Қарт Қаратаудың ішкі туризмдегі туристік нысандары.

02 Сентября 2015 0 1815

Тоғыз жолдың торабындағы қасиетті Түркістан шаһарының мәртебесін асқақтатып тұрған көк күмбезі аспанмен таласқан  Қожа Ахмет Ясауи  кесенесі. Сағанада  жерленген ұлы бабаларымыздың шарапатын бүгінгі ұрпақ молынан сезініп жүрміз. Дегенмен Ясауи кесенесі өңіріміздегі киелі мекендердің кіндігі іспеттес ғасырлар сырын әлі де болса ішке бүгіп жатқаны ақиқат.   

Түркістан атырабының шоқтығын биіктетер және бір құтты мекен ол қарт Қаратау. Қаратаудың сан  сілемдері мен жықпылды жоталарымен кімдер жүріп өтпеді десеңізші. Тау қойнауларынан күн нұрына шағылыса ағып жатқан зәм-зәм бұлақтар  менкөрген жанды еліктірер тастан тасқа ырғыған толқынды өзендері, тау етегін қош иіске бөлеген жусан мен қырық түрлі ауруға ем болар қасиетті емдік шөптер.

Міне, сол табиғат сұлулығы мен кереметіне ие Қаратау бағытына қарай  автокөлігімізбен жолға шықтық. Бұл сапарымызда Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі тарихи-мәдени рухани орындарынан бөлек  Қаратау аймағындағы сарқырамалары мен үңгірлері әрі таңбалы тастардың мекенін ішкі туризм саласында қаншалықты дамытуға болатынына көз жеткізу болатын. Күннің ыстығына шыдас беріп, тездетіп салқын да саф ауасы танау желпінткен тау бөктеріне жеткенше асығыс зулап келеміз. Теңіз денгейінен 1337 метр шамасындағы биіктікке көтерілмекпіз. Жол бойында Темір астау тауының етегінде киіз үй тігіп, ауылдың сиырын бағып отырған  Жұман ағамыздың үйіне де келіп жеттік. (Темір астау тауы құдды су жағасында жатқан қолтырауыннан айнымайды.) Жұмекеңнің кемпірі барын алдымызға тосып, піскен айранын толтыра құйып сусындатып жатыр. Ащы құрты, сілекейіңді шұбыртатын балдай тәтті сары майы, кең пейіліндей таусылмайтын апамызға ризашылығымызды айтып жолға жиналдық. Таудың қиын-қыстау жолдарымен көтеріліп, жонның үстімен келеміз. Қала алақандағыдай көрініп тұр.

Азық-түлігімізді бөлісіп, тау етегіндегі бір аяқ жолмен Жылаған атаға қарай түсіп келеміз. Иір-иір жол құтты мекенге де маңдай тіретті. Тастан қаланған тапшандардың біріне жайғастық.  Шаршағанымызды аздап болса да басқан соң, Жылаған атаның баласы ңайып болған  үңгірге шығып қайттық. Үңгір көлемі 500 кісі емін-еркін сыйарлықтай екен. Тамаша жер екен. Толассыз тастан-тасқа ырғыған өзенді тамашалап, қызықтап жүргенімізде түскі ас мерзімі де жетті. Әңгіме-дүкен құра отырып киікотын қоса демдеген шайдан құмарлана іштік..  

Әңгіме арасында ертенгі баратын жерлеріміз «Қалмаққырылған» үңгірі мен  «Қараүңгір»  деген жердегі тастағы таңбалы суреттер туралы да қозғадық.Тездетіп көзбен көргенше асығыспыз. Таң ата сағат 5-тер шамасында жолбастаушы Бақыт ағамыздың соңынан ілесіп жолға шықтық. Қасиетті Қаратау бөктері қашанда сырға толы. Табиғаты тылсым, әр бір өскен жусаны, әр бір шиыршық құмы әлде бір сырды бүккендей құпия кейіпте. Адымдап басқан әр қадамымыз бізді бейне бір өзге әлемге бастап бара жатқандай сезіндік. Жылаған атадан жонға көтерілген соң 15 шақырымды артқа тастап «Қалмаққырылған» үңгіріне де келіп жеттік. Жан алыса, жан берісе атадан қалған атырап мекенді жауға бермей қорғаған қас батырлар Бөгенбай мен Қабанбайсынды арыстан жүректі арыстар қалмақтардың қанын судай ағыза, төсінде ат шаптырым жерді қызыл қанға бөктірген мекен Қалмаққырылғанмен аттас жер Қаратау төсінде де бар екен. Қалмаққырған үлкен үңгір екен. Бақыт ағамыздың айтуына қарағанда бұл орында бір кездері халқымыз қалмақтардан қорғанған екен. Себебі жан-жағы бақылауға өте ыңғайлы, сол кездегі тастардан қаланған қорғандар орны әлі де тұр. Ортасында 5-6 бөлмелі үйдің көлеміндей үңгірі бар. Үңгірге бір жағынан кіріп екінші жағынан төмендегі үңгірге баруға баратын жолы бар екен. Төмендегі үңгірге 100 шақты адам емін еркін сыйып кетеді. Қалмақтардан қорғанған кезде бала-шаға мен әйелдерді, карияларды осы үңгірге жасырған көрінеді. Үңгір төңірегінде мал баққан қойшылар садақ жебелерінің ұштарын, құмыра сынықтарын  тауып алған кездері де болыпты. Қалмақ қырған үңгірінен кеш батпай  тасқа салған суреттері бар Қараүңгірге жеткенше асығыс жүріп кеттік. Алып Қаратаудың әр- бір жартасындағы сырлы сурет, бұл тарихтың таңбалары. Сонау тас дауірінен бастау алатын тарихтың кілті де міне осы Қаратау бөктерінде. Оншақты шақырымды артқа тастап Қараүңгірге де келіп жеттік.  Біз бейнебір үлкен үңгірді көз алдымызға елестетіп келген болатынбыз. Ашық алаңқайда, тау етегінде  ашық аспан астындағы сурет көрмесіне тап болдық. Әсіресе қара тастарға салынған суреттер сулулығымен жаулап алды. Бұл тастардағы суреттерді таспаға, фотоға түсіріп алып, ХҚТУ-ге қарасты ғылым орталығындағы археология бөлімінің ғылыми қызметкері Мұрғабаев Сағынбайға көрсеткенімізде, суреттердің хронологиясы былайша тарқатылды:

 Б.э.д II-мыңжылдықтың ортасы, қола дәуіріне жататын – тасқа ойылып салынған адамның бет әлпеті, өгіздер, арба, жыртқыш аңдар.

Қола дәуірінің соңына, ерте темір дәуіріне жататын суреттер, иттің , қабанның суреті, түйе жетектеген адам, билеп жүрген екі адам суреттері, орта ғасырлық кезеңге қатысты - арқарлар үйірімен жүрген суреттер, ал сақ кезеңіне қатысты тасқа қашалып салынған өгіздердің суреті бар екен. Бұл суреттер Қаратау өңірінде бірнеше кезеңдерден бері адам баласы мекен етіп келе жатқандығын  дәлелдесе керек. Қараүңгір арқылы теріскей өңірі алақандағыдай көрініп тұр.

Көз алдымда тұтас бір елдің тарихы...Менің өз елімнің, Қазақ халқының тарихы... Тауекел хан өз басын бәйгеге тігіп, қазақ елін аман алып қалу үшін алып қамал соқтырып, қарға тамырлы қазақ баласы басына береке тапқан құтты мекен Созақ шаһарыда тура алақандағыдай. Тарихтың төрелігіне мойынсұнып, арыстанды қарабас желі иінін тоздырған көненін көзіне айналған ескі Созақ қаласының орыны мен мұндалап тұр. Қараүңгірдің тасқа салған сурет көрмесін тамашалап, суретке, бейнетаспаға түсіріп жүргенде Қаратаудың кешкі салқыны да  сезіле бастады. Бақыт ағамыз «кеш болып барады, қазір салқындайтын түрі бар, оның үстіне жел де күшейіп барады, мұнда қона алмаймыз, не де болса Ақүйікке жетіп қойшыларға түнеп шығамыз»- деп, жүруге ыңғай танытты. Бір-бірімізден қалыспай тау үстінде желмен алысып жүріп келеміз. Бірнеше шақырымды артқа тастап, төмен қарай ылдилаған бір аяқ жолмен Қаратаудың Теріскей жақ бетіне қарай түсе бастадық. «Мына түсіп келе жатқан жеріміз- «Қылқима» деген жер»- деп Бақыт ағамыз бізге Қаратаудың экскурсоводы сияқты таныстырып келе жатыр. «Бұл жермен түскенше де екі шақырымдай жүріп өттік, енді алдымыздағы тау шатқалын ассақ  Қосайкезі арқылы Ақүйікке де жетіп қаламыз»- деп жымиып қояды, біздің шаршағанымызды ұмыттырып, бір сергітіп алмақ боп, ал өзінің жүзінде шаршау деген байқалмайды. Қосайкезіне келгенде атау тарихын сұрадық, Бақыт ағамыздың ақсақалдардан бала кезінде естігені:

