Өзағалардың рухани құндылықтарға деген көзқарасы.

16 Февраля 2015 0 2253
     Ел тарихын түгендеу, тарихи тұлғалардың өнегелі істерін жас ұрпақ жадына тағы бір таразылап жеткізу-парыз деп ойлаймын. Қазақтың атақты тұлғалары жатқан іргелес көрші елге ат басын бұрғандағы себебім - түркі халықтарына ортақ, кезінде даналығы мен іскерлігі, көрегендігі мен байсалдылығының арқасында дүйім жұртқа аты мәлім болған ата-бабалар жолын ой елегінен өткізу, оған жаңаша көз тастау болатын. Әрі-жергілікті туризмды өзбек ағайындар қалай дамытқандығын көру еді. «Сәуір болмай тәуір болмайды»-деген дана қазақ. Сол сәуірдің бел ортасында көрші елге ат басын бұрдық. Өзбек ағайындардың жеріне табан тіреуіміздің басты бір мақсаты ол дана баба -  қазақтың төбе биі ұлтымыздың ұлы перзенті, даңқты дипломат, қара қылды қақ жарар әділет иесі Төле би Әлібекұлының кесенесіне тағзым ету болатын. Сұрастыра жүріп, кесенеге де жеттік. Елінің панасы болған бабамыздың кесенесі Ташкент қаласының орталығында орналасқанмен көп қабатты үйлердің тасасында қалып қойыпты. Кесененің сыртқы қабырғасына өзбек тілінде «Қолдырғаш би-15.ғ.», ал кесене ішіндегі құлпытаста «Төле би 1663-1756.ж.ж»-деп қазақ тілінде жазылыпты. Шырақшы жігітке ғасыр айырмашылығы жайлы сұрақ қойғанымызда: « Ол, мен ештеңе айта алмаймын, оны басшылар біледі» –деген жауапты ғана естідік. Қайран баба, елдікті ту еткен ұлы елдің дана биі қандай құрметке де лайықсыңғой. Өзағалардың  астанасында, тасада қалған кесенесін көріп, көкейде сан түрлі сұрақ мазалаған күйде, құранымызды бағыштадық та, сапарымызды жалғастыра бердік. Есімі түркі жұртына мәшһүр болған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дәріс алған  «Көкілташ» медресесі де  осы қалада екен. Көнеден жеткен ғимарат болса да өзағалардың күтіміне орай жақсы сақталыпты. Ішіне ентелей кіргенімізде медресенің рухани самалы бейне бір өзге кезеңге жетелегендей әсер берді. Ұстаздарының айтқанын екі етпей қайталап оқып жатқан шәкірттердің дауысы құлағымызға келгендей болды. Бұл медреседен талай игі жақсылар білім алып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, өскелең ұрпақ алдында өшпес мұра қалдыра білді. Бұл өңірдегі сондай игі жақсының бірі Зеңгі баба болатын. Зеңгі бабаның да кесенесі Ташкент қаласынан 15 шақырым жердегі Зеңгі ауданында орналасыпты. Кесененің сулулығы мен ерекше  безендірілген  сәулет өнері таң қалдырды бізді, алғаш кесене аумағына қадам басқанымызда. Сырт көз сүйсінесің. Реставрация жүргізу жұмыстары жақсы жолға қойылғандығы көрініп тұр. Кесене аумағында Зеңгі бабаның зайыбы, аңыз желісімен Ясауидің сүйегін арулап көмген Қарабура әулиенің қызы Әнбар ана да жерленіпті. Түркі жұртына ортақ әзіз әулиелерге жақсы құрмет көрсетілген. Кесенелері көздің жауын алады, ауласы мұнтаздай таза, жасыл бақпен көмкерілген. Аңыздардың бірінде Ясауи бабамыз шәкірті Сүлеймен Бақырғаниға ақ батасын беріп: «Астыңдағы бураң қайда шөксе сол жерге қоныс теберсің, Алла жолында қызмет етерсің, елге пана боларсың»-депті. Мінген бурасы Қарабура әулиенің мекеніне келіп шөгіпті. Сонда әзіз Қарабура әулие Сүлеймен Бақырғаниды Ясауидің шәкірті екенін біліп, сүйікті қызы Әнбар анаға қосып, ақ батасын беріп, бөлек отау тігіпті. Зеңгі баба Сүлеймен Бақырғанидың шәкірті болыпты. Сүлеймен Бақырғани дүниеден өтерінде әйелі Анбар анаға «Мен дүние салған соң саған шәкіртім Зеңгі құда түсіп келеді, бетін қақпа тұрмысқа шығып ал депті». Сүлеймен Бақырғани айтқандай Анбар ана Зеңгінің ұсынысын қабыл алыпты. Зеңгі мен Анбар анадан кейін Айша бибі дүниеге келіпті дегенде аңыздар ел аузында айтылып қалады. Міне сол қос әулие  рухына да  құран бағыштаудың сәтін салды бұл сапарымызда. Таңғы бестер шамасында  Бұхара қайдасың деп жолға шықтық.   Түс ауа жауыннан кейінгі салқын ауаны құшырлана жұтып, Нұр атаға да жеттік. Ташкенттен шығып 450 шақырымды артқа тастаппыз. Бір байқағанымыз рухани орындарға барар жолымызда ардайым жауын сіркіреп тұрды. Алланың нұры себелеген сапар болмақ деп түйдік. Көз алдымызда бейне бір ертегі әлемі секілді ғимаратқа кез болдық. Нұр ата десе Нұр ата, зәулім сарайы, мешіт медресесі, күн сәулесімен шағылысқан мөлдір бұлағы, шүпірлеген балығы, тамашалап жүрген туристерде сан жоқ. Міне туризмы дамыған ел деп осыны айтарға. Кішігірім болсада арнайы жасақталған мұражайдың өзі адам жанын сол кезеңдерге сапарлатып барады. Нұр ата кешенінің жоғарғы жағында бір кездері Александр Македонскимен соғысқан қалашық қорғаны бар екен. Оныда көтеріліп тамашалап шықтық. Тап-таза тиянақтылығы таң қалдырды. Қалашықтан Әйтеке би кесенесіде көз алдымызда сағымдай көріне кетті. Аудан шетінде орын тепкен баба кесенесіне жеткенше  жүрек дүрсілі  кеудемізді жарып шығардай. Мен мұңдалаған баба кесенесін көріп төбеміз көкке жетті. «Биссмиллә» деп кесене ішіне кірдік. Әйтеке би  үш жүзге озық, алғыр және терең ақылымен, тапқыр да ділмәр шешендігімен, әділ және түзу билігі мен белгілі  қоғам қайраткері. Қазақ халқының қайғысына қайғырған, қуанышына қуанған, соғыста қолына қару алып алғы шепте жүрген ұйымдастырушы жауынгер. Әйтеке би билікті мақал-нақылмен мәнерлеп айтатын, дауды әділ шешіп кесек-кесек сөйлейтін әділетті білгір би болған. Сондықтан да ол аға би атанып, Кіші жүзді ұзақ жылдар басқарған. Тәуке ханның Төле би, Қазыбек би сияқты кеңесші бас билерінің бірі, «Жеті жарғы» заңын жасасқан азамат. Әйтеке би дана би ғана емес, ұлттық мақтанышымыз, жүз жылда бір туар арысы, артына өшпес із қалдырған  адал перзенті. Өз халқына, ел-жұртына адал еңбек еткен нар тұлға. Қазақ халқының іргелі ел болуын таң атысы, күн батысы ойлаған мұндай тұлғалар тарихымызда өте аз. Әйтеке би сонысымен де ұлы тұлға. Оның есімі қазақ даласының көгінде желбіреп тұрған аспан түсті туымыздай, әр қазаққа қымбат қасиетті есім. Сол қасиет иесінің рухына тағзым ету парызымыз деп есептедік Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл бабамызда осында жерленіпті. Қос дана бабаға тағзым етіп, ерлік пен елдіктің иесі болған қасиетті рухтарына құран бағыштадық. Рухани азық берер мұражайын араладық. Түн қараңғысы түспей Бұхараға да жетіп жығылдық. Шопыр жігіттің саяхатшылар алып келгенде жайғастыратын үйіне келіп түстік. Келушілерге жақсы жағдай жасағандықтан болар алдын-ала бөлмеге тапсырыс беріп қойған болатын. Бізден бөлек келіп жайғасып жатқан адамдарда сан жоқ. Таңды аттырып ескі қаланы аралауға шықтық. Құдды ертегіде айтылатын ескі  шаһарға табан тірегендей болдық. Көз алдымыздан сол ертегі кейпкерлері шыға келетіндей елестеттік. Бәрі артта қалып, орта ғасырға  қадам тастағандай әсерге бөлендік. Сәні мен сәулетті жарасқан, бірімен-бірі сұлулыққа таласқан ғимараттар келушілердің бәрін таң қалдырып, таңдай қақтыруда.  Ғимараттары онша бұзылмай сақталған тарихи қаланың өткенді танып, ұрпақтың ұлттық рухын көтеруде ерекше қызмет атқаратыны аңғарылды, шаһар көшелерін аралай жүргенімізде. Қала берді шет елдік туристерді тартудағы таптырмас мүмкіндік. Лек-легімен келіп автобустардан түсуде. Балаң кездегі «Шахерезаданың мың бір түнінде» жүргендеймін. Есегін жетелеген Қожансырдың дәл өзі алдымда тұр. Көз алдымда балалық шақтың бір сәті елестей кетті. Шіркін, қайталанбас сол бір кез. Ертегі көріп телеарнаға телмірген сәт.... Міне алдымызда үлкен қамал қорған Арк қаласы тұр. Жол жөнекей тамашалап, көше аралап жүргенімізде жергілікті тұрғындардың айтатындары осы қала. Көлемді аумақты алып жатқан қамалды «Эмираттың күйреуі» атты кино фильмде көргенім бар еді. Сол қаланы бетпе-бет көрудің де сәтін салды. Фрунзенің зеңбіректермен атқылаған қамалы. Қамал жартылай ашылып, зерттеліп, туристер тамашалайтындай етіпті. Бізді бір қуатқаны бұл қамалда бір кездері «Бейбарыс Сұлтан» көркем фильмі түсіріліпті. Кино түсірілімі барысындағы уақытқа тап келмей, Бейбарыс Сұлтанмен жүзбе жүз кездеспесекте, сол бабаларымыздың жүріп өткен іздері сайрап жатты алдымызда. Оған да тәуба дедік. Аюп пайғамбардың қадам жайы, Саманидттің кесенесі, тағысын тағылар. Жаяу жүргіншіге жақсы жағдай жасалғаны қуантты бізді, ғимараттарды аралау барысында. Аралай берсең таусылмайтындай көрінді. Бұқараның билеушілері мен олардың отырған ескі сарайы,  көне қала қорғандарын көрген сайын көп ой сананы сан жаққа жүгіртіп, тарих қатпарынан сусындауға жетелеп барады. Толассыз ағылған туристер, көненің көзін көріп тамсанған жұрт, қаймағы бұзылмаған тарихи орындар... «Шіркін, қазақ даласындағы Сарайшық, Сауран, Иқан, Яссы, Шауғар, Отырар, Сығанақ, Жанкент, Созақ, Құмкент, Әулиеата, Исфиджап қалаларыда дәл осылай сақталғанда, біздің де өзге жұртқа көрсетіп мақтанарымыз молынан болар еді!  Біздің өткенімізден өшпес із қалған өркениетіміздің тамырына балта шаппақ болғандардың аузына  қақпақ болар еді» деп қиялға берілдім. Қиялдаған күйде Самарқанға бет алдық.Самарқан жеріне табан тіреуді көптен күткен едім. Бұл ескі қалада қанша тарих әлі сыр бүгіп жатыр десеңізші. Іргелес жатқан көрші елмен тарихымызды табыстырар, тарихи оқиғалар мен сары парақтарда өшпес аты жазылған,  өзіндік орны бар тұлғалар жетіп артылады. Солардың бірі Әмір Темір көреген. Самарқанқа жете бас сұққан алғашқы шаңырағымыз ол Имам Әл Бұқари кесенесі болды. Архитектурасы мен өрнегі ерекше бұл сәулетті ғимараттар ескі замандағы шеберлердің тапжылмас ізденісі мен тынбай тырбынған енбегінің жемісі екені көрініп тұр. Әл Бұхари кесенесі шағын ғана, бірақ көздің жауын алады, аспан түстес ашық көкшіл кірпішпен көмкерілген, керемет сәулет туындысы. Аумағы ат шаптырым жерді алып тұр. Шырақшы ағамыз Әл Бұқаридың өнегелі өмірдерегімен таныстыруда. Дін жолына бүкіл ғұмырын сарп еткен саңлақ тұлғаның тәлімін алушылар мен артынан іздеп, құран бағыштаушыларда сан жоқ. Кешен ауласындағы неше жүз жылдық алып бес ағаштың исламның бес парызын меңзеп тұрғанын естіп, бұлағынан су ішіп, Жаратушының шеберлігіне көз жеткіздік. Әмір Темір көрегеннің кесенесіне бардық. Бұл бабамызда бізге бөтен емес. Кесенесі жақсы сақталыпты. 1405 жылы Қытайға бастаған әскери жорығы кезінде, қазақ даласындағы қазіргі кездегі Отырар ауданы Темір станциясында көз жұмған. Көктем күн нұрын шашып келгенде, әжелерімізден көп еститін «Самарқанның көктасы еріді» деген көңіл қуантар сөздің куәсі болған көк тастыда көрдік. Антрополог Герасимовтың соғыс кезіндегі зерттеу жұмыстары барысында түсірілген деректі фильмінен көргенім болмаса, Әмір Темір көреген кесенесіне де қадам басқаныма іштей қуандым. Күмбезі көкпен таласқан, керемет сәулет туындысы саналатын, төрт қақпалы Түркістан төріндегі қос қақпалы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі міне осы бабамыздың әмірімен бой түзеген. Біз үшін үлкен мақтаныш. Көңіл қуанышы біздің сапарымызды ары қарай жалғады. Кезінде Жалаңтөс бабамыз бұл қалаға билік еткен.  Өз заманында абыройы аспандаған Жалаңтөс Баһадүр салдырған зәулім сәулет ескерткіштерінде тамашалаудың зор мүмкіндігі туды. Қол астына қаншама түркі жұртын жинақтап, зор әскер құрып талай жаудың мысын басқан батыр бабамызғой бұл. Мықтылығының арқасында Жалаңтөс баһадүрге Үндістан, Хорезм, Тибет, Ресей т. б. елдерден сыйлықтар келіп тұрыпты. Жалаңтөс баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы бола білгендігінің куәсі болдық Самарқандағы 1620–1636 жылдары өзі салдырған «Ширдор» (Арыстан қақпа) ,  «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) медреселерін көргенде. Жалаңтөс баһадүр салдырған кешенді құрлыстар арқылы Самарқанның  салтанат орталығына айналғандығына көз жеткіздік. Сән-салтанаты жарасып тұрған нысандар кім-кімді болсада таңдай қақтырмай қоймасын сездік. Бабамыздан қалған керемет құндылықтар  әр-бір қазақтың аяғы жете бермес шекара сыртында қалғанына іш күйседе, аман-есен сақталып келер ұрпағына жеткеніне қуандық. Орбұлақ шайқасындағы Жәңгір ханның 600 сарбазына дер кезінде 20 мың әскерімен көмекке келіп, Батыр қонтайшының әскерін талқандаған. Сұрастыра жүріп, Самарқан-Бұқара жолының бойындағы өзі пір тұтатын Мақтым ағзам әулие бейітінің жанына жерленгенін білдік. Зор мәртебеге лайық тұлғаның мазарында кесене тұрмақ, аты-жөні жазылған тақтайша орнатылмағанын көріп налыдық. Шырақшы арнайы көрсетіп мына көктас сол бабамыздың басына қойылған белгісі демесе табу қиын. Құран бағыштау үшін арнайы іздеген адамның оңайшылықта таба алмайтынына көз жеткіздік. Қала салдырып, қасиетті дінімізді насихаттайтын медреселер тұрғызған баба рухының тым ескерусіз жатқанын көріп жүрегіміз қан жылады. Амал нешік. Қолдан келер шара жоқ. Адам баласы бұндай жерлерге ел, жер тарихын білу, өткен ғасырлардағы ғұламалар еңбегін зерделеу, қазіргі заманмен сабақтастыру, тәлім алу, ең бастысы рухани жағынан серпілу үшін барады. Алған әсерімізде шек жоқ. Туризм жағынан да көп сабақ алдық. Ұшаққа мініп шет ел аспай, көрші елдегі өзағалардан да сабақ алуға болатынын білдік. Аларымызда, үйренерімізде, ұқсастығымызда, үлгі тұтар дүниелерімізде жетерлік екеніне көз жеткіздік.  Қолда бардың қадірін бағалап отырған өзгелерге  мың алғыс.
Ерлан Сыздық-Тұран телеарнасы.


ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

20 Августа 2017 20:00

Ото всюду обо всем: парк Гуэль

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram