Аңызға айналған Сарайшық

11 Февраля 2015 0 2808
Аңызға айналған Сарайшық
Кеңестер Одағы тұсында ұлтымыз көп мәселеде ұтылысқа түсті. Тарихымызды түгендеу, өткенімізге баға беру ісі де бұл кезеңде көп қиындықты бастан өткерді. Әсіресе, «Қазақ халқына мәдениет 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін келді, көшпелі жұрт өркениеттен алыс болды» деген мағынадағы тарихымызға теріс ұғым санамызға күштеп сіңірілді. Дегенмен, аузын айға білеген алып империя да құрдымға кетіп, ұпайымызды түгендеудің мол мүмкіндіктері алдымыздан шықты. «Төңкерістен соң ғана төрге оздық» дейтін қасаң қағиданы түбірімен терістейтін тарихи мұралар терең зерттеле бастады. Жоғарыда айтылған көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздың өркениет мәселесінде қалыс қалмағанын айқындайтын тарихи құндылықтарымыздың бірі – ерте кезеңде өмір сүрген жұртымыздың қала мәдениетін де жоғары дәрежеде меңгергендігі болып табылады. Кеңестік саясат тарихты бүркемелеп, өз идеологиясына бейімдеп жазу ісіне баса назар аударып отырса да көне қалаларымыздың орны зерттелмей қалған жоқ. Сондай қатпарына мол мұраны бүгіп жатқан мекеннің бірегейі – Сарайшық қаласы. Сарайшық – Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым ұзақтықта орналасқан ортағасырлық қала. Жайық өзенінің оң жағалауында орын тепкен қала іргесі ХІ ғасырда қаланған.  Сарайшықтағы Аққу көлi мен алтын қайық, көмiлген мол қазына туралы халық аузында көптеп айтылатын аңыздар мен шаһардың сырлы тарихы бізді осынау құтты мекенге сапар шегуге итермеледі. Тарихымызды тануға деген ықылас пен қаланың орнын көзбен көруге деген ниет жолға бастады.  Үлкен мақсат көздеген бізді жүрдек пойыз Атырауға шалдықтырмай жеткізді. Теміржол бекетінде Иманалиев Ұлықпан ағамыз жолдасы Сүйінішқалиев Мұрат ағамен бірге күтіп алды. Есен-саулық сұрасқан соң, Нұрлан Сүйінішқалиев жүйрік көлігін тізгіндеп, ат басын Сарайшыққа бұрдық.   Халқымыздың қастерлі тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында көне қала орнынан 1999 жылы «Хан Ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені бой көтеріпті. Кешен құрамына мешіт, хандар кесенесі мен музей кіреді екен. Алыстан ат арылтып жеткен бізді кешен директоры Молдаш Бердімұратов ағамыз жылы қарсы алып, терең тарих қойнауына жетелей жөнелді. Көне қала орнын көзбен көрудегі әсеріміз директордың мазмұнды әңгімесімен астасып, дәуірінде өркениет ошағы болған шаһардың талайлы тағдыры мен бүгінгі тынысын тани түстік.  Сарайшық сөзінің шығу төркіні турасындағы дерекке үңілсек, Сарай-Жүк (Моңғол тілінде Сарай — сарай, ғимарат,  Жүк — кіші, яғни Кіші Сарай) сөзінен бастау алғанын көреміз.  Басқалай да түрлі нұсқада: Сарай-Джук, Сар-Учуг, Сарайчук, Сарайчик, Царские Учуги, Сарайшық атауларымен кездеседі.  Шаһар Алтын Орда дәуірінде Ұлы Жібек  Жолы бойындағы маңызы үлкен діни, саяси-экономикалық және мәдени орталық болған. Алтын Орда мен қазақ және ноғай хандары жерленген алғашқы пантеон саналатын қала ХІІІ-ХІV ғасырлар аралығында гүлденіп, өзінің салтанатты шағын бастан өткерді. Алтын Орданың ыдырауына сәйкес, қала әлсіреді де, соңынан Ноғай ордасының астанасы атанып, қайта дәуірлеуге қадам басты. Қасымхан тұсында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшық, 1580 жылы Дон, Еділ казактарының Жайық бойына дендей еніп, шапқыншылық жасауы нәтижесінде біржолата күйреді. Ресей патшалығы кейіннен қала орнын отаршылдық саясатын жүргізуде стратегиялық маңызы бар бекіністердің біріне айналдырды. Оның ғұмыры патшалық жүйе жойылғанша жалғасты. Көненің көзі, тарихтың алтын көмбесі саналатын Сарайшық орнына өткен ғасырда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіле бастады. Солардың ішіндегі ең нәтижелісі 1937 және 1950 жылдары қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан жүргізген зерттеулер. Ә.Х.Марғұлан атындағы археологиялық институттың Батыс Қазақстан экспедициясы 1966 жылдан бері мұнда тұрақты түрде қазба жұмыстарын жүргізген екен. Өткен ғасырдың соңында көне шаһар орнында құрамына ескерткіш-пантеон (Алтын Орда мен қазақ, ноғайлы хандары жерленген), мешіт пен мұражай енетін Сарайшық мемориалдық кешені бой көтеріпті. Кезінде қалада үлкен қыш күйдіру, темір қорыту цехтары мен ұстахана, ақша жасау шеберханалары болған. Тұрғындар егін, балық шаруашылығымен айналысқан. Жылдың жылы маусымында  Алтын Орда хандары Сарайшықта жанға сая тауып, Үстірт пен Жайық бойындағы тоғайда саят құратын болыпты. Арабтың белгілі саяхатшысы Ибн Батута шаһар туралы алғашқы жазба дерек қалдырған адам. Ол өзінің саяхаттарының бірінде 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып (Сарай-Берке – Алтын Орданың бас қаласы), Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болғандығы. Бұл турасында жиһанкез: «Біз Сарай қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарай-жук қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу» деп аталған үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейін екінші жүзбелі көпір осында екен»-деген жазба қалдырған.  Сарайшық қаласы Әз Жәнібек хан билік құрған кезеңде өзінің алтын дәуірін бастан кешірді. Шоқан Уәлиханов пен өзге де тарихшылардың мәлiметтерiнде Жәнiбек ханның өз жанына ел сыйлаған билердi, шешендер мен жырауларды, халық қамын ойлаған жақсылар мен жайсаңдарды топтастырып, ел басқару ісінде солармен кеңесіп отырғандығы баяндалады. Әз Жәнiбек керуеннен толассыз түсiп жатқан байлықты халықтың игiлiгiне, қаланы көркейтуге жұмсаған деседі. Талай ел өкiлдерiн тамсантып, артына аңыз қалдырған Аққу көлiн осы кезеңде салдырса керек. Секер көлін мекен еткен сансыз құс пен алтын қайықпен көлде жүзіп, алақанымен қанаттыларға жем беретін хан қызы бастаған арулардың қарекеті тыңдаған жанның көңілінде қала тарихын тани түсуге деген ықыласты қозғай түседі. Мұнымен қатар, ұзатылар қарсаңда қапыда қаза болған хан қызының мол қазынамен жұмбақ жағдайда жер қойнына тапсырылуы да бұл мекеннің құпия сырын арттырады.
Осы ретте аңызға айналған Аққу көлі туралы тарқата жазғанды жөн көріп отырмыз. Жәнібек бабамыздың үлкен ұйымдастырушы болғанын айдынды көлдің іргесі қаланып, ел игілігіне қызмет етуінен де бағамдай аламыз. Қазір электр қуатынсыз тірлігімізді елестету қиын. Ол кезеңде көлді суға толтырып, оны үнемі жаңартып отыру ісінің үлкен күш пен ептілікті, іскерлікті талап еткені айтпаса да түсінікті. Ақылы асқан хан мұның да амалын таба білсе керек. Айдыны шалқыған көл суына керуенмен жеткен қанттан көптеп төктiрiп, құс төресі – аққу мен қаз қондырып, олардың тұрақтап қалуының барлық амалын қолға алса керек. Осы амалдың бірі – ханның ақылымен аққу мүсiндi алтын қайықтың жасалуы. Хан қызы қайыққа құрбыларымен бірге жайғасып, құс атаулыға жем беріп, қанаттылардың қолға үйренуіне септесіпті. Арулардың алақанынан жем жеп, көлге үйренген сансыз құс қаланың салтанатын арттырыпты. Дәуірлеген Сарайшықтың Аққу көлi турасындағы жағымды жаңалық алысқа тарап, мұнда келушілердің қарасын көбейтеді. Жәнiбек хан мұнымен де тоқталмай, оңтүстiктiң жемiс ағаштарының нешеме түрін алдырып, көшеттерді көл жағалай отырғыздырады. Жас шыбықтар жерсiнгенше, шебер бағбандарды  жалдап, іске жұмылдырыпты. Ғажайып бақтың жемісін татып, кереметін көзiмен көрген италиялық саяхатшылардың бiрi: «Сол ғасырларда бау-бақша отаны саналған парсыларда кездеспеген жүзiм мен жемiс ағаштарының ерекше түрлерi  Сарайшықта өседi екен»-деп, тамсана жазба қалдырыпты. Сарайшыққа табан тіреген шетелдiк қонақтар Секер көлiнiң саясында, жайқалған жемiс ағаштарының жанға жайлы көлеңкесiнде дамылдап, уылжыған жемістерін өз қолдарымен үзiп жегендiктерiн елдерiне оралғанда жыр ғып айтып, шаһардың даңқын арттыра түскен. Осылайша бұл дүниенің Сарайшықтай жұмағын көзбен көріп, Аққу көлiнде сайрандау сол шақта бұдан құлақтанған әрбір саяхатшы мен саудагердiң  арманына айналыпты.  Аңыз шаһардың артына қалдырған және бір баянына зер салалық. Жәнiбек ханның көзінің ағы мен қарасындай болған жалғыз қызы, он бес жасқа аяқ басып, жасауы жабдықталып, ұзатылғалы отырғанда кенеттен көз жұмады. Аңызға сүйенсек, қыз жасауына сол кезгi бiр мемлекеттiң тұтас қазынасына парапар байлық жұмсалыпты деседi. Төтенше қаза есеңгіретсе де, хан аяулы қызының тәнін алтын табытқа салып, барлық жасауын қосып, алтын қайығымен бірге жер қойнына тапсыруға жарлық етсе керек. Әміршінің жанындағы ақыл қосар кеңесшілер бұл шешімнің салдарына үңіліпті. Мол қазынаға құныққан суық қолдылар қабірді тонап, қыз мәйітін қор етуі мүмкін екендігін алға тартып, ханды уәжге тоқтатыпты.  Енді әмірші қызын сырт көзден тасада жерлетуге көшіп, жеті кісіге жасырын жарлық беріпті. Хан әмірін алған жеті адам қараңғы түнде іске кірісіп, қызды байлықпен бірге жерге табыстаған соң, зират үстімен мыңдаған жылқыны әрлі берлі айдап өткен деседі. Осылайша қисапсыз қазынамен көмілген қыз бейіті белгісіз күйге келтіріліпті. Бұйрықты бұлжытпай орындаса ат басындай алтын аларға сенген жеті жерлеуші тірліктерін тындырған шақта бастарынан айырылып, сырды білетін ешкім қалмаса керек-ті. Тыңдаушыны тамсантатын аңыз осылайша түйінделеді. Мұражайға экскурсовод болып жұмысқа тұратын жастар осы Молдаш ағамыздан алар тәлімі мол екеніне көз жеткіздік, ағамыз өзі зулатын тұрып, мәнерлеп, майын тамызып Сарайшық жайлы экскурсия жүргізгенде. Өз кезегімде мол мағлұмат бергені үшін алғысымды жеткізіп, қимай қоштастым. Атыраудағы жолбасшым Ұлықпан ағаның үйінде қонақта болып, дәм таттым. Елуді еңсерген ағамыз жеке кәсіппен айналысады. Көргені мен түйгені мол, кең пейілді, аузын ашса жүрегі көрінетін аптал азамат. 2-ұл,1-қыз тәрбиелеп әкелік арманы орындалып жүр екен. Өмірден өткен досы Роман Бәйменовтың «Өзім туралы, дінім туралы, достарым туралы» аталатын кітабын естелік ретінде сыйға тартты. Роман ағамыз бұл кітабында Атырау өңірінің рухани орындары жайлы көптеген деректер келтіріпті. Ертесі күні жергілікті мешітке барып, айт намазын оқыдық. Сапарымыздың сәтті болуы – осы бір ұлық мерекемен тұспа-тұс келуінде болса керек-ті. Мұнан соң Атырау облыстық өлкетану музейінде болдым. Көп мәліметке қанығып, қажетті ақпараттар алдым. Жайық өзені іспетті жылжып ағып жатқан уақыт бізді Сарайшық дәуірлеген кезеңнен мейлінше алыстатып барады. Замана көші ілгерілеп, қоғам алмасқанымен бұлжымайтын қағида бар. Ол – тарихты тірілту, даңқты бабаларымыздың даланы дүбірлетіп дәуірлеген кезеңін жан-жақты зерттеу және осы құндылықтарды ұрпақ жадына сіңіру деп білеміз. Бүгінде Сарайшықтан қатпарлы тарих самалы есіп, ұрпаққа ұлағат айтып тұрғандай әсерде болдық. Кезеңінде өркениет ошағына айналған алып шаһар орнына сапар шегуден біз осыны ұғынып, осыны сезіндік.   (деректер «Хан Ордалы Сарайшық» мемориалдық кешенінен алынды)
 
Ерлан Сыздық-Тұран телеарнасы


ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

АКК. Степной Кубок – 2017

Алматинский карповый клуб (АКК) является одним из уважаемых среди карполовов обществ, которое активно проводит соревнования различных рангов и развивает данный вид рыболовства в Казахстане.

Қатонқарағай-4 бөлім.

Қайыңы мен қарағайы, қылқан жапырақтысы болмасын барлығыда табиғат ананың үйлесімімен астасып, Қатон қарағайдың табиғатын сұлуландырып жатыр. Жанымызды қинар қаланың қауырт тірлігінен ада, жан тыныштығын берер тылсым табиғат.

Комментарии

Войдите с помощью одного из сервисов, чтобы оставить комментарии

Комментариев нет!

Федерация спортивного рыболовства РК

Сейчас в эфире

26 Июня 2017 22:30

Мудрец из рода саков

26 Июня 2017 23:30

ГНПП : Алтын Эмель

Телепрограмма

Наши партнеры

Instagram