Қазақ-қалмақ болып соғыстың өршіп тұрған кезі екен. Қалмақ жағы басым түсіп, қазақтарды қыспаққа алып, күш көрсетіп тұрса керек. Сонда елді жиып, мазақ етпек болған қалмақтар- «Ал қазақтар кімің бар жекпе –жекке шығаратын біздің батырмен-деп,  өздерінің алып денелі дау қара, бұжыр бет батырын ортаға шығарыпты. -Мықты болсаңдар біздің батырды жеңіндер, сонда сендерге бостандық береміз»- деп, қарқылдапты қолбасшылары. Алып денелі, сом иықты екі йығына екі жігіт мінген қалмақ батырынан қорқып қазақ жағынан ешкім шыға қоймапты. Ал дәу қара болса қомағайлана  бір өзі бір қойдың етін тауысып, тісін шұқып отырыпты. Сол кезде намысқа булыққан 90 жастағы Қосай батыр атамыз жас шамасына қарамай мен шығамын,- деп ортаға келіпті. -- Бұл қаусаған шал мені мазақ етіп тұр ма?- деп алғашында қалмақ батыры мән бермепті, алыса келе Қосай батырдың да осал емесі байқалады. Екі батыр алысып жатыр алысып жатыр, бірін-бірі жыға алмай қара терге түсіпті. Қаусап тұрған қартының  өзі мынадай қара дәуге ырық бермей тұрғанын көрген қалмақ қолбасшысы сескенейін депті. Қазақтар жағы Қосай батырдың жекпе-жегіне тәнті болып, манағыдай үндемей тұрмай, енді бастарын көтеріп «аруақ» «алып ұр»,- деп шуылдап қолдай жөнеледі. Сол кезде қалмақ қолбасшысы жекпе-жекті тоқтатып, өз батырын шақырып алып, «Мына шалды жеңбесен басын кетеді»- депті, ал қазақтар жағы болса Қосай батырды қоршай қалып «Неге алып ұрмайсын дегенде, Қосай батыр оның ішіндегі қиы кетсін, сол күш беріп тұр, сонда барып алып ұрамын»- депті де, білек сыбанып, қайта алысыпты. Айтқанындай  түс шамасында басталған күрес, кеш бата қалмақ батырының күш қуаты таусылып әлсірей бастағанда Қосай батыр алып ұрыпты. Содан қалмақтар жағы жеңілгендерін мойындап, қазақтарды босатыпты. Ал ел аузында осы жер Қосайкезі- деген атпен  аталып қалыпты, -деп Бақыт ағамыз алдымызға түсе берді.

Иә ел басынан не бір қилы –қилы замандар өтіп, тарих беттерінде өшпес із қалдырды. Мұндай батырлардың есімдерімен аталатын қыр, өзен, кез, шоқылар қазақ даласында  көптеп кездеседі.  Шаршап-шалдыққанымызға қарамай Бақыт ағаның жүрісіне ілесіп келеміз, Күн ұясына батып барады, біздер қойшының үйіне жеткенше асығыс келеміз. Бір мезетте алмалы баудын жағасындағы, мөлтілдеп ағып жатқан бұлақ басына келіп қисая кеттік. Алмасы майдалау болғанымен тәтті-ақ. Бұлақ суынан мейірлене ішіп, ыдысымызға құйып алдық та «Ақүйік қайдасың»- деп жөнеп бердік. Біраз жүрген соң тау етегінен қойын қайтарып жүрген қойшының да даусы естіле бастады. Біз де жетіп қалғанымызды сезінгесінбе, жүріс-тұрысымыз бәсендейін деді. Алдымызда тізбектеліп, бір отар қой кетіп барады. Таулы аймақтың шөбі шүйгін болғандықтан болар қойлары қоңды. Есік алдында Алмаз  ініміз қойларын қораға қамау үстінде, ал Жәудір келін бізді алыстан байқаса керек, самауырынға шоқ салып , қазан астына от жағып, тамақ әзірлеуге кірісіп жатыр екен. Қашанда қонақ келсе астындағы жалғыз атын сойып берер қонақжай елдің ұрпағымыз ғой. Амандық-саулықтан кейін, өзен жағасына барып беті-қолымызды шайып келгенше екі йығынан дем алып самауырын да жетті. Жәудір келіннің ешкі сүтін қосып құйған қою қызыл шайынан құмарлана ішудеміз. Ошаққа піскен ыстық таба нан, қолдың сары майы, қой сүтінен жасалған құрт дейсін бе, құда күткендей дастарханды жайнатып қойыпты. Шай артынан тамақ келді. Жұлдызы жымыңдасқан түнгі аспанға қарап жатсын деген шығар, далаға салған төсекке қисайдық. Саф ауада түк сезбей ұйықтап қалыппыз. Ертелеп тұрып, сол маңдағы тау етегінде орналасқан дін Ислам келгенге дейін өмір сүрген Мықтардың тастан салған үйлерін суретке түсірдік те, ыстық шайдан кейін күн ысымай Созаққа жету үшін жолға шықтық. Жүрер жолымыз 30 шақырымдай жер. Жолшыбай кешегі тауда көрген кереметтерді әңгімелеп келе жатып, Қотырбұлаққа да келіп қалыппыз. Жан-жағымыз теп-тегіс ашық дала. Күн ыстығына күйіп, миы шыққан топырақ жол. Ал мына кереметке қалай таң қалмассың, жазық далада жол шетінде сылдырап  мөлдір бұлақ ағуда. Тау 10 шақырымдай артта қалды. Күн қайнап тұр, ал бұлақ суы  күн ыстығымен тайталасқандай мұп-мұздай күйде, ішкен сайын ішкің келе береді. Жолшыбай алдымыздан Алмастың ағасы Бақтияр ағамыз екі доңғалақты мотоциклымен жолықты. Сірә, біздің шаршап келе жатқанымызды айтпай-ақ сезсе керек, жұмысын қоя тұрып, бізді Созаққа шейін жеткізіп салды. Бақыт ағамыздың үйінде тынығып алған соң түс қайта ескі Созақ қалашығының орнын тамашалап, суретке түсіріп алдық. Қарабура бабамыздың кесенесіне зиярат еттік. Таң ата Түркістанды бетке алдық. Кетерімізде Қаратаудың көзі тірі дәруіші-Бақыт ағамыз ендігіде «Қатын қамал», «Бала қамал», «Көк бел әулие», «Әулие тал», Қаратаудың ең биік жері «Мыңжылқыға», «Келіншектауға» алып баратынын айтып, қош айтысып қала берді.Қаратаудың жон арқасында қаншама ішкі сыртқы туризмды дамытуға болатын нысандарын көрдік. Мұнда табиғи да, әулиелі де, тарихи да орындар көптеп кездеседі екен. Бұл сапар арқылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қарсаңында Оңтүстік жеріндегі ішкі туризм саласында қаншама жұмыстың атқарылуы тиіс екеніне көз жеткіздік. Қаратаудың осы бағытын насихаттайтын арнайы бағдарлама түзуді күн кешіктірмей қолға алынуы тиіс екенін мойындадық. Өйткені көрмеге келушілерге көрсететін Отырар төбе мен Арыстан баб, Ясауи кесенесі мен Сауран қамалынан басқада табиғат аясындағы таң қаларлық дүниелеріміз туристерді күтіп тусырап жатыр десекте болғандай. Солай болған күнде қаншама жастар жұмыс тауып, қала қоржынына да қомақты қаржы түсері сөссіз еді. 

 

Өлкетанушы:  Ерлан Сыздық



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

17 Августа 2017 17:00

Инфотур город Туркестан

17 Августа 2017 17:40

Ясауи 850 жыл

17 Августа 2017 18:00

Живая книга

17 Августа 2017 18:20

Рыбалка в водоемах Казахстана

17 Августа 2017 18:30

Встречи в рыбацкой деревне

17 Августа 2017 19:10

Книга Абай. Оразалы Сабденов

17 Августа 2017 19:30

фильм о сайгаках

17 Августа 2017 20:00

2 международный турнир по футболу им.Каппарова

17 Августа 2017 20:30

Трофеи Авалона

17 Августа 2017 21:00

Ото всюду обо всем

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram