Атыңнан айналайын Әулиеата

20 Марта 2015 0 3310

«Атыңнан айналайын Әулиеата,

Атыңды ап қойды деп болма қапа....»   деп 1940 жылы сәуір айының 9-шы жұлдызында Жамбыл қаласына келген Жамбыл Жәкең көзіне жас алған екен. Көзіне жас алмағанда қайтсін, сан ғасырдан бері қазақ халқы үшін киелі орын әулиелі мекенге айналған құт қаланың атын  сол кездегі дүниенің төрт бұрышына аты мәшһүр болған  аты Жамбыл атымен ауыстырылып жатса, қанша танымал жыр алыбы болсада  әулие бабалар алдында кешірім сұрап тағзым еткені де. Ерте ортағасырда Янги, 1853 жылы-Әулие Ата, 1936 жылы-Мирзоян, 1938 жылы-Жамбыл деп аталса 1997 жылдың 8 қаңтарында Президенттің жарлығымен ежелгі Тараз аты қайта берілді. Міне толқыны тастан-тасқа соғылысып жатқан Талас өзенінің бойындағы ежелгі Тараз қаласын тамашалап қайттық. Көнеден жеткен тарихи-мәдени мұраларымен ғана емес, тәуелсіздік жылдарында әсем де сұлу әрі жасыл желекті тазалығымен ерекше әсер қалдырып, қонақжайлылығымен баурап алды. Түн қараңғысы, жылт-жылт етіп  жымыңдасқан жұлдыздар мен ай сәулесі Тараз қаласының сұлулығын бізден бір сәтке болса да жасырғандай болды. Бізді күтіп алған Дәмеш апамыз ақ дастраханын жайып жіберіп, барын алдымызға тосып бәйек болып жүр. Ақ дастархан жиылып ас қайырылған соң Дамеш апаның кіші қызы Алма қарындасымыз түнгі Таразды таныстырып қайтты. Дәмеш апамыз ертеңіне барар жерлерімізді жоспарлап ақ қағазға түсіріп те қойыпты. Жасы алпысты алқымдап қалған апамыз келгенімізге балаша қуанып жүр. Осындай аналарымыздың кеңпейлділігін көріп бір марқайып қаласың. Түнде келген жиырма адамды , күндіз келген жиырма адамды күтіп алып ың-шыңын шығармай, барын алдына тосып шығарып салатын ел аузында  «Қырықтың бірі қыдыр қонған» деп айтылатын аналарымыз осындай болған шығар. Тараздың кең көшелерінің бірімен жүйткіп келе жатқан көлігіміз қаланың қақ ортаcында орналасқан жер асты мешітіне келіп тоқтады. Жер асты мешіті қайта қалпына келтірілген, іші салқын, шатырды тіреп тұрған тіреуіштері бар екен. Бір таң қаларлығы көзге көрінбес тек бейнекамера немесе фотоаппарат арқылы ғана көруге болатын қабырғадағы арабша жазбаларға таң қалдық. Мешіт шырақшысының айтуына қарағанда қабырғадағы жазуларды суретке, таспаға түсіргендердің апараттары араға уақыт салып жарамай қалып жатыр екен деді. Бұл да бір Алланың құдіреті шығар деп түйдік. Жер асты мешітінен шығып жанында орналасқан Дәуітбек Шамансұр кесенесіне бас сұқтық. Бұл кесене қаланың орталық бөлігіне орналасқан, бұрынғы орта ғасыр мазары аумағына орын тепкен діни-ескерткіштер кешені  құрамына кіреді екен. Бөлме ортасында көлбеу орналастырылған үш сатылы қабыртас жатыр, оған араб әрпімен өрнектелген: “Бұл – қалам мен қару иесі Ильяс оғул бек Шахин-Шах баласы Ұлық Білге-Ұлықбек Икбал хан Дәуітбек Шамансұр Исфахсалардың бейіті, 660 жылы 31-наурыз (1262 ж. 8-наурызда) жұмаға қараған түнде көз жұмды” деген жазуды көрдік. Тасқа басылған таңба бұл адамның ХІІІ ғ-да ірі әскери қолбасшы болғанын айғақтайды екен. Кесене 2002 жылы толық жаңғыртылып ел игілігіне берілген екен. Айналасы жасыл желекпен көмкерілген саф ауасы бойды сергітер саябақтың нақ төрінде Қарахан кесенесі мен мұндалап тұр. Орта Азия аумағында жүздеген жылдар билік құрған (942-1210 ж.ж.) атақты Қараханилер әулетінен шыққан киелі тұлғалардың біріне арналып тұрғызылған.   Төрт құжыралы, биік күмбезді және екі мұнаралы ғимарат сәулет өнерінің үздік туындыларының біріне  саналатын Қарахан кесенесі күні бүгінге дейін көпшілік қауымның зиярат етіп, жанына жұбаныш, көңіліне демеу іздейтін орны болып келеді. Кесененің алғашқы нұсқасы сақталмаған. 1906 жылы қайта тұрғызылған кесене иінді аркалармен, ойық беткейлермен көмкерілген екен.  1905-1906 жж. кесенені ишан Саид Бекхасов ал кейбір мәліметтер бойынша Тараздық меценат Қали Жүніс өз қаржысына  қайта жаңғыртқан деген деректер айтылып жатты. Қарахан кесенесін тамашалап болған соң көлігіміз Талас өзенінің жағасындағы биік төбеге орын тепкен Тектұрмас әулиенің кесенесіне келіп тоқтады. Бұл орында бір кездері жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлігімен көзге түскен, Абылайханның жорықтас серігі болған Мәмбет Күнбасұлының  кесенесіне соқтық.. Мәмбет батыр қазақ тарихында ерекше орны бар, Қоқан және орыс отаршыларына қарсы күресте  Кенесары ханның сенімді серігі болған Байзақ датқаның әкесі екен. Екі кесене орналасқан төбенің төменгі жағында жер асты жолдарына кіретін есік бар екен. Тектұрмас әулие шырақшысының түсінігі бойынша бұл жол арқылы қазақ даласына Ислам дінін алып келген әскерлер өзге өңірлердегі қалалармен байланысу үшін пайдаланған  екен. Сол жердегі тұрғындар бұл жолдың кешегі күнге дейін ішіне кіріп көргендігін, кейінгі кезде жоғарғы қабаты құлап жолдың жабылып қалғандығын алға тартты. Қазір алдына темір есік орнатып қойыпты. Тектұрмас әулие кесенесіне кіргенімізде шырақшы ағамыз 1929 жылы түсірілген ескі суретті қолымызға берді. Біздің таң қалғанымыз сол ескі суретті анықтап қараған адамға  үстінде ескі шапаны, басында бөркі бар адамның сұлбасы көрінді.  Бұл бір кездері осы әулиеде шырақшы болған адамның суреті деп түсіндік. Бірақ шырақшы ағамыз суретте адамның әруағы  дегендей әңгімені алға тартты. Кесене тұрған орыннан Тараз қаласы алақандағыдай көрініп тұр. Тастан-тасқа толқынын ұрып, қарт Талас өзені толассыз ағып жатыр. Тектұрмас әулие туралы да деректер жоқтың қасы, ел аузында 766 жылдары Ысқақ баб, Әбдіжәлел бабтармен бірге Ислам дінін Жетісу өңіріне алып келген Әбдіраһим баб жерленген деген деректер де айтылады екен. Бабалар рухына құран бағыштап болған соң көлігміз қаланы қақ жарып, зулай отырып Тараз қаласынан 17 шақырым жерде Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан махаббаттың символына айналған, ғашықтардың пірі, ХІ-ХІІ ғасырлармен мерзімделетін сәулет өнерінің үздік нұсқасы Айша бибі  кесенесіне келіп тоқтады. Мұнда Айша бибі мен оның күтушісі болған Бабадж хатун кесенесі де бой көтерген. Мұнда жерленген адам туралы тек аңыздар ғана сақталған. Аңыздардың бірінде Тараз билеушісі Қараханға іңкәрлік сапары кезінде жылан шағып, қайтыс болған, Зеңгі баба мен Анбар бегімнің ару қызы Айша бибі туралы айтылады.

Айша бибі аңызы.

Айша бибі Зеңгі баба мен Анбар ананың қызы екен. Айша қыздың көркіне ақылы сай болған екен. Жасы он жетіге толғанда, сол кездегі Қараханид елінің батыры, Шайхы-Зунунның баласы  Қасым-Әлі деген жігіттің осы қызға көңілі кетіп, ғашық болады. Қыз да жігітті сырттай ұнатып жүреді екен. Сол заманның салт-санасы, әдет-ғұрпы бойынша екеуін ата заңымен атастырып қойыпты. Күзге қарай екі жастың тойын жасауға ата-аналарының дайындалып жатқан шағы екен. Осы кезде елге шығыстан жау тиіп, Қасым-Әлі қол бастап, жауға қарсы аттаныпты.Ол көп ұзамай жауды жеңіп, елге жеңіспен қайтып келе жатады. «Жау жеңілді! Қасым-Әлі елге келе жатыр» деген хабар естіп, Айша қыз құрбыларын ертіп, Қасым-Әліні қарсы алуға шығады. Ұзақ жолдан шаршаған әрі ыстық шалған Айша Асы өзеніне келгенде, бір-екі күн аялдап, шатырын тіктіріп, күйеу жігітті осы жерде қарсы алмақ болады. Даланың ерке аруы мөлдіреп жатқан Асы өзенін көріп, қызығып кетеді. Шомылуға ықыласы ауып, шешіне бастайды. Шешініп болып жағада тұрған кезде, жарқабақтағы ін ішінде салқындап жатқан оқ жылан қыздың ақ мәрмәрдай сұлу мүсінін көріп, басын көтеріп алады.Оқша атылған сұр жылан лезде арудың аппақ денесіне өзінің зәрлі уын жаяды. Сол кезде Айша қыз жан даусымен айқай  салады. Маңайда тұрған құрбылары келіп, жығылып жатқан қызды көтеріп, шатырға алып келеді. Денесіне жылан уы жайылған Айша ару  Қасым-Әліге шабарман жібереді. Қасым-Әлі келіп жеткенше емші-балгерлерде қолдан келген шараларын жасап бағады. Бірақ у бойға тез тарап үлгереді. Қасым-Әлі шатырға кіріп, талықсып жатқан Айшаны құшақтап:

-Жаным-ай, жарым-ай, бұл не болды? Енді не істейін?-деп жалынышты түрмен жан-жағына қарайды. Бірақ бәріде кеш еді.

-Біздің некеміз де қиылған жоқ еді. Мұны енді кімім деп жерлеймін,-деп қиналады. Сол кезде көп ішінен бір кісі шығып:

-Бұл қыздың жаны әлі шыға қойған жоқ. Қазір екеуіңді некелеп жіберуге болады. Сонда олс енің адал жарың болып есептеледі және оны ақ жауып, арулап жөнелтуге толық хақың бар -дейді.

Қасым Әлі бұған келісім береді. Әлгі кісі неке аятын оқып, Айшаға қарап:

-Қараханид әулетінің батыры, Шайхы-Зунунның ұлы Қасым-Әліні жарым деп қабыл аласың ба, қарағым Айша?-дейді. Айша қабағын әзер жоғары тартып, иегін көтеріп, «мақұл» деген ишарат береді. Қасым-Әлі де мұны қабыл тұтады. Неке рәсімі аяқтала, қыз жан тапсырады. Айша қыз  осыдан бастап «Айша бибі» аталады. «Бибі»-араб сөзі, ол қазақ тілінде «әйел», «жар» деген мағынаны білдіреді. Айша бибині арулап жерлеп, басына мықты ұста-шеберлерді алдырып, асем күмбез тұрғызады. Ол күмбезге күтуші етіп, бала күннен Айша бибиге қарап, тәрбиесіне араласып жүрген Бабаджа Хатумды қалдырады. Кейін ол кісіде өмірден өткен соң Айша кесенесінің жанына жерлеп күмбез тұрғызады. (Аңыздың бірнеше түрі бар)

Айша бибі кесенесі қазақ халқының ежелгі ою-өрнегін сақтаған мұражай іспетті. Қабырғаларының ортасында жебе бейнелі иіндермен көмкерілген терең қуыстар бар. Колонналардың жоғарғы жағы ваза түрінде жасалған. Бұрыш колонналары, жоғары қарай сүйірлене жасалған белдеушелері өсімдік гүлді оюлармен өрнектелген терракот  қыш тақталардың 18-ші қаланымында (3,4 м. биікте) арабтың куфа әріптерімен оюланған «Күз...бұлттар...жер ғажайып...» деген тылсым сөздер  жазылған. Кесененің ішкі  жағында  жер  бесік  тұр.

Кесене құрылысына антисейсмикалық мақсатта арша ағашы пайдаланылған екен.

Көне Тараз қаласына аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп аталған ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны Айша бибі кесенесіне ат басын бұрмай өтпейді. Ал, жастар болса Айша бибі кесенесіне мәңгілік махабаттың, таза сезімнің, пәктіктің символына айналған киелі орын ретінде,  мінәжат  етіп  келіп-кетіп  жатады екен. Алғашқы күніміз осындай сыры  ашылмаған, құнды деректерге толы мол тарихи мұралармен танысумен аяқталды. Екінші күні таңғы астан соң он шақты зияратшылармен бірлесіп киелі мекендер қайдасыңдар деп жолға шықтық. Алғашқы көлік басын тылсым дүниеге толы, әлі сыры ашылып зерттеліп болмаған Тараз қаласынан 35 шақырымдай шығыс жақ беткейінде орналасқан Ақыртас қалашығына келіп тоқтадық. Академик К.М.Байпақов Ақыртасты 8 ғасырдың ортасындағы қарлұқ билеушілерінің резиденциясы деген тоқтамға келіпті.

Бұл құпиясы мол алып құрылысты сумен қамтамасыз ету үшін 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан тау шатқалындағы бұлақтардан, ұзындығы 50-60 см болатын қыш-құбырлар тізбегі тартылған екен. Осы күрделі жүйе арқылы аққан су хауздарға, тұрғын үйлерге жеткізілген. Көлемі 205-185 шаршы метр болатын құрылысқа қажетті өңделген тастар жанындағы биіктерге шығарылып, сол жерден керегінше алынып пайдаланылған екен.

Ал Ақыртас деп атаудың шығу тегі құрылыс тасының бір-біріне ыңғайлы отырғызылуы үшін ортасы ойылып ақырға ұқсатылған келбеті осы жердің атауына себеп болғанын меңзейтіндей. Ақыртасты артта қалдырып тағы да 35 шақырым шамасында жол жүре отырып Ақыртөбе арқылы Топ ағаш әулиеге келіп тоқтадық. Бұл орында бір жерге қаумалап кішігірім бау іспеттес әр-түрлі топ ағаш өседі екен. Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек бұл Топ ағашта 1378 жылдар шамасында дүниеге келген Мақтым Ағзам немересі Нүрилә (Домалақ анамыз) өрмек тоқыған екен. Ал 1726 жылдары Болат ханның тұсында Бөгенбай батыр басшылық жасап, үш жүздің басын құрап Әбілхайыр хан бас сарбаз атанып осы Топ ағаш маңында жаудың бетін қайтарған «Сұмқайтты жерінің тарихы» сұмырайдың беті қайтқан орын деп айтылады екен. Қазақтың не бір батыр тұлғалары осы Топ ағаш маңында бақилық болғандығының бір дәлелі іспеттес. Бір қызығы бір ағашта үш түрлі кейіпте жапырақ өседі екен. Бірі төменгі жағында майда жапырақ, енді бірі орта тұсында домалақ пішінді , ал енді бірі жоғарғы жағында бір қарыс шамасында ұзын болып өсіп тұр.Үш жүздің басын қосқан қасиетті орын белгісі ретінде үш түрлі жапырағы бар ағаштар өскен деп ел аузында айтылып жүреді екен. Топ ағашқа зиярат етіп болған соң Тараз қаласынан Қаратау қаласына барар жолда орналасқан Әулие бастау бұлағына да келіп жеттік. Ашық алаңқайда қыр етегінде ағып жатқан кәусәр бұлақтың дәмі ерекше екен. Тараз жұртшылығының басым көпшілігі осында шомылып жүр. Күн ыстығына қарамастан бұлақ өз салқындығын жоғалтар емес. Әулие бастау бұлағының қыр-сырын ақтару үшін 6 жасынан бұлақ басында тұрып жатқан, қазіргі таңда 60 артқа тастаған  ұлты қарашайлық Жамал ағамызды әңгімеге тарттық. Жамал ағамыз бұлақтың қызықты әңгімелерін айту үшін күн батысы таң атысы жетпейтіндігін тілге тиек етті. Бір қызығы бұл әулиенің суына күміс бұйымдарымен шомылса біраз уақыттан кейін сол күміс бұйымдар алтын түстес болып кетеді екен. Берісі Мәскеуден арысы шет елден зияратшылар бұл бұлақтың сырын түсіну үшін шыны ыдысқа құйып алып кетіп зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Бұлақ құрамында сұйық алтын бар деген де болжамдар айтылады деп сөзін аяқтады Жамал ағамыз. Уақыт тығыздығынан Тамды әулиеге ат басын бұра алмадық. Ол әулиенің басында да керемет бұлағы мен балықтары және сол бұлаққа құлай өскен ағашта оралып жатқан қос аталық пен аналық шұбар жыландарды көру арман болып қала берді. Қаншама уақыттан бері адам баласына үйренген жыландарды көріп суретке алатын да күн алыс емес шығар деп түйдік. Екі күн ішінде қаншама киелі де қасиетті орындарды тамашалап, құнды деректерге қанықтық. Сол ел игілігіне жарап тұрған жандарына жұбаныш іздеген зияратшылар баратын әулиелі жерлердің көлік жолдары ретке келтіріліп, басында 5 жұлдызды болмаса да қона жататын орындарды салып жағдай жасаса нұр үстіне нұр болар еді. Рухани туризм бір ретке келіп сол орындардың қызмет көрсету саласын жоғары деңгейге көтеріп жан-жақты жарнамалап, аңыз әпсаналарын жинақтап кітап шығарса, тарихы мен ел аузындағы қасиеттері жайлы қысқаша деректі фильмдер түсірер болса   ел алғысына бөленер еді. Бұл Тараз қаласында болған екі күндік сапарымыздан түйген ой болатын.

 

 Ерлан Сыздық-Тұран телеарнасы

 



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

20 Октября 2017 09:10

Или- Балхашская регата

20 Октября 2017 10:00

NOMAD EXPLORER: Тайны Устюрта 1серия (рус)

20 Октября 2017 10:30

Водохранилище Бадам. Чемпионат РК среди юниоров по байдарке

20 Октября 2017 11:00

Инфотур город Туркестан

20 Октября 2017 11:30

Ясауи 850 жыл

20 Октября 2017 12:00

ГНПП: Отырар орманы 2 часть

20 Октября 2017 12:20

Инфотур город Шымкент

20 Октября 2017 12:40

Рыболовный форум

20 Октября 2017 14:10

ГНПП: Отырар орманы 3 часть

20 Октября 2017 14:30

Дело вкуса: Шашлык из сома

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram