Шырайлы Шу сапарынан түйген ой.

10 Марта 2015 0 2659

    Қазақ даласында талай тарихи оқиғалардың куәсі болып, өткен күннің шежіресі мен сырын бойына жасырған мекендер көп. Солардың бірі Жамбыл облысындағы Шу өңірі. Бір кездері қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен 1457 жылы күз айының соңында  Шудың төменгі бойына келіп ту тіккен жер. Ер есімі ел есінде. Қазақ даласы қашан да ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жері мен елін қорғаған батырлардан кенде болмаған. Еліне елеуілі, халқына қалаулы болған, қасық қаны қалғанша жерін жаудан қорғаған  батырлар Өтеген, Спатай, Биназар сынды бабаларымыздың кесенелерін көзбен көріп әрі рухани туризмды насихаттау үшін  Шу өңіріне ат басын бұрдық . Сапарымызды Шу қаласынан 140 шақырымдай жердегі Қордай ауданы, Өтеген ауылында орналасқан Өтеген батырдың кесенесінен бастадық. Солақай саясаттың санамызды сергелдеңге салғаны, төл тарихымыздың тамырына балта шауып, жаңылдырған тұстары көп-ақ. Таң атысы мен күн батысы ат үстінде жүріп, ел мен жер тағдырын бір сәткеде ойдан шығармаған ойлы батырлар. Қатал тағдыр мен сұрапыл уақыт толқыны батыр бабалар мұрасын, артындағы өнегелі ұрпағының санасынан өшіре алмады. Өйткені біз, ұшса құс қанаты, шапса тұлпар тұяғы талатын кең байтақ елдің, төсін суық желге тосқан, батыл да батыр, өткенімізді еске алмай жаңаны жасамайтын, саналы да сауатты елдің ұрпағымыз. Қазақ халқы ғұмыр бойы бір қасіреттен бір қасіретке ұрынып келе жатқаны тарих парақтарынан белгілі. Бабамыздың кесенесі ауылдың шеткі жағындағы қырдың етегінде екен. 1999 жылы бабамыздың 300 жылдығы аталып өтіп, ел болып қаржы жинап қабірінің үстіне  зәулім кесене тұрғызыпты. Бұл да болса еліміз тәуелсіздік алып, еңсемізді көтерген тұста өткеніміз бен өшкеніміздің қайта тірілгендігінің бір дәлелі болса керек.  Қазақ энциклопедиясында мынадай деректер келтірілген: « Ұлы жүздің Дулат тайпасынан шыққан. Бабасы Сырымбет 1643 жылы Батыр қонтайшының 50 мың әскеріне соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқан болса, өзі 15 жасында қазақ елінің түстігін, Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін жоңғарлардан азат ету жолында сүбелі үлес қосып, Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарда, Аңырақай шайқасына қатысып қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді аты шулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналған. Төле бидей дананың, Абылайдай арыстың серігі болған. Батырдың ерлігі ел аузында аңызға айналып, Күсен, Сайкөт, Сүйінбай, Жамбыл, Тілеміс секілді ақындардың жыр-дастандарында арқау болған. Әсіресе Жамбыл бабамыздың «Өтеген батыр» дастаны ел жадында жақсы сақталған. Батыр бабамыз Бұқара, Самарқанд, Кабул, Исфахан, Тегеран, Стамбул сияқты қалаларда болып, білім нәрімен сусындаған. Атақты Тілеміс шешен, Байсерке күйшіде осы Өтеген бабамыздың ұрпағы болып келеді екен. Алғашқыда батырды Іле өзенінің қазіргі Қапшағай су қоймасының табанына жерлеген. 1973 жылы ұрпақтары сүйегін Қордай ауданына қайта жерлеп ауылды Өтеген атымен атаған.»  Қазақ халқында «Өлі разы болмай тірі байымас» деген аталы сөз бар. Міне сол аталы сөзді аттамай, Өтегендей батырдың рухына құран бағыштап қайтуды жөн көрген сәтіміз болатын.

Ақылды болды өтімді,

Аты Өтеген ол бала,

Күн санап өсті қарыштай,

Киіктей сезгіш Қырымнан,

Жылдамдығы барыстай.

Арыстандай айбатты,

Өскен сайын ұлғаяр,

Ақыл-ой, күші қалыспай,

Жарыс, күрес, бәйгеде,

Халық бәйгені беретін,

Санаспай-ақ салыспай,

Шешен болды сөз бермес,

Таудан аққан бұлақтай... деп жыр алыбы Жамбыл атамыз Өтеген батырды  жырға қосқан екен. Өтеген ауылынан шыққан соң көлігімізді Қордай ауданында тұратын Өтеген бабамыздың сегізінші ұрпағы Бақытжан Уәлиханұлының үйінен дәм татып, батыр атамыз туралы естеліктеріне құлақ түрдік.

Абылай хан Көкшетау жеріне қазақтың игі жақсыларын жиып, Ресейдің қазақ даласына көз тігуіне байланысты кеңес ашқан екен. Сол кеңеске Өтеген батырда қатысыпты. Кеңес Абылай ханның көңілінен шығып, келген игі жақсыларды ордаға шақырып үлкен шарадан балдай тәтті сары қымыздан құйдырып, дастархан жайыпты. Дастархан басында Абылай хан жиылған қауымға сұрақ қойыпты. Сонда Абылай

-Дүниедегі ең асыл, ең қымбат қазына не?-деп сұрапты.

Бірі өрістегі малын, бірі жылқысын, бірі алтынын, бірі үйін айтып әрқалай жауап беріпті.

Сонда Өтеген батыр:

-Тақсыр, мен айтайын рұқсат етіңіз,-депті.

-Айт, ендеше,- деп Абылай хан таңданып қалады.

-Үй түйеде қалады, түйе қияда қалады, қой қорада қалады. Жылқы қуса жаудікі, соқса –желдікі, алтын да жерде қалады. Дүниенің ең қымбаты осы отырған сіздер емессіздер ме?-деген екен.

Абылай хан:

-Мына Өтеген батыр дұрыс айтады деп, жас та болса сөзі ірі екеніне тандай қағыпты.

Сөз кезегі келгенде Өтеген батырда :

-Тақсыр, сізге бір сұрау беруге бола ма?-депті.

-Неге болмасын, айт,-деген екен хан Абылай.

-Хан ием, адам баласы көргенге сене ме, естігенге сене ме, айтқанға сене ме?- дейді.

-Көргенге сенеді ғой.

-Олай болса, сізбен бірге дәмдес болдым десем маған кім сенеді,- деп манағы қымыз құйылған тегенені шығыршығынан ұстап тұрып, Өтеген батыр өзіне қарай тарта бергенде, Абылай сөзге жығылып:

-Ал, ал,-деп тегенені Өтеген батырға берген екен,- деп Бақытжан ағамыз сол тегенені қапшығынан шығарып алдымызға қойды. Міне керемет, көлемі төрт-бес шелек су сыятындай. Адам құшағы жетер емес. Емен ағашынан жасалған екен. Біздер көріп тәнті болдық. Иә елдің елдігін, жердің кеңдігін, ынтымағы мен бірлігін жүрегіне хаттап, Төле бидей данадан бата алған, жарқ еткен құйрықты жұлдыздай көкте жанып,  қазақ деген елдің бағына туған Өтегендей батыр бабамыздың тегенесін көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан  Бақытжан ағамен қимай қоштасып, жолға шықтық. Шу қаласынан 80 шақырымдай жол жүріп, Мойынқұм ауданына да келіп жеттік. Биназар батырдың кесенесі Хантауы қыратының  «Сұңқар» деген шоқтығында екен. Алланың құдіретіне қалай таң қалмассың, «Сұңқар» шоқтығының  ұшы алыстан анықтап қарағанда көкке қарап жатқан ақсақалдың бет-бейнесіне қатты ұқсайды. Ел аузында құбылаға қарап жатқан Биназар батыр деп айтылады екен. Мұндайды көріп таң қалмасқа не шара. Сұңқар тауының етегіндегі ашық алаңқайда Биназар батыр бабамыздың кесенесі бой көтерген . Табиғаты әсем, үйір-үйір жылқы жайылып, ойнақтап тай шапқыласып жүр. Көктен қалықтап сұңқар ұшып  келіп, біздің көлігіміз тұрған маңдағы қырдың етегіне  қонды. Сұлулығына көз тоймайды. Бұл да болса бір жақсылықтың нышаны шығар деп түйдік. Елі-жұрты қастерлеп көтерген  кесене күмбезі,  күнмен шағылысып алыстан көз тартады. Ауылдан біршама алыстау болғанымен зиярат етушілерге арнап үш бөлмелі шағын үй тұрғызыпты. Арнайы асханасы да бар. Бабамыздың қабіріне құран бағыштап болған соң, етегінде сырылдап ағып жатқан зәм-зәм бұлағынан мейірлене су ішіп, шөлімізді бастық. Қайтар жолда Мойынқұмға  соғып, Биназар батырдың ұрпақтарымен тілдескенді жөн көрдік.  Батырдың шөбере келіні  Жамал апамыз құшақ жая қарсы алды. Дастарханын жайып барын алдымызға тосып жатыр. 10 баланы дүниеге әкеліп, алтын алқа иегері атанып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ел анасы немерелерінің алақанынан су ішіп бақытқа кенеліп жатқанын айтып бір марқайып қалды. Қызықты әңгімелер арасында батыр атамыздан қалған семсер мен қылышты ұлдары теберік етіп алып кетсе, дулығасы Жамал апамыздың қолында сақтаулы екен. Ақ орамалға орап көзінің қарашығындай сақтап қойған жерінен ортамызға қойды. Біршама салмақты, әлі де болса реңін жоғалта қоймапты. Қызық көріп қолымызға алып, жан жағынан қарап, басымызға киіп тамашаладық. Қазақ энциклопедиясында: Ұлы жүздің Дулат тайпасының Шымыр руынан шыққан батыр шамамен 1802-1860 жылдары аралығында өмір сүргендігі туралы деректер келтірілген. Биназар атамыз Қоқан хандығына қарсы күресте Сыпатай батырдың сенімді серігі болыпты. Жасы ұлғайған  шағында  Шу өзеніне тоған салып, ауылын егіншілікпен айналысуға баулыған,  елдің қамын жеген қарапайым жан болғандығы туралы Жамал апамыз атасынан естігенін айтып отырды. Дастарханға бата қайырып болған соң апамыздың батасын алып, Алға ауылына қарай жолға шықтық. Алға ауылы Шу қаласынан 5-6 шақырымдай жерде. Бұл ауылдың кіре берісінде Асайын қалфе жерленген екен. Мазарына соғып құран бағыштап болған соң, қалфенің ұлы Абылайхан ағамыздың  үйіне түстік. Қазақтың қонақ жайлығына Алла тағала қашанда кеңдік берген, мамық көрпелерді жайып жіберіп, құс жастықтарды қолтыққа қысып, кең дастарханды жағалай қисая кеттік. Қою  айраннан сіміріп жатырмыз.  Амандық саулықтан соң Асайын атамыз туралы  әңгіме де қыза түсті. Асайын қалфенің бауыры Сатыбалды қалфеде дін Ислам жолында еліне елеулі, халқына қалаулы болған кісі екен. Ел басына нәубет төніп, егінді өрт шалғанда, дұға етіп бұлт шақырып өртті сөндіргендігі жөнінде қызықты әңгімеге құлақ түрдік. Бұл да болса Сатыбалды атамыздың бойына  Алланың берген қасиеті болса керек. 3 ұл 4 қыз өсіріп 21 немере сүйіп отырған Абылайхан ағамыздың әңгімелері қызықтырып барады. Ағамыз 70-ті алқымдап қалсада әлі тың. Апамыз жас келіндей қонақтарына барын тосып бәйек болып жүр. Дүйім елдің анасы болған мейірімді аналарымыздың  барына да шүкір. Абылайхан ағамыз Асайын атамыздан қалған туды көрсеткенде төбеміз көкке жетіп, жерден жеті қоян тапқандай қуанып қалдық. Қаншама жылдан бері атадан балаға мұра болып келе жатқан бұл құнды дүниелерді өскелең ұрпаққа қыр-қыртысын бұзбай жеткізудің өзі ерлік. Бір шабадан көне діни кітаптарын көргенде таңдай қақтық. Көненің көзі, асылдың сынығы болған бұл кітаптарда қаншама ашылмаған құпия сыр жатыр. Теңдесі жоқ мұндай дүниелер елді айрандай ұйытып, бірлігі мен ынтымағын сақтауда маңдай терін төккен, қылышынан қан тамған кезеңдерді бастан өткізіп, шүберекке жандарын түйіп жүрген тұста, аузынан Алласы қолынан тәспихы түспеген, көкірегіне Алланың нұры себілген иманды жанның келер ұрпағына аманаттаған мол мұрасы болатын. Сол мұраларды көруді Алла бізге нәсіп еткен екен. Қызықты әңгіме-дүкен құра отырып кеш болып қалғанында байқамай қалыппыз. Жолға шығарып салып тұрып Абылайхан ағамыз жолдарыңда Ассауан сахабаның зиратына құран бағыштай кетіңдер деп айтқан соң, жолшыбай  сахабаның кесенесіне де ат басын бұрдық. Сахабаның зиратына тұрғызылған кесене Шу қаласынан Төлеби ауылына барар жолдың қақ ортасында, екі елді мекенді жалғап тұрған алтын көпір іспеттес екен. Сахаба  сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с жүзін көрген әрі жақын досы болғандар. Аттап өтпей құран бағыштағанды жөн көрдік. Мешіті жай қоржын там сияқты, ал кесенесінің төрт қабырғасы көтеріліп күмбезі бітпей қалыпты. Үлкен жолдың бойында салынғанымен  сақалды құрылысқа айналғандай кейіпте ауылдың ажарын ашудың орнына қайта сәнін бұзып тұрғандай.

Осы тұста елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн»- дегені есімізге түсті. Еліміз қарыштап отыз елдің қатарына қосылуға жан таласып жатқанда, атадан балаға мұра болып келе жатқан осындай тарихи-діни-рухани ошақтардың ретсіз, ашық - шашық жатқаны сүйекке таңба басқандай болды. Қайта сол олқылықты реттеп ел игілігіне жарайтын орынға айналдырып, ескерткіштерді қорғау бөліміне қаратып, рухани туризм саласын жандандырса, елден түскен қаржы кесене төңірегін жасыл желекке айналдырып, күмбезін бітіруге жұмсалса нұр үстіне нұр емеспе. Шу қаласының күре тамыры болған тас жолдың жиегіндегі осы бір келеңсіздікке бой алдырған іске деген жауапты жүрек түбінен іздеген күйі, елінің болашағы үшін шейіт болған, алпыс екі тамырында қазағым деп қаны аққан бабаларымыздың   рухына арнап құранымызды бағыштап, санамызда өскелең ұрпақ алдында жауапты кім береді?- деген ой мазалаған күйі Меркі қайдасын деп жүріп кеттік. Түнделетіп Жамбыл өңірінің тағы да бір сұлу мекеніне де келіп жеттік.

Сыпатай Дулаттағы ер кісі еді,

Ақылы дариядай көл кісі еді.

Жаныстан өтіп кеткен әзіз Төле,

Сеңкібай, Шойбекпенен тең кісі еді.

Құлмамбет, Таңсықпенен о да кетті,

Сүйегі соларменен бір кісі еді.

Батырбегім, топ болса айқайлайсың,

Үшеуінің қасында нең кісі еді!?-деп  Сүйінбай ақын жырға қосқан. Батыр бабамыз 1782-1868 жылдары өмір сүрген. Ұлы жүздің Дулат тайпасы Ботпай руынан тараған. Жастайынан қоқандықтардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен батыр, Қоқан хандығынан елін азат етуді басты мақсаты еткен. Жас болсада бас болып атқа мініп қол жиып, ұйымдастырушылық қабілетінін арқасында Қоқан ханының жасауылдарына шабуыл жасап, елден қуып,  ерлік істерімен ел құрметіне бөленген. Кенесары ханның оңтүстік өңіріне келіп Қоқан бекіністеріне шабуыл жасағанда бірлесе қол бастап оның сенімді серіктерінің бірі болған қас батыр. Сыпатай батыр бабамыздың кесенесіне кірмес бұрын ауылдың шет жағындағы бабамыздың өмірден өткен кездегі денесін жуған жуғысына барып құран бағыштап қайттық. Ол орынды арнайы темір қоршаумен қоршап аяқ асты етпей күтіп қарайтынын байқадық. Ашық егістікте орын тепкен жуғысының төңірегіне ел егін егіп диқаншылықпен айналысады екен. Сыпатай бабамыздың кесенесінің шырақшысы әрі ұрпағы Дәбірұлы Дархан ағамыздың үйіне тоқтап, бабамыздың өмірі жайлы әңгімелерді тыңдадық. Спатай батырдың кесенесінің  айналасына бау-бақша егіп күтімге алыпты. Кесенесіне соғып арнайы құранымызды бағыштап болған соң орталықтағы өлкетану музейінде болып батыр бабамыздың көзі тірісінде қолданған заттары мен қару-жарағын, киген киімдерін көріп тамашаладық. Музей қызметкерлері жылы шыраймен қарсы алып музей ішіндегі залдармен жеке-жеке таныстырып шықты. Әр залында кең көлемде өлкенің табиғаты мен құстарына, өсімдіктеріне жануарларына арнайы тақырыптық экспозициялар жасақталыпты. Музейдің сыртқы келбеті кішігірім болғанымен ішкі дүниесі ауқымды екен. Қордайдан басталып, Меркіден аяқталған бұл сапарымызда кең байтақ даладан бабалардың сайрап жатқан ат іздерін көргендей болдық. Өзен де, көл де, шетсіз-шексіз атырапта, жол жиегіндегі биік төбелер мен дөңдер де  батырлардың елесін еске түсіргендей  күйде қала берді. Шу өңірінде шыр етіп дүние есігін ашқан батыр бабаларды аналары алақанға салып тербетсе, енді жер ана мәңгілікке тербетуде.

 

 

Ерлан Сыздық-Тұран телеарнасы.

 



ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

17 Августа 2017 17:00

Инфотур город Туркестан

17 Августа 2017 17:40

Ясауи 850 жыл

17 Августа 2017 18:00

Живая книга

17 Августа 2017 18:20

Рыбалка в водоемах Казахстана

17 Августа 2017 18:30

Встречи в рыбацкой деревне

17 Августа 2017 19:10

Книга Абай. Оразалы Сабденов

17 Августа 2017 19:30

фильм о сайгаках

17 Августа 2017 20:00

2 международный турнир по футболу им.Каппарова

17 Августа 2017 20:30

Трофеи Авалона

17 Августа 2017 21:00

Ото всюду обо всем

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram