Аңыз түбі ақиқат немесе Оңтүстіктің құтты мекеніне саяхат.

02 Сентября 2015 0 2610

Халқы қасиетті, топырағы киелі саналатын Оңтүстік өңірі тарихи-мәдени және рухани орындарға аса бай өлке болып табылады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Оңтүстікке әр келген сапарында осы жайлы тілге тиек ететіні осыдан болар.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?

Екі бұзау астында жатып қалып,

Зеңгі баба жануар содан қалған-деген жыр жолдарына арқау болған киелі мекенді көру көптен көкейде жүретін. Осы жолы сәтін салған еді.

Діттеген жеріміз Қазығұрт тауының етегіндегі Ақбура әулиенің бұлағы. Арамызда Орал мен Қостанайдан, Рудный мен Кентаудан, Астанадан келген қонақтарымыз бар. Әңгіме дүкен құра отырып Ақбура әулиенің бұлағына да келіп жеттік.

Бұлақ басында зияратшылар аздау екен. Келушілерге арналған сәкіге жайғасып болған соң шырақшының басшылығымен баба кесенесіне барып, рухына құран бағыштадық. Ақбура бабамыз түркі жұртының пірі болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың замандасы әрі шәкірті болған екен. Ақ бураға мініп, зікір салып жүрген деседі. Сондықтан да Ақбура әулие аталыпты. Шырақшы ағамыз әулиенің шын есімі Ақтамберді болғандығынан бастап, қысқаша өмір тарихына тоқталып өтті.

Бабаның мөлдір бұлағынан мейірлене ішіп болған соң жастар жағы Нұх пайғамбардың кемесі табан тіреген орынды көреміз деген ниетпен тау биігіне өрледі.  Қазығұрт десе ескі аңыз бен кеме ойға оралатыны шындық. Расында, Нұх Пайғамбардың кемесі жерді жұтқан топан судың үстінде тірек таппай қалтақтап келе жатқанда, Алланың қалауымен осы Қазығұртқа тірелгені санамызға әбден сіңіп, жүрегімізде жатталған. Аңыз бойынша Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған деп үш жер аталады.  Араб еліндегі Жуда тауына, Армениядағы Арарат тауына, қазақ халқының аңызында Қазығұрт тауына тоқтаған делінеді.

Осы ретте, Қазығұрт жайлы оқығаны мен тоқығаны көп, шежіреші, Әңгірата аулының тұрғыны Ақаш Төребекұлы былай дейді:

«Сонау замандарда күллі әлемді топан су басатын болыпты. Осындай ғаламат апаттың боларын алдын ала білген Нұх пайғамбар ертерек қамданып, кеме жасатады. Кемеге 80 адам және төрт түлік мал мен әртүрлі аңдар, құстардың бір-бір аталықтары мен аналықтарын алады. Күндердің күнінде су тартыла бастап, кеме Қазығұрт тауының төбесіне шөгеді. Кемедегі көп адамдар аштықтан, апаттан мерт болып, тек Нұх пайғамбардың өзі Қам,  Сам,Иафес деген ұлдары және үш келіні аман қалыпты. Міне, адамзат ұрпағы осылардан тарап, өрбіген екен. Ал аман қалған төрт түлік пен өзге де жан-жануарлар осы өңірде өсіп-өніп, жан-жаққа тараған дейді».

Қазығұрт тауы жайлы деректер IX ғасырда оғыздар мен печенектердің арасындағы соғысты бейнелейтін «Қорқыт туралы» жыр мен Әбілғазының «Түрік шежіресі» кітабында, Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабы мен әйгілі шығыстанушы, академик Әбубәкір Диваевтың «Қазығұрт аңыздары» еңбегінде және белгілі жазушы, қоғам қайраткері Қалаубек Тұрсынқұловтың 1993 жылы шыққан «Қазығұрт: аңыз бен ақиқат» кітабында, Оңтүстік өңіріне әйгілі жазушы Мархабат Байғұтов пен Әлібек Файзуллаевтың, «Қазыналы қара шаңырағым» деректемелік жинағында, Е.Қойшыбаев пен С.Жақыпбековтың еңбектерінде баяндалады.

Қ.Тұрсынқұлов Қазығұрт «Қазы» және «Құрт» деген екі сөздің бірігуінен шыққан деген болжамды  келтіреді. «Қазы» деген лауазымды кісіге ғана қолданылатыны соңғы кезге дейін қазақ тілінде жиі қолданылып келді. Мысалы, әділқазылар алқасы. Ал «Құрт» атауы көне түрік тілінде «Қасқыр» деген мағынаны білдірген. (Деректер Төлеби аудандық мұражайынан алынды).

            Осындай аңызбен астасқан тау баурайында түстеніп болған соң Сұлтан Рабат ауылындағы Шілтер әулиеге жол тарттық. Мұнда зиярат етіп келушілер әуелі қасиетті бұлаққа аялдайды. Бұлақтың кереметі бастауын үш қайнардан алып, үш түрлі дәм беретіндігінде жатыр. Біріншісі – шұрық бастау, суы құлақ ауруына ем, екіншісі – өңеш бастау, ол кеңірдек пен тыныс жолдарына ем. Үшіншісі – көз бастау, бұл көзі ауыратындар үшін шипалы.  

Жоғары көтерілгенде тастардың арасынан өсіп шыққан жалғыз түп тұт ағашына кездесесіз. Оны киелі ағаш деп келген зияратшылар құран бағыштап өтіп жатыр. Содан кейін биіктігі 10 метрдей, ұзындығы 20 метр шамасында, қапталдас Ата мен Ана аталатын екі алып жалпақ тасқа жетесіз. Бас түйістіріп тұрғандай әсер беретін екі тастың арасынан зияратшылар өтеді. Біз де тәуекел еттік. Тастың арасынан дене бітімі толық адам өтіп, арық адам өте алмай қалып жатқан тылсым дүние. Алланың кереметіне қалай таң қалмасқа.

Бұл орын жайлы ел аузында жүрген бір аңызға құлақ түрсек. Ертеде «мен әулиемін» деп, Қазығұрт пен Шілтер екеуі таласыпты. Сол уақытта Шілтердің атқан оғы Қазығұрттың бел ортасынан тиіп қопарып, сол оқтан өркештеніп қалыпты да, Қазығұрттың атқан оғынан Шілтердің беті шұрқ тесік болыпты. Қазір де Шілтер атаның беті шұрқ тесік. Аңыз бен ақиқат. 

Мұнан кейінгі сапар Көз ата әулиеге жол тартумен жалғасты. Таулы аймақтың кешкі салқын саф ауасы. Өрістен қайтқан малдың маңыраған даусынан құлақ тұнады. Көз атаның шырақшысы Тағай ағамыз жылы шырай танытып қарсы алды. Құран бағышталып болған соң аңыз тыңдауға да кезек келді.

ХVІІІ ғасырда Сейіткәрім деген қары молда кісі өмір сүріпті. Таңның атысы мен күн батысы елдің қамын ойлап, егін салып еңбектеніп, бес уақыт намазын үзбей, елді имандылыққа шақырыпты. 104 жасқа келгенде фәни дүниемен қош айтысқан қартты жерлеуге келген елде сан болмапты. Ақ жауып арулап осы орынға қойыпты. Көз атаны жер қойнына тапсырып, дұға етіп бола бергенде, тау қозғалғандай болып, әртүрлі дыбыстардан құлақ тұныпты. Бір кезде тастардың арасынан мөлдір бұлақ қайнап шығыпты. Бейіт судың астында қалады ғой деп тұрғанда толып аққан бұлақ суы Көз ата әулиенің мазарын айналып аға жөнелсе керек. Ел мұны әулиелікке жорып, ұмыт қалдырмай зиярат ететін болыпты. Міне, осы мөлдір бұлақ суы қазіргі таңда емдік қасиетке ие екен. Көз ата жайлы деректерді тыңдай отырып кештің батқанын байқамай да қалыппыз.

Ертеңгісін ертелеп Көз атадан Төлеби ауданы қайдасың деп жүріп кеттік. Қасиетті Қазығұрт тауының күнгейіне орналасқан Төле би ауданы әрқашан қастер мен құрметтің төрінен түспейтін құтты мекен. Олай болатын себебі, ауданға ұлтымыздың ұлы перзенті, даңқты дипломат, қара қылды қақ жарар әділет иесі Төле би Әлібекұлының есімі берілген. Мұның өзі аудан бағасын асырып, жұртын ынтымақ пен бірлікке бастайтын себеп екені даусыз. Топырағының шұрайлылығы мен табиғатының көз тартар сұлулығы сияқты, мұнда мәңгі тыныс тапқан әулиелер де  қасиеттілігімен дараланады. Алғашқы тоқтаған жеріміз Төлеби ауданына қарасты Нысанбек  ауылының батыс жағында, егістікке баратын жолдың сол жағында, доланалы баудың жанында екі сайдың арасында орналасқан Жылақ ата деген әулиелі орын болды. Табиғаты ерекше.  Қыр етегінде көздің жауын алардай  су тамшыларынан құралған әсем сурет.  Бұл туралы ел аузында бірнеше аңыздар қалған екен.

  Ертеде байлығына сай ақылы мен парасаттылығы, жанашырлығы мен мейірімділігі мол, діндар кісі өмір сүріпті. Оның жалғыз ұлы болған екен. Күндердің күнінде әлгі ұлы кенеттен қайтыс болады. Қайғы отынан күйінген кейуана, сүйікті ұлын қазіргі Қоскөдекте жер анаға тапсырып, жар бойындағы үңгірді пана етіп күні-түні демей сүйікті ұлын еске алып, көз жасын көл етіпті.

«Жар жағалауынан тамшылап ағып тұрған тамшы сулары әлгі кейуананың көз жасы», -дейді ауыл-аймақтың қариялары. Тағдырдың тақсіретіне күтпеген жерден кез болған кейуана ендігі өмірін адам баласына жақсылық жасауға, емшілікке бет бұрып, ауру-сырқаудан айығуға себепкер болуға арнауды мақсат етеді. Ол науқастарды жеті бұлақтың қосынды суымен емдеп, талайларды ажал құрсауынан аман алып қалады. Көп ұзамай-ақ оның есімі шартарапқа әйгілі болады. Күндердің күнінде әлгі кейуана із-түссіз жоқ болады.

Аңыз осылай дейді. Тамшыларды тамашалап, бұлақ суынан мейірлене ішіп болған соң күн ысымай тұрып Мыңшейіт әулиеге аттандық.

«Қасқасу – Қазақстанның Швейцариясы» деген пікірдің орындылығына көзіміз жетті аталмыш ауылдың табиғи сұлулығын көзбен көрген мезетте. Ауылдың төбесінен төніп тұрғандай әсер қалдыратын Сайрам шыңы да бұл құтты мекеннің абыройына абырой қосып тұрғандығында дау жоқ. Сайрамсу өзенінің жағалауында  орын тепкен Мыңшейіт қорымы аса көлемді екен. Жұрт жұмылып, қорымның қасына бау-бақша егіп, мешіт, зияратхана салыпты.

Мыңшейіт қорымы туралы ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер айтылады екен. Бір өкініштісі тарихи тұрғыда бұл орын ешбір зерттеулерді көрмеген. Жергілікті көнекөз қариялар мен ғалымдардың әңгімелері ғана ел жадында қалыпты.  

Мұнда мәңгі дамылдап жатқан ата-бабалар рухына құран бағышталған соң, шырақшы Шымкентбай атамыздың  әңгімесіне құлақ түре отырып, қорымда жерленгендер туралы сұрадық. Бұл қорымда бір кездері Оңтүстік жеріне дін Исламды таратуға келген араб сарбаздары жерленген екен. Әскербасы Икрам бастаған жасақ Құрбан айт мерекесінің құрметіне намазға сап түзейді. Намазға тұрмас бұрын жүрегі бір олқылықтың боларын сезсе керек-ті, имамға құранды қысқа оқуды ескертіп, дұшпанның қаупін қаперге салыпты. Десе де құлшылыққа ұйыған имам ұзақ аятты оқыпты. Сол маңды торуылдап жүрген дұшпан әскері бұл мүмкіндікті қалт жібермей, қолбасы Ухшинның бастауымен араб сарбаздарын түгелдей қырып салған екен. Міне, сол себепті де дін жолында шейіт болған сарбаздардың жатқан жерін қазіргі кезде «Мыңшейіт» деп атаған екен.

Аздап тынығып алған соң тау етегіндегі Сулы үңгірге қарай бір аяқ жолға түстік. Табиғат сұлулығын тамашалай жүріп шаршағанымызды ұмытып та кеттік. «Жүре берсең көре бересің» деген, туған өлкемізде біз көрмеген кереметтер жетерлік екен. Қорыта келгенде, қос ауданды аралаудан түйгеніміз – топырағы құт, киелі де қастерлі жер, сұлулығы да, киесі де жұртты өзіне тартып тұратын жәннәт жай деген пайымға келдік!  

                                                  Ерлан Сыздық-Тұран телеарнасы



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

20 Октября 2017 09:10

Или- Балхашская регата

20 Октября 2017 10:00

NOMAD EXPLORER: Тайны Устюрта 1серия (рус)

20 Октября 2017 10:30

Водохранилище Бадам. Чемпионат РК среди юниоров по байдарке

20 Октября 2017 11:00

Инфотур город Туркестан

20 Октября 2017 11:30

Ясауи 850 жыл

20 Октября 2017 12:00

ГНПП: Отырар орманы 2 часть

20 Октября 2017 12:20

Инфотур город Шымкент

20 Октября 2017 12:40

Рыболовный форум

20 Октября 2017 14:10

ГНПП: Отырар орманы 3 часть

20 Октября 2017 14:30

Дело вкуса: Шашлык из сома

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram