын кездері. Мұндай кезде поезға билет тапшы болатыны жасырын емес. Вокзалда сөмкелерін арқалаған жүргінші жолаушылардан аяқ алып жүре алмайсыз. Екібастұзға жету үшін Астанаға дейін поезбен барып, ары қарай автобуспен  жетпек болдым.  Вагон іші салқын болған соң жаным жай тауып ұйқыда келемін. Бір мезетте әйел адамның бірдеңеге көңілі толмай, ұрысып жатқан дауысынан оянып кеттім. Көзімді ашып төмен қарасам ақжаулықты асыл ана алдына демделіп келген шайға көңілі толмай ренжігендіктен келіндеріне ұрысып жатқан кейпі екен. Жолға деп салып шыққан қарт Қаратаудың етегінен теріп алынған киік отымен, нағыз бабымен демдеп ішетін үнді шайын ақжаулықты ананың алдына қойдым. Хош иісті шайды иіскеп отырып «шай деп міне осыны айтарға, осыдан демдеп алып келіңдер»- деп келінін зыр жүгіртіп жіберді. Киік отын қолына алып, « балам мына хош иісті шөпті біраздан бері қолыма түсіре алмай жүр едім, сені құдай өзі кездестірген шығар»- деп күліп қояды. Жүзінде жылылық байқалады. «Шіркін шайды бабыменен дайындап, қоюлатып сүт қосып, шөлді қандырып, мейірлене ішетін болдымғой одан қалса баратын жеріміз алыс, айтатын әңгімемізде жетерлік»- деп езу тартты. Айқайшы апамыздың аты Оразбике, жасы 80-де болғанымен самайына әлі ақ түспеген. Мемлекеттің арнайы  квотасымен  Қарақалпақ жерінен Алматының Шымалған станциясына,  бабалырының кіндік қаны тамған елге оралыпты. Қазіргі таңда 2 ұлды ұяға  3 қызды қияға қондырып 16 немере 5 шөбере сүйіп отырғандығын айтып өтті. Мықты денсаулығының арқасында 2 рет қажылыққа барып Алла алдындағы мұсылмандық парызын өтеп қайтыпты. Астананың Степногорск қаласындағы туыстарына құдалыққа әрі ағайын болып жиылып ұзатылған қыздың дүниесін жеткізіп, бір жағынан немерелеріне Астананы көрсетейін деген ниетпен келе жатқан беті екен. Ананың ұлтжандылығы тәнтті етті.

Асыл апаның ақ дастарханы.

Екібастұзда Асылтас апамыз құшақ жая қарсы алды. Екі бөлмелі үйі апамыздың кеңдігінен зәулім сарайдан кем түспеді. Аузын ашса жүрегі көрінеді деген  осындай апаларымызға арнап айтылса керек. «Балалы үй базар» деген немерелері де шулап үйдің сәнін кіргізуде. Дастархан жайылып, қою сүт қосқан шай артынан етте келді алдымызға. Әр өңірдің етінің дәмі өзгеше келеді екен. Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді деген осы шығар. Ас қайырылып, дастархан батасы берілген соң Екібастұз өлкетану мұражайының есігін ашудыңда сәті түсті. Мұражай қызметкерлерімен танысып, мұражай бөлімдерін тамашалап болған соң рухани орындарды аралау сапарына дайындалдық. Таңғысын темір тұлпарын сайлап Аман мен Таңат ағамыз да келіп жетті. Дала  сағымын қуалай, құмды кешкен түйе керуеніндей сайын сахараны артта қалдырып зулатып келеді. Темір тұлпар бабында екен. Жол-жөнекей Таңат ағаның әңгімесіне құлақ түре уақытпен таласып келеміз. Ия көп оқығаннан емес көпті көргеннен сұра деген Таңат пен Аман ағаның көпті көргендігіне тәнті болып, бір-бірімен жарыса айтқан әңгімелерін үзбей келеміз. Жол азабын жүрген біледі дегендей, бұл сапардың жол ұзақтығы осы ағалардың қызықты әңгімелері мен қысқаратындығына күмәніміз жоқ. Білмейтін жердің ой-шұқыры көп екені рас болсада, өз істерінің маманы болған қос ағамыз жол азабын байқатпай келеді.

Сергелдеңге салған Сарықыз немесе Нарғыздың тілегі.

Кенде  емес  қой  бұл  қазағым, ақыл  берген  данаға,

Кенде  емес  қой  бұл  қазағым , Ақ  сүт  берген  анаға-

деп  ақын  ағамыз  жырлағандай  Домалақ  ана, Айша  бибі, Қаншайым  ана, Қарашаш  ана, Бегім  ана, бибі  Мариям  ана, Рабиға  Сұлтан бегім, Гауһар  ана, Шаш ана секілді  аналардың  бойындағы  асыл  да  киелі  қасиеттері  дараланып тұратыны тарих парақтары мен аңыз-әфсаналардан белгілі. Кім білсін? Мүмкін Алла тағала Бибі қызға да ұзақ ғұмыр бергенде осындай қасиеттері ел аузында таңның атысы күннің батысы жыр болып айтылатын асыл жанды,  ел аналарының  есімдері сияқты кітап беттерінде жазылып қалар ма  еді. Қысқа ғана ғұмырында елді кереметімен таң қалдырған  Бибі қыз 1 жасында сөйлеп, 3 жасында арабша танып, 5 жасында адам емдеуге кірісіпті. Күндердің күнінде Бибі қыз әкесі Мамажайға «бүгін үйге келетін қонақты қалай қарсы алып дастархан жайсаң меніңде ғұмырым ниетіңе орай сол жайылған дастархандай болмақ»- депті. Сол күні құдай айдап арып –ашып, күннің ыстығынан шөл қысып, ерні кеберген диуана қонаққа келіпті. Диуананы көрген Бибі қыздың әкесі  орта кесеге айран құйдырып қолына бір үзім нан беріп шығарып салыпты. Өкінішке орай Алланың әмірімен болған сынаққа мән бермеген Бибі қыздың әкесі асып-тасып жатқан дүниесін қимай таршылық етіп, диуана ғой деп жеңіл қарапты. Бұл таршылықтың арты Алладан тілеп алған жалғыз қызына кесірі тиерін қайран әке сезбесе керекті. Сәске түсте Бибі қыз әкесінің бұл ісіне реніш білдіріп, «Әке осыншама дүниеңді қимадың, ақ дастарханды молынан жаймадың, келген қонақты диуана деп алаладың, Алланың жіберген сынағына мән бермедің. Кеңінен жайған дастарханыңа қарай Алла тағала маған соншалықты ұзақ ғұмыр берер еді»-деп киіз үйдің іргесіне барып 9 жасында  жанып өшкен шоқ жұлдыздай   дүниемен қош айтысыпты. Бұл 1904-19013 жылдары болған екен. Бибіқыздың мазарына  қазіргі таңда қызыл кірпіштен кесене тұрғызыпты. Екібастұздан зиярат етіп шыққанда жанымызда Баянауыл өңірінен Дәулет есімді жігіт  Нарғыз атты қызын ертіп шыққан болатын. Жол-жөнекей Нарғызды сарылығы мен еркелігі өзіне жарасып тұрғандықтан  Сарықыз атап кеттік. Жол қысқартқан ермегіміз сол Сарықыз, еркелігі бес елі. Сыңғырлаған күлкісімен жол бойы шаршағанымызды басып, сарайымызды ашып келеді. Жасының кішілігіне қарамай  зиярат етіп, Алладан ата-анасының амандығын, інісінің өсіп өнуін тілеп алақан жайып ниет етіп тұр. Сырт көз қарап сүйсінесін.

Баянбай ата.

«Ат аунаған жерде түк қалады» деген дана халқымыз әрбір жердің киелілігі мен қасиеттілігіне ерекше ден қойып, сол топырақтан шыққан дана да, дара перзенттерімен мақтанған. Семей облысы Шар ауданындағы Бибі қыз кесенесіне зиярат етіп болған соң Қалба тауларын бетке алып жүріп кеттік. Жарма ауданын артта қалдырып, Жанғызтөбе ауылынан 40 шақырымдай жерде Қалба тауларының етегінде орын тепкен Баянбай ата кесенесінеде келіп жеттік. Әулие кесенесін ақ кірпішпен көтеріпті. Асхана, мал сойылатын орын, зияратшылар жататын үйлер рет-ретімен салынып, келушілерге толық жағдай жасалған екен. Біздің ізімізді ала сонау Ресейден келген зияратшылар да лек-легімен ағыла бастады. Зулаған көліктері бірінен соң бірі әулиеге зиярат етуге келіп тоқтап жатыр. Құран бағышталған соң, кесенеден сәл жоғарырақта әулиенің өмірден өтерде Алланың нұры түскен құт мекені бар екен. Ол қазіргі кезде жуан ағаштардан қада қадап 99 таспих іспеттес жасалыныпты. Ел жадында бұл орын адам бойындағы жамандық пен ауыртпалықтан, түрлі  кеселдерден тазалайтын орын болып саналады екен. Соңынан денеге қара балшықты жағып артынан бұлақ суымен жуынып бойды тазартады. Баянбай атаның шырақшысы Амангелді ағамен сұхбаттасудың да сәті келді. Баянбай атаның бибісі Алтынсары  апамыз 13 құрсақтан қалған жалғыз тұяқ екен. Ол кісіде 13 бала дүниеге әкеліп, содан Амангелді ағамыздың анасы Күләй апамыз ғана тірі қалыпты. Амангелді ағамыздың әкесі Кәрімхан атамыз 1938 жылы әскерге алынып, артынан соғысқа қатысып 1946 жылы елге оралыпты. Сонда поезда келе жатқан Кәрімхан атамызға Баянбай ата түсіне кіріп аян беріпті. Түсінде «Разъезде алдыңнан сары шашты толықша келген қыз жолығады, аты Күләй, сол сенің мәңгілік жарың болады»- депті. Расындада разъезде поездан түскенде аянда айтылғандай  сары шашты толықша қыз кездесе кетеді. Аты Күләй екенін сұрап білген соң ауылға келіп анасы  Мәриямға мән-жайды түсіндіріп сол Күләйді жар етеді. Күләй анамызда 13 құрсақ көтереді. 1959 жылы қылышын сүйреткен қахарлы  қыс айында  Амангелді ағамыз дүниеге келеді. Міне сол күннен бастап Амангелді ағамыз Баянбай атаның  қарауында болып, өсіп-өніпті. 1993 жылы Амангелді ағамыз Алланың әмірі, нағашы атасының қалауымен Қалба тауының етегіндегі баба әруағына қызмет етуге келіп қоныстаныпты. Баянбай атамыз өз заманында иманы мықты, өзенді теріс ағызатын діндәр жан болыпты. Ел арасында тура қылды қақ жарған, дуалы ауыз, ел арасындағы дауды бұра тартпайтын иманымен елді ұйытыпты. Кейінгі ұрпақ осындай тектіде асыл жанның шапағатын осы күнде көріп жатқан жайы бар екен. Бұлағына келіп шомылып, балшығын жағып әр-түрлі дерттеріне ем болып жатқан жайы бар екен. Әсіресе ісікке шалдыққандар жиі келіп, дертеріне шипа тауып жататындығын Амангелді ағамыз алға тартты.

Абай мен Шәкәрім рухына тағзым.

Семей өңірі Жидебай ауылы Абай мен Шәкәрім кесенелері қоныс тепкен мекен. Тегінде «Топырағына тартып туған» деген тәмсіл есіңе оралады осындайда.

Тарихи тұлғаларға айналған қазақтың қайталанбас ұлдарына анықтама берудің өзі артық. Бұлар қазақтың бас классик ақыны, ағартушы демократ, рухани мақтанышы, композитор, философ, саясаткер, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы  Абай  атамыз бен кеңестік заманның әділетсіздігінен зардап шегіп, кешегі солақай саясат кесірінен туған елжұртымен кеш қауышқан көрнекті ақын, философ әрі сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Алаштың туын айбынды биік көтердің,

Сырың мен сан мың шежіреңменен жетер күн.

Қайран қаласың қасиетіне еріксіз,

Абай, Шоқан, Шәкәрім туған мекеннің-

деген өлең жолдары еріксіз ағыла береді. Қос ақынның кесенелері алыстан ағарып көрініп тұр. Бұлда болса қазақ әдебиетінің ақ туы желбіреп тұрғандай көрінді көзімізге. Ерекше стилмен салған қос кесене бір-біріне жақын орналасыпты. Жолшыбай қазақ даласының барлық рухани азығын ақ сүтімен  бойна дарытуға септігін тигізген Абай атамыздың ұлы шешесі Зере  мен Ұлжан анасының кесенелеріне соға кеттік. Бұл  бүкіл қазақ елінің анасына айналған қос ананың кесенесі күллі қазақ халқының қара шаңырағы іспеттес (киіз үйдің формасында) салынғандығы көрініп тұр. Абай мен Шәкәрім бабалардың кесенесі үлкен аумақты алып жатыр екен. Мешіті мен амфитеатры  қоса салыныпты. Қазіргі кезде күрделі жөндеуден өтіп жатқандығын байқадық. Сондада келушілер толастамай тұр. Әсіресе сол өңірдегі мектеп оқушыларын алып келіп бабалар мұрасымен таныстырып, қасиетті рухтарға тағзым етуді жақсы жолға қойыпты. Абай атамыздың  өміріне терең бойлау үшін музейіне соғуды жөн көрдік. Ия музей деп осыны айтарға. Бойына күш қуат беретін рухани азықпен сусындайтын нағыз киелі мекен. Әр-бір затын қолмен ұстап, естелік суретке түсіп, Абай атамыздың көзін көріп, өзімен қауышқандай әсер алып Кеңгірбай бидің кесенесіне жолға шықтық.

Кеңгірбай би.

Ұлы Абай: «Кеңгірбай би ел басшысы болмаса Тобықты әркімге сіңіп, телім болып кетер еді»-деген екен.

Жидебайдағы Абай мұражайынан 12 шақырым жердегі Кеңгірбай би Жандосұлы– Арғын, Тобықтының атақты биі, көреген ел басшысы, есімі елінің ұранына айналған, бүгінде аруағына ұрпағы сыйынатын киелі бабасы.

          Қазақ халқы шапқыншы жаумен қаша соғысып "Ақтабан шұбырынды... "болып жүргенде Кеңгір өзенінің бойында (1735 жылдар шамасында) дүниеге келген баласына Кеңгірбай деген есім беріпті. Ғұмыры қазақ  халқы өзінің елдігін, жерін сақтап қала ала ма, жоқ па, дейтіндей арпалысты ауыр  сәтке тұспа- тұс келген Кеңгірбай жастай елін қорғауға аттанып найзагер батыр танылады.

           Ел билігіне ерте араласып 17 жасында ұлы Абылай ханнан би атағын алады.

           «Арғынның әрі биі, әрі ғұламасы-Әнет бабасынан» кейінгі  ел басшысы болған Олжай би, сазгер, батырдың кенжесі-Жандос батырдың ұлы Кеңгірбай би елін ата қонысы Шыңғыстауға бастап алып келіп ақыл-айламен, күш-қайратпен оған қоныстандырғанда тобықты жұрты небәрі 200-дей отбасы болыпты. Екі дария (Балқаш Ертіс) арасын, Шыңғыстау жотасын ешкімге еншілес емес қоныс ету үшін Қараменде, Көбей... билермен, Мамай,Тоқтамыс,Бақай... батырлармен, соңынан ерген елдің ынтымақ-берекесін қалыптастырып, оған сүйене білген Кеңгірбай би «қан қабырғадан, тер тебінгіден» келсе де қайыспайтын қайсар, алған бетінен қайтпайтын табанды, тегеурінді басшы болғандықтан Қабан би (Қабекең) атанған. Ешкімнен қаймықпай, ешкімге кіріптар болмау үшін күрескен Қабекең «Әнет бабам емес пе менің атам...» деп жұмбақтап өзінің арман-мақсатын да , үкім-жазасын да, мұрат-мүддесін де астарлап айтатын сөзге шешен, ойға сұңғыла, көреген, қазақ халқының даналығын, «Жеті жарғының» талабын жете меңгерген, әрі оны берік ұстанған кемеңгер, қайраткер. Өктемдік иесі орыс үкіметі Қабекеңді екі рет абақтыға қамап, сақалын кесіп жазалап, Итжеккенге айдамақ болса да райынан қайтара алмайды. Ақыл-айласы мол, рухы мықты Қабекең одан да аман-есен шығады.Ол Сарыарқаға мұсылмандық қағидасын тұңғыш таратушы, насихаттаушы болған діндар жан. «Әке жолдас, өлім ортақ» деп Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Мамай батырдың сүйегін апарып жерлеген. Әнет бабасы мен Көкенай батырдың, әкесі Жандос би, батырдың басына мінажат етіп қайтарда «Еліміз қараңғы оқу-білімнен кенже қалған...» деп Шыңғыстауға Бақшайыш ұрпағын шақырып, өзімен бірге Мұхамет Зарип Мүзит Халил деген адамды ерте келген. Ол кейінде Кеңгірбайдың молдасы атанып бала оқытқан. Сары молда атанған екен. Ел үшін арқалымен алысқан батыр, азулымен шайқасқан қаһарман, марқасқамен айтысқан шешен би егде жасқа келгенде өзі тәрбиелеп баулыған немере, шәкірті—Ырғызбай ұлы Өскенбайға ел билігін беріп өзі оған сырттай ақылшы болған. Ұзақ жыл әділетпен, кемеңгерлікпен елін басқарып, жеті Момынның ата қонысын алып беріп тобықтыны іргелі ел еткен Қабекең 1825 жылы дүниеден қайтқанда қасиетті сүйегін Шыңғыстаудың бауырындағы Қарауыл өзенінің жайылмасын көмкеріп тұрған Ақдалада жүзіп келе жатқан кемедей көрінетін, өзі өсиет еткен—Самал төбеге жерлепті. Сәби шағында киелі Би атасы берген бата қабыл болған Құнанбай қасиетті бабасының басына қырық серкенің қылы мен майын қосып кірпіш құйғызып, қырық жылқының жал-құйрығын күзеттіріп қосылған лаймен зәулім күмбез тұрғызған екен. Ол бұл күнде ары таза, иманы кәміл жандардың келіп мінажат ететін қасиетті орынға айналған.Қасиетті бабаның басына келушілер өзінің бақыты мен қуанышына тәуба етіп, көңіліне қаяу түскен пәндалар жанына сая, сырқатына дауа, келер күндеріне игілік пен ырыс, саушылық пен тыныштық, ынтымақ пен береке тілейді. Қасиетті бабаның рухынан қуат, даналығынан нәр алады. Деректер Кеңгірбай ата кесенесіндегі музейден алынды.

 Қоңыр әулие үңгірі.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына қарасты археология-этнология орталығының ғылыми қызметкері  Еңлік Абеуваның деректеріне сүйенсек:

 «Қоңыр әулие» үңгірі Семей қаласы Абай ауданы Тоқтамыс ауылының маңындағы жерде орналасқан. Шыңғыс тауды бөктерлеп ағатын Шаған өзенін бойлай жүргенде, оң жақ жағалаудан Ақтастының жалдары көрінеді. Ақтастының алқымында жергілікті тұрғындар «қалмақ қорған» деп атап кеткен қалың қорым бар. Осы қорымды өрлей жүрген жан әйгілі «Қоңыр әулие» үңгірінің аузына тап болады. Үңгірдің кірер аузы кең.   Оның биіктігі 25 метр, ұзындығы 120-150 метрді құрайды. Ішінің биіктігі 7-16 метр шамасында, ені 40-50 метрдей.Түбінде тұщы сулы үлкен көл бар.  Кейбір ескерткіш тастарда қазақ руларының таңбалары сақталған. Мүмкін бұл жерде әйгілі шайқастар өткен. «Қоңыр әулие» үңгірін кезінде М.П.Русаков, Н.П.Разумовский, Н.И.Наковик сияқты геолог ғалымдар зерттеп, жазбалар қалдырған.

         Қоңыр әулие үңгірінің атауына келетін болсақ, көптеген адамдар бұл жерде әулие адам өмір сүрген деп ойлайтын шығар. Бірақ бұл бұрыс болжам. «Қоңыр» сөзінің этнонимін талдасақ, тура мағынада қоңыр түсін білдіреді, ауыспалы мағынада салқын, қоңыржай деген мағынаға сай келеді. Бірақ неге әулие қатарына жатқызылады ? Бұрыңғы кездері үңгірге кіре беріс жерде 15-ке жуық балбал тастар орнатылған. Қазіргі кезде ол тастарды кездестірмедік.  Жеті тайпалы қимақ елі 7 ғасырда манихейлік дінді қабылдады. Манихейліктің негізі күн мен қараңғылықтан бастау алады. Адам күннен күш алып қараңғылық күштерімен күреске түседі. Қараңғылық күштері «могур» деп аталған арыстан басты айдаһар кейпінде болған. Гардизидің деректеріне сүйенетін болсақ, қимақтарда «аджилар» яғни айдаһарлар деп аталған тайпа болған. Ал айдаһар ашық жерде өмір сүрмейді ғой, яғни оның жері қара үңгір болған. Осыдан шығатын қорытынды, ерте кездері бұл үңгірде «могур» деп аталған айдаһар өмір сүрген.

         Сонымен қатар бұл үңгірді жоңғарлардың кезімен байланыстырады. 12 ғасырдан бастап сегіз тайпалы найман бірлестігі құрылады, ал қимақ ұғымы бұл кезден бастап жоғала бастайды. Наймандар қимақтардың мекендеген жерлерінде өмір сүріп, манихейлік ағымды таратқан.  Ал Шаған соғысы кезінде қазақтар бұл үңгірдің бар екенінен мүлдем бейхабар болатын. Бұл жоңғарларға қолайлы болды.  Үңгір оларға «Шивет Монур», яғни «күміс қорған» секілді қызмет атқарды.  Қазақтар бұл үңгірді сол кезде неге білмеді деген сұрақ туындайды. Әрбір жаңа дін өткен діннің белгілерін жоққа шығарады. Сол себепті манихейлік ағымның табынатын орны болған бұл үңгір қазақтар тарапынан қызығушылық тудырмады. «Монур»  сөзі кейінірек «қоңыр» сөзіне ауысып, айдаһар мағынансын білдіретін «могур» сөзі «үңгір» сөзіне сәйкес келген.  Яғни «Монур-унгур»  «күміс таудағы үңгір» деген мағынаға сай келеді [Карибаев Болат Хамзаұлы. Сакральные истины топонимики Чингистау. с.Токтамыс, 2004. - 5с.].

Ал енді үңгірдің өзіне келетін болсақ:

        Үңгірдің кірер аузы тар.  Алғашында 84 см, ортасы 60 см, соңында 106 см-ден кейін үлкен аумақ көріне бастайды. Ішінің биіктігі 7-10 метр шамасында, ені 40-50 метрдей.  Түбінде аумағы 25х20 тұщы сулы үлкен көл бар.   Ол жердің суы соншалықты суық, адамның қол-аяғы бірден тартылып қалуы мүмкін. Керемет өзен өз бойына көп ғажайыптар мен шешілмеген құпияны жасырады. Мұздай судың астында не бар екенін ешкім білмейді. Жергілікті тұрғындар бұл суды қасиетті деп есептейді. Үңгірге адам тек таза ойлармен келуі керек, шылым шегуге, жаман сөздер айтуға болмайды. Әйел адам үңгірге ұзын көйлекпен, басына орамал тағып кіруі қажет. Қасиетті деп саналатын бұл жерде асхана, қонақ үй секілді  құрылыстар салынған. Ем-домына шипа іздеп келген адамдар қасиетті деп саналатын өзенге барып шомылып, құрбандық шалады.  Яғни қазіргі уақытта бұл үңгірдің атқаратын функциясы қасиетті, киелі жер дегенге сай болып отыр.

Үңгір суының суықтығы соншалықты 1,5 литрлік ыдысты суға толтырамын деп екі қолымен бірнеше рет кезек-кезек ауыстырып ұстауыма тура келді.Сол жерге зиярат етіп келушілерден естігенім, бірнеше рет инсульт алып, денесі жартылай сал болып орнынан тұрудан қалған апамыз осы Қоңыр әулие суына келіп шомылған соң аяқ-қолына жан бітіп, өз бетімен жүретін болыпты. Сондықтанда бұл әулиеге жаз айларында бірнеше рет келіп түсіп кетеді екен. Кеңестік жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезде  елдің арасында Қоңыр әулие  үңгіріне барып намазын оқып, мінажат етушілер саны күн санап көбеюде деген желеумен әскерилерді араластырып үңгірді жарып жібермек болады. Қоңыр әулиеге жақын қалғанда автокөліктері бұзылып, көмекке көлік шақыртады. Көмекке келген көлік үңгірге жетер жолда жарылып кетіпті. Бұл да бір Алланың кереметі шығар деп түйдік.

Саржал ауылының сары қымызы.

Жолшыбай Семей өңірін қымызбен қамтамасыз етіп отырған Саржал ауылының қымызын ішудің сәті түсті. Әр өңірдің шөбіне қатысты болуы керек Саржалдың қымызы ащылау келді. Шөл қысқандықтан ащылығына мән беріп жатқан біз жоқ. Семей қаласын күніне 4000 литрге жуық қымызбен қамтамасыз ететін ауылдың әр тұрғынының үйі алдында ең кемі 10 биеден байлаулы тұрғанын көріп таң қалдық. Ауыл тұрғындарының  шаруасы дөңгеленген деген осы шығар. Көліктегісі де , жаяу жүргеніде келіп тоқтап амандасып қымыз қажетпе деп тұрғаны. Бұл қазақтың қонақ жайлылығының тағы бір көрінісі болса керекті.

Уахит Хазірет.

 Шығыс сапарынан оралған соң Асыл апаның айтуымен тағы бір күн кідіріп Павлодар қаласынан 174 шақырым жердегі Шалдай елді мекенінің қарағайлы орманында орын тепкен Уахит Хазірет бабамызға беріліп жатқан астан аттап өтпей  кесенесіне ат басын бұрдық. Сонау қасиетті Меккенің зәм-зәм суын алдырып, бабаның құдығына құйып елге таратып жатқанының куәсі болдық. Асқа келушілерде сан жоқ. Кесенесін жаңартып, сонау Украйна елінен қыш алдырып қалатыпты. Қасында бибісінің де кесенесі бар екен.  Бірнеше жыл бұрын орманды өрт шалғанда, сол өртпен арпалысып жүріп орман шаруашылығының бастығы мен трактор жүргізушісі, көліктері бұзылып өрттің ортасында қалып, бақилық болыпты. Бір қызығы күллі орманды өрт шарпып жатқанда Уахит Хазірет кесенесінің 1-шаршы шақырымдай аумағын тілсіз жау құрығына іле алмапты. Тура бір әдейілеп сол аумақты өрттен қорғап қалғандай болыпты. Мұны ел Хазірет киелілігіне балап отыр. Бұл да босла көкірегіне иман нұры хатталған текті жанның шапағаты болса керекті. Жаңа қыштан кесене салынбай тұрғанда бұрынғы кесенесі қара май жағылған темір жолға төсейтін шпалдан салынған екен. Бірде Хазірет шәкіртінің түсіне аян беріп, «Менің ескі кесенемді қасымдағы бибімнің қабіріне қойындар, аяқ асты болып шашылып, отын болып кетпесін, оныңда басы қарайып тұрсын»- депті. Сонда кесенені жанындағы бибісінің мазарына кранмен көтеріп қоямыз дегенде орнынан қозғай алмапты. Бұл тылсым дүниенің жауабын табу үшін шәкіртті шақыртыпты.  Шәкірті келіп дұға етіп болған соң, кранмен көтере алмаған ағаш кесенені алты адам орнына қозғап Хазірет бибісінің мазарының үстіне қойыпты. Естімеген елде көп деген осы шығар. Артымызда Екібастұз, Павлодар, Семей өңірлерінде жүріп өткен рухы асқақ   бабалар ізі  сайрап жатыр. Реті келсе тағы бір оралармыз деген оймен қимай қоштасып, өткен күндер көз алдымыздан сағымдай өте берді.

                                   Ерлан Сыздық-Өлкетанушы.

 



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

20 Октября 2017 09:10

Или- Балхашская регата

20 Октября 2017 10:00

NOMAD EXPLORER: Тайны Устюрта 1серия (рус)

20 Октября 2017 10:30

Водохранилище Бадам. Чемпионат РК среди юниоров по байдарке

20 Октября 2017 11:00

Инфотур город Туркестан

20 Октября 2017 11:30

Ясауи 850 жыл

20 Октября 2017 12:00

ГНПП: Отырар орманы 2 часть

20 Октября 2017 12:20

Инфотур город Шымкент

20 Октября 2017 12:40

Рыболовный форум

20 Октября 2017 14:10

ГНПП: Отырар орманы 3 часть

20 Октября 2017 14:30

Дело вкуса: Шашлык из сома

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